Медицина • 08 Ақпан, 2022

Ауруды алғашқы сатысында анықтаған абзал

564 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі халықаралық одақ 4 ақпанды қатерлі ісікке қарсы күрес күні ретінде белгілеген бо­латын. Жуырда аталған күннің аясында елордадағы Ұлттық ғы­лыми онкология орталығының клиникалық-диагностикалық орта­лығында асқазан ісік алды аурулары мен асқазан обырын анық­тауға арналған Ашық есік күні өтті. Медицина қызмет­кер­лерінің мұндағы мақсаты – аталған ауруларды алғашқы саты­сында анықтау.

Ауруды алғашқы сатысында анықтаған абзал

Онколог ғалымдардың болжауы бойынша, обыр дертімен ауыратын адамдардың саны жыл сайын артуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда онкологияның жыл са­йын 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бүгінде диспансерлік есепте 190 мыңға жуық қазақстандық тұр. Елімізде ең көп таралған обыр түрлері – сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды қатерлі ісік аурулары. Обыр дерті бойынша статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылы ел аумағында тері обырын есептемегенде қатерлі ісіктердің алғаш рет анықталған 29 701 жаңа жағдайы тіркелді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 32 573 болған еді. Соның ішінде гастроэнтерологиялық аурулар бойынша абсолюттік саны: өңеш обыры – 1 082, асқазан обыры – 2 497, тоқ ішек обыры – 1 645, бауыр обыры – 861, ұйқы безі обыры – 1 143.

– Ұлттық ғылыми онкология орта­лығы жыл сайын жұмыс жос­па­рын әзірлейді. Ай сайын әртүрлі іс-шараларды өткізуге тырысамыз. Себебі онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдардың саны күн сайын артып келеді. Өкінішке қарай, науқастардың басым көпшілігі дәл осы дертке шалдыққанын біл­мейді. Ондай аурулар көп жағ­дайда осындай ашық есік күндері анықталып жатады. Ашық есік күнінің мақсаты – осы. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын ғана емес, Қазақстанның қай өңірінен болсын ат басын бұрған адамдарды қабылдауға дайынбыз. Онкологиялық аурулар алғашқы сатысында анықталған болса, емге де көнеді, – деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының Консультативті-диагностикалық ор­та­лығының меңгерушісі Индира Құсайынова.

пе

Оның айтуынша, Ашық есік күніне келуге ниет білдірушілер орталықтың онколог, гастроэнтеролог дәрігерлерінен тегін кеңес ала алады. Алайда келушілерге сапалы әрі уақтылы кеңес беру, эпидемияға қарсы шараларды сақтау мақсатында Ашық есік күнін өткізу кезінде бірқатар ереже де бекітілді. Мәселен, келушілер алдын ала Сall орталыққа хабарласып, дәрігерге жазылуы және өзінің қабылдау уақытында келуі қажет. Сонымен қатар еріп жүрушілердің, әсіресе балалардың санын азайтқан жөн. Бұған қоса ЖРВИ белгілері бар, температурасы жоғары адамдар Ұлттық ғылыми онкология орталығының клиникалық-диагностикалық орта­лы­ғына жіберілмейді. Алдын ала жазылған адамдар өзімен бірге жеке куәлігін және алдыңғы зерт­теулердің нәтижелерін (олар болған жағдайда) ала келуі қажет.

– Онколог дәрігер ретінде 18 жылға жуық тәжірибем бар. Бүгінгі Ашық есік күні асқазан ісік алды аурулары мен асқазан обырын анықтауға арналған соң, осы салаға қатысты мәселелері бар науқастарды қарап жатырмыз. Бірер сағатта бірнеше адамды қабылдап үлгердім. Олардың арасында 66 жастағы, 40 жастағы, 34 жастағы ересектер болды. Өкінішке қарай, қатерлі ісік жас таңдамайтын болып тұр. Келушілер әртүрлі шағымдарын айтып жатыр. Біреуінің жүрегі айниды, енді біреуінің оң жақ іш қуысы ауырады. Әр шағымды жете тексеріп, зерттеуге жіберіп, қа­тер­лі ісіктің бар немесе жоқ екенін анық­тай­мыз. Ультрадыбыс зерттеу, эн­дос­копиялық зерттеу жасалады. Ісік анықталған жағ­дай­да ісік бөлігі биопсияға алынады, – деді Кон­сультативті-диагностикалық орта­лығының онколог-дәрігері Гүлжан Мирманова.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы Қазақстанда онкохирургия, онкогематология, трансплантология және реаниматология сияқты бағыттар бойынша озық медициналық технологияларды енгізу саласында жетекші институт саналады. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының дәрігерлері елімізде алғашқылардың бірі болып бауыр, бүйрек және тері трансплантациясы бойынша опе­рациялар жүргізе бастады. Сонымен қатар Қазақстанда қатерлі қан аурулары бар ересектерге сүйек кемігін трансплантациялайтын жал­ғыз медициналық мекеме де осы онкологиялық орталық саналды. Жыл сайын осы Ұлттық ғы­лы­ми онкологиялық орталығында еліміздің барлық өңірі мен ТМД аумағынан 6 мыңнан аса науқас онкологиялық аурулардың барлық түрін қамтитын ем алады. Ғылыми орталық базасында стационарлық жағдайда 16 бағыт бойынша жыл сайын 5 200-ден аса операция жасалып, ісік процесінің әртүрлі локализациясында шағын инвазивті және орган сақтайтын операциялар кеңінен қолданылады.

– Жасым – 73-те. Зейнеткермін. Жетпістен асқан соң ауырмайтын жерің қалмайды екен. Несін жасырайын, он екі мүшемнің он бірі ауырады. Алайда бұл Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығына алғашқы рет келуім. Жаңа ғана онкологтың қабылдауында болдым. Енді гас­тро­энтерологты күтіп отырмын. 22 жылдан астам уақыт болды ауырып жүргеніме. Бәрі сол өт қабын алып тастайтын операциядан басталды ғой. Медицина тілінде операцияның бұл түрін холецистэктомия деп атайды. Кейін асқазаным ауыратын болды. Содан бері түрлі ем қабылдап жүрмін. Жыл сайын дәрігерлердің кеңесімен сауықтыру курортына барамын. Өз есебімнен, әрине. Қартайған, зейнетақыға ғана қарап отырған адам үшін ол да оңай емес екен. Мем­лекет тарапы тым болмағанда осындай шығындарымызды өтеп берсе дейміз ғой баяғы. Жастау кезімде жұмысым да, жолдасым да болған соң сауықтыру курортының шығыны қалтаға салмақ сала қой­майтын еді. Қазір енді ондай жағдай жоқ. Аңдығанымыз осы – Ашық есік күндері, – деді елорда тұрғыны Қорлан Сарбасова.