Білім • 08 Ақпан, 2022

Тіл білімінің алтын діңгегі

571 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңір мектептерінде Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасын зерттеуге бағытталған ғылыми жобалар қолға алынып, Алаш ардақтысының өмірі мен қайраткерлік қызметін, ғылыми еңбектері мен оқулықтарын зерделеу­ге арналған танымдық шаралар басталды. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, ұлт ұстазының 150 жылдығына орай, ашық сабақ, кездесу, дөңгелек үстел түрінде өтетін мазмұнды іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Тіл білімінің алтын діңгегі

Мұндай басқосудың бірі Қос­танай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясында өтті. «Тіл білімінің алтын діңгегі – Ахмет Байтұрсынұлы» деген тақырыпта ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысына белгілі ақын, ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік уни­верситетінің профессоры Се­рікбай Оспанұлы, Ахмет Бай­тұрсынұлының ұрпағы Ибраһим Ағытайұлы, ғалым, этногроф Қалқаман Жақып, «Ахмет ізі­мен» тарихи-танымдық экспе­дициясының мүшесі, журналист Назира Жәрімбетова қатысты.

Отырыс барысында өңір зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы туралы тың деректермен бөлісіп, биылғы мерейтойға қосатын үлес-қызметтері жөнінде әңгіме­леп берді. Мысалы, ғалым Серік­бай Оспанов таяуда ғана «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» деген кітабын жазып бітіріпті.

– Алматыдан хабарласып, Түркияда 500 данамен басып шығарамыз деген ұсыныс түсті. Ахаң туралы білгісі келетін адамға онда көп мәліметтер бар. Ахаң қай мектепте оқыды, оған кімдер сабақ берді, осы жағы зерттелмеген екен. Ма­ған Алматыдан, Торғайдың өзінен ел азаматтары хабарлас­ты. Қаншама күн іздеп, мақаланы бірнеше рет жазып шықтым. Осындай тың деректер бар. Ахаңның Ыбырайдан өзгешелігі – Ыбырай барлық адамзатты бірдей санады. Ахаңның ерекшелігі тек ұлтты, қазағын ғана ойлады. Былай ойлап отыр­­саңыздар, дұрыс. Не­ге? Ең әуелі, өзің ұлт болып қалып­тас­пай тұрып, елдің жағдайын қалай ойлайсың? Тағы бір жайт, Жыңғылды оқиғасы туралы да әркім әртүрлі жазып жүр. Орталық архивтен сол кез­дегі тергеушілердің жауап алған құжаттарын тауып алдым. Соның ішінде Ақтастың жазған арызы бар екен. Оны ешкім аңғарға қоймаған ба? Біз сол Тосын болысынанбыз деп келтіреді. Сол Тосын болысынан шығу туралы арыз берген екен. Қудалау содан басталыпты. Ахаңды әлем таныды. Ал Америка ғалымдары не деді? Америкадан алдырған кітабымда Ахаңның суреті берілген, астына «Жадидизм лидері» деп жазылған. Жәдид «жаңа жазу» деген мағынаны білдіреді. Орыстардың арасында өмір сүріп жатқан мұсылмандардың ойлап тапқан жазуы деген сөз, – деді С.Оспанов

Ғалымның айтуынша, біз ұлттық патриотизмді дамытамыз десек, «Қазақ» газетін қайта шығаруымыз керек, барлық мектепте «Ахметтану» сабағы жүруге тиіс.

Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы Ибраһим Ағытайұлы «Ахаң ізімен» деп аталатын экспедицияға аттанбақшы екен. Ақсақал дөңгелек үстел отыры­сына қатысушыларға осы сапар­­дың мәнісін түсіндіріп берді.

– Алғашқы экспедиция 1996 жылы Ахмет Бай­тұр­сын­­ұлы атындағы мем­лекет­тік уни­вер­ситетінің сол кез­дегі рек­торы Зұл­қарнай Алдам­жа­рұлының бас­тамасымен ұйым­дастырылды. Ол сапарды белгілі журналист, ахметтанушы Байтұрсын Ілияс бастап барды. Сол жолжазбаның қорытындысы ретінде 2000 жылы «Алтын бесік» атты танымдық кітабы жарық көрді. Айта кету керек, үлкен еңбек сол кезде Зұлқарнайдікі еді. Менің ұсынысым, сол университеттің бір бұрышында академикке ескерткіш тақта қойылса ар­тық болмас еді. Сол білім ор­да­сының алдында тұрған Алаш ар­дақ­тысының ескерткіші бүкіл Қазақ­станда жоқ. Университетке берілген Ахаң аты Зұлқарнай ағамыздың еңбегі болатын. Соны ұмытпауымыз керек. Соның жалғасы ретінде Нәзира Жәрімбетова екеуіміз экспедицияны жалғастырмақшымыз. «Ахмет ізімен» деп аталады. Мақсатымыз Ахаңның табаны тиген жерлердің барлығын аралап, бейнетаспаға түсіріп жазып шығу. Тарихи-танымдық материал жинау. Орынбор қаласынан Архангелге, Әзербайжанның астанасы Бакуге, Қытайдың Шәуешегіне дейін бару. Осының нәтижесінде жаңа Серікбай айтқан деректер расталады деп есептеймін. Облыстық әкімдік қаржы бөліп отыр. Наурыз айының ортасында сапарымызды бастап кетеміз деп отырмыз, – деді Ибраһим Ағытайұлы.

Отырыс барысында бе­л­гі­лі журналист Нәзира Жәрім­бетова Ахаңның өмір­лік сері­гі Бәдрисафа Мұхаммед­салық­қызының тағдыры туралы ой қозғады.

– Ұлт ұстазы қанша жерден зобалаң көрсе де, сол ауырт­палықтың барлығын Бәдрисафа анамыз бірге көтерісті. Жалпы, Алаш арыстарымен қоса, олар­дың әйелдері де нақақ зардап шекті. Бәдрисафа туралы алғашқы мақалама қа­тыс­ты ақпаратты Ибрагим аға­мыз­дан алдым. Содан бері ізде­ніп жазып келеміз. Бәдри­са­фа шешеміздің тағдыры өте ауыр. Қазір айта берсек, ұлы адамдардың өзінің өмірінде шешілмеген жұмбағы болады. Былай қарасаң, суықта жүрді, ұрпақ та қалмады. Бәдрисафа шешеміздің қалай өлгені де белгісіз. Ұлты да белгісіз. Оны орыс деп келдік. Кейбір деректерде татар деп келтіреді. 1989 жылы халық жауының әйелі ретінде ақталғанда, прокуратурада сақталған деректерде татар деп келтірілген. Ол да анықталатын болады. Анамыз несімен қымбат? Қиын-қыстау кезінде Ахаңның қасынан табылды. Өмірінің аяғына дейін су ішсе – су, у ішсе – у, қан жұтса – қан жұтты, бірге болды, – деді Нәзира Жәрімбетова.

Жиын соңында мектеп ұжы­мы ұйымдастырған «Ахмет мұрасы – рухани қазына» атты көрменің тұсаукесер рәсімі өтті.

 

Қостанай облысы