Аймақтар • 08 Ақпан, 2022

Обал

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел шетіне екінді ауа ілік­кенбіз. Шағын ауылдың қақ ортасындағы наға­шым­­ның үйіне жетіп, тіз­гін тарттық. Қарекетсіз қарап отыра ал­майтын қа­ра шал мал жай­ғап жатыр екен. Көптен көрмеген соң, амандық-саулық сұ­расу ұзаққа со­зыл­ған. Көршісі де тіршілік қа­мында. Алыстан келген бізді жанары шалғанымен, сәлемдесуге мұршасы жоқ. Біреуі ер жетіп қалған, екіншісі мектеп оқушысы болар, екі бала қызыл сиырды қораға кіргізе алмай әуре. Ырсиған қа­быр­ғасын тірі күйінде сау­сақ­пен санарлықтай, ыңыр­шағы айналудың аз-ақ алдындағы қызыл сиыр шаш­паның ішінде бей-бе­рекет шашылып жатқан көк шөптің қырқындысына ұмтылады. Баланың жастауы бас жібінен тартып тұр. Ересектеуі таяғынан жасқанбаған соң қолына күрек ұстаған. Кәдімгі қы­ры қылыштай темір күрек. Қыр арқасына тиген сайын тілсіз мал қайқаң ете қалады. Сонда да қораға аяқ басатын емес, есіл-дерті шашпада.

Обал

– Қырымен ұр! – деп айғай салды көршісі баласына зекіп.

Әлде күнделікті сүтін сауып, қаймағын жеп отырған малға жаны ашымаған баланы кекеткені, бәлкім қырқынды шөпті жұмырына жұқ қыламын деп бас бермей тұрған сиырға ашуланды ма екен.

Көлденең көрініске көңіл ау­дарған соң нағашым­ның көршісінің жасы үлкен болса да жөнін айтуға бекіндік. Әуе­л­і балаларға. Жазықсыз малды жәбір­леудің жөн еместігін. Атам қазақта обал деген ұғым­ның бар екендігін тіліміз жет­кенше сипаттадық. Төрт тү­лік малға қатысты ырым-жырым қазақта жетіп артылады. Бұрынғы мал баққан қазақ соның барлығын қатаң сақтаған. Қазіргі күні қорама мал бітпейді дейтін кейбіреулер сол ырымды сақтамған соң зардабын тартып та жүрген шығар. Ал онсыз да аяғын әрең басып жүрген арық, көтерем сиырды сабау адамшылыққа жатпаса керек.

Екі бала теріс айналды. Бә­рі­нің бас терісі келіспей тұр­ған соң нағашымыздың үйіне бұрылғанбыз. Шаруа ыңғай­ланған соң қайтпақ болдық. Біздің ауыл бұрын кеңшардың орталығы еді. Әне, ана көшеде  екі қабатты мәдениет үйі болатын. Қазір жым-жылас. Әлдебіреу болар-болмас тиынға сатып алып, тік көтере бұзып әкетіпті. Мәдениет үйінің арғы жағы жаз бойы жайқалып тұратын бақ еді. Алма ағашы гүлдегенде төңіректің бәрі иран бағы тәрізді болып тұрушы еді ғой. Кейін ол бақтың да бағы тайды. Көп білетін біреу етті алма ағашының бұтағымен сүрлесең, дәмі тіл үйіріп тұрады дейтін пікір айтқан ғой. Тәтті етті жақсы көретін біздің ағайын дәл ауылдың іргесінде жайнап тұрған бақты түгел отаған. Сөйтіп, бір күн сүр ет жеймін деп аталарымыздың маңдай терімен өскен қаншама жеміс ағаштарын шауып тастады.

Сол кезде обал деп ешкім айт­пады ма екен? Алтай­дан Аты­рауға дейінгі иен даланы жайлап, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабаларымыз әр нәрсенің обалын ойлайтұғын.  Кешегі қазақтың көші тағдырдың соқтықпалы-соқпалы жолынан сүрінбей өтсе, сол дәстүрді сақтағанынан еді ғой.

 

Көкшетау