Бұл мақсат жолында аталған кәсіпорын «Даму» қорының қолдауына сүйенген. Компанияның коммерциялық директоры Климентий Мун басында кәсіпті ет өңдейтін шағын өндірістен бастағандарын еске алады. Осыдан үш жыл бұрын іске кіріскенде, кәсіпорынның бар болғаны 4 қызметкері болыпты. Ал бұл күнде компания кереге кеңітіп, ондағы жұмысшылар саны 30 адамнан асқан. Олар ай сайын орташалап айтқанда, 150 мың теңгеден айлық алады.
– Өндіріс үшін көшпенділер өмір сүрген бағзы заманнан бастап бүгінге дейін қалыптасқан ұлттық дәмді тағамдардың ең жақсы рецептілерін таңдадық, – дейді К.Мун.
Айта кететін бір жайт, компания союға арналған малды өзіне тиесілі фермаларда бағып, өсіреді. Мұның өзі шығарылатын өнімнің жоғары сапаға ие болуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Бұған қоса, компанияның барлық өнімдеріне Halal сертификаттары бар.
Бүгінде негізгі ережені сақтай отырып, ассортиментті көбейту мақсатында жұмыс істеп жатқан компания өндірісті кеңейту үшін «Даму» қорының қолдауымен «First Heartland Jysan Bank» АҚ арқылы қаржылану мүмкіндігіне ие болған. Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлеме жылдық 6%-ға дейін төмендетіліпті.
– Жетіспейтін кепіл сомасына «Даму» қоры өз кепілдігін берді. Соның нәтижесінде біз ұннан жасалған жартылай дайын өнімдер шығаратын цехты іске қоса алдық, – дейді К.Мун.
Ұн демекші, компанияның жылына 193 тоннаға дейін ұннан жасалған жартылай фабрикаттар шығаруға күші жетеді. Олардың ассортиментіне өнімнің 23 атауы кіреді. Бұдан бөлек, 40 тоннаға дейін ет деликатестері өндіріледі. Осы өнімдердің басым бөлігін кәсіпорын өзіне тиесілі үш сату бөлімі арқылы тұтынушыларға ұсынып жүр.
Компанияның алдағы жоспары да ауқымды. Ұжым басшылары еліміздің басқа өңірлерінде де өндіріс орындарын ашқысы келеді. Бұл үшін, әрине, мықты демеу керек. Мысалы, Қазақстанның даму банкінен қосымша қолдау болса, Қазақстан бойынша әрқайсысының кем дегенде 50 жұмысшысы бар шағын кәсіпорындар ашуға болады екен.
– Сонымен қатар біз өз өнімдерімізді таяу және алыс шетел нарықтарына шығаруға дайынбыз. Өйткені сұраныс бар. Мысалы, қарағандылықтар біздің өнімді шетелге шыққан кезде қонақсый ретінде жиі сатып алады. Бізде барлық құжаттар мен сертификаттар бар, – деп орынды мақтанады компанияның коммерциялық директоры К.Мун.
Бүгінде қанатын кеңге жайған «Qaz Delikates СҮ» компаниясы өз өнімдерін Қарағандыдағы супермаркеттерге, қарттар үйлеріне және облыстың басқа да сауда нүктелеріне жеткізеді. Сапалы қызметке, табиғи өнімге ет жегенді жақсы көретін ағайын дән риза.
Қарағанды облысы