Руханият • 07 Ақпан, 2022

Сарғайған парақтардағы сағыныш

1009 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шерхан Мұртаза еліміздің төрт құбыласындағы халыққа таныс тұлға. Әйгілі қаламгердің қаламынан туған шығармаларды ел іздеп жүріп оқыды. Әрдайым шындықтың шырақшысы болған жазушыны құрмет тұтты. Тұлғаның жазып қалдырған тағдырлы туындылары ел жадында. Жалпы, Шерхан сынды алып қаламгердің қаламынан туған әрбір сөз, әрбір жол ұлт руханияты үшін асыл қазына. Көркем шығармаларынан бөлек, әдеби мақалалары, күнделіктері мен хаттары да замана жүгін көтеріп тұрған дүниелер. Жазушының әр жылдары жазған хаттары да бұл күнде Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында сақтаулы тұр.

Сарғайған парақтардағы сағыныш

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Аталған орталық қаламгер мұ­ра­ларын жинақтауда жүйелі жұ­мыс атқарып келеді. Орталық қыз­меткерлері өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап жазушының жазған хаттарын жинап, жүйелеу үстінде. «Биыл абыз тұлға Шерхан Мұртазаның туғанына – 90 жыл. Мерейлі датаны атап өтуге біздің бірден-бір қосар үлесіміз – халық жазушысының жеке архивтерін зерделеу, зерттеу және оны мем­лекеттік сақтауға өткізуге бар мүм­кіндікті жасау деп білдік. Сон­дық­тан да алғашқы қадамды өткен жы­лы бастап, жазушының қол­жаз­ба мұраларын жинастырдық. Жа­зушының жетпіске жуық күн­делігі, жүзден аса хаттары жә­не өзге де қолжазбалары Шерхан Мұр­таза атындағы «Руханият және тарих­тану» орталығына жеткізілді. Бү­гін­де аталған орталық қызметкерлері қайраткердің жеке архивтерін саралап, оларды электронды-сан­дық түрге түсіру жұмыстарын жүр­гізуде», дейді Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орта­лығының бөлім меңге­рушісі Назым Қожамарова. Бұл әрине, қазақ руханияты үшін үлкен олжа. Қаламгердің хаттарында да оның қолтаң­басы айқын көрініп тұр.

Бүгінде Шерхан Мұртазаға жаз­ған және Шерхан Мұртазаның өзі жазған жүз елуге жуық хат бар екен. Олардың негізгі бөлігі 1950-1955 жыл­­дары жазылған. Сонымен қатар жазушының архивінен 1957, 1959, 1960 және 1980 жылы жазыл­ған хаттарды да көруге болады. Бірақ бұл хаттар бұрын-соңды еш жерде жа­рия­ланбаған. Мәскеуде оқып, елден жырақта жүргенінде анасы Айшамен, сол кездегі Жамбыл қаласындағы Жам­­был атындағы мектепте ұстазы болған Хабибат Аубакировамен және доста­ры­мен жазысқан хаттары да бар. Жазушының өзі анасы Айшаның тағдыры туралы «Ай мен Айша» деген романында жазған. Елуінші жылы анасы Айшаға жазған хатынан анаға деген перзенттік құрмет, балалық сағыныш аңғарылады. «Москвадан сәлем! Апатайым! 29/ІХ-50 ж. Аман сау оқып жатырмын. Денсау­лығым жақсы, оқу да жақсы. Бүгін, 28 сентябрьде посылкелеріңізді алдым. Бәрі қалпында, бүлінбепті. Мені өте қуант­қан тері көкірекше болды. Бұл жақта қанша дегенмен күн ызғарлы ғой. Апа, енді посылкенің онша керегі жоқ. Өйткені сіздерге қиын соғарға ұқсайды, алыс жер болғандықтан көп ақша шығын болады. Өте керек болып қалған уақытта өзім хат саламын ғой. Ел­дің, өздеріңіздің әл-ахуалдарыңыз қалай, қысты қалай қарсы аласыздар? Мен дүниенің төрт бұрышынан түгел хат алып тұрамын, яғни атап айтқанда, алматылық Өсерден, т.б. жолдастардан, Латвиядағы Дүй­сенбайдан, Ленинградтағы жол­дастардан, Сібірде, Қытай шекарасында оқып жатқан жолдас­тардан, ал сіздерден өте сирек аламын, ол қалай? Ауылдың хал-жағдайын, жаңалығын айтып хат жазып беруге Қырекеңнің қолы тимей ме, хатты қанағаттандырып жазу Батыр­ханның, Құрмаштардың, т.б. қолынан келмей ме? Қаржаубайға ағалық рахметімді айтамын, аз күннің ішінде 2 хатын алдым. Әйнек апайдың, Шебелдің халдері қалай? Сәлем ай­тыңыздар. Қуанышбай қалай жү­ріп жатыр, Байбосын науқасынан айықты ма? Пашира апайға сәлем, Өсекең неге хат жазбайды? Басқа не айтамын әзірге жаңалығым жоқ. Сау болыңыздар! Апа мені уайым­дамаңыз, тек аманшылық тілеп, қайратыңызға мініп жүре беріңіз! Апа! Бұл жақта қазақша кітап жоқ, сондықтан сағындым. Үйде менің кітаптарым көп болушы еді ғой, атап айтқанда «Ботагөз» деген кітапты Машанға айтып, сол арқылы поштамен жіберулеріңізді өте сұранамын. Оған онша көп ақша да алмас. Ол посылкадай қиын емес. Жақсы қағаз­ға орап, 2-3 кітап салуға болады. Шерхан Мұр­тазаұлы». Жат жерде жүрген азаматтың көңіл толқынысы, анасына және ағайын-туыстарына, ауылдастарына деген сағынышы, арада жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де сарғайған сары парақтарда таңбаланып тұр. Сондай-ақ Шерхан Мұртазаның анасы Айшаға өлеңмен жазылған хаттары да сақталған.

Оқуым жақсы, денім сау,

Көңілім шат-шадыман.

Ішімдегі бір қаяу –

Ауылды, сені сағынам,

– дейді анасына жазған хатында. Жазу­шы әуелі қолына қалам алған жыл­да­ры өлең жазғаны белгілі. Қа­лам­­­гердің бір­қа­тар өлеңі күні бү­гінге дейін сақтал­ған. Бұл ретте жазушы мұраларын жинастырып жүрген Назым Қожамарова «Жа­­­зушының 1949-1950 жылдары сақ­тал­ған құжаттарында ғашықтық өлеңдерімен қатар, табиғатқа арна­ған лирикалық төрттаған жырла­ры, достық әзіл-әжуа өлеңдері және арнаулар да бар. Шерхан мен анасының жазысқан хаттарының арасында да өлең-хаттар кездеседі», дейді. Анасы Айша да ұлының өлеңмен жазған хаттарына өлеңмен жауап берген екен.

Жазыпсың хат

МГУ-дің заңғарынан,

Ақ сүтімді емізген құлыншағым.

Мақтаныш,

қуанышың аңғарылған,

Ел де, мен де қуанам, ұлым, соған.

МГУ-ім Алатаудай биік депсің,

Қадірлеп тасын сүйгін –

о да анаң.

Білімің де үйіңдей биіктесін,

Кеуек болсаң нәрсе жоқ

содан жаман,

деген Айша ананың жүрекжарды сөзі өрілген. Сондай-ақ жазушыға Жамбыл атындағы мектепте сабақ берген Хабибат Ау­бакированың 1951 жылы 3 мау­сым­да жазған жауап-хаты да бар екен. «Так же и я спешу тебе сообщить, мой дорогой, о том, какую радость меня постигла, когда я прочитала такое художественно красочно и политически правильно оформленное письмо от моего вчерашнего абутирента – казаха, владевшегося русской речью несвободно. Твое письмо обрадовало и удивило не только меня одну, а всех учителей, которые тебя учили…». Бұл уақытта Шерхан Мұртаза Мәскеудегі жоғары оқу орнының бірінші курсын аяқтаған кезі екен.

 Сақталған дүниелердің біраз бөлігі Шерхан Мұртазамен Жамбыл қаласында бір сыныпта оқыған Әбдуәлі, Төлен, Әбутәліп деген дос­­тарынан келген хаттар. Ол хат­тар­­дың кейбір жерлеріне жазушы түзету енгізіп, мәтінін түзеген бел­гілер салынған. Мұнысын да жақын достары жанашырлық ретінде ба­ға­­лаған. Болашақ атақты жазушы, білікті бас редактордың қол­таң­басы аңғарылады. «Ай мен Ай­ша» романында жазушы біраз уа­қыт Жамбыл қаласында мек­теп­те оқығанын, өздеріне атақ­ты академик Мұхаметжан Қара­таев­­тың сабақ бергенін, сыныптас дос­тары кейіннен белгілі қайрат­кер Қаратай Тұрысов, темір жол саласының ардагері Әбдуәлі Да­наев және өзге де азаматтар болға­нын жазады. Елуінші жылдары достары­мен жазысқан хаттарынан да жазушының ауыл-аймақ­тың амандығынан бастап, ел мен жер­дің, жалпы қоғамның әңгімесін қозғағанын көруге болады.

 Жамбыл облысы