Венесуэладағы билікке қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. Кеше сондай шараға қатысушылардың бірі, студент жігіт қаза тапты. Жалпы, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға көңілі толмайтындардың наразылықтары басталған екі айға таяу уақыт ішінде елде 30 адамның қазаға ұшырағаны белгілі болып отыр.
Малайзияның Қытайға ұшып шығып, жолай жоғалып кеткен Боинг-777-200 жолаушылар ұшағы екі аптаға жуық уақыттан бері 29 елдің қатысуымен іздестіріліп жатыр. Соңғы мәліметке сүйенсек, Үнді мұхитының оңтүстігінен бірнеше бөліктен тұратын, ең үлкені 24 метрді құрайтын ұшаққа ұқсас объектілер байқалған. Бірақ оларды нақты ұшақ сынықтары деуге әлі ертерек сияқты.
Таиланд полициясы екі ресейлік азамат – Яна Стрижеус пен Алексей Слабинскийді ұрлап кетті деп күдік келтірілген екі адамға іздеу жариялады. Ресейліктер Пхукетке Владивостоктан келген көрінеді. Ұрланғаннан кейін Я.Стрижеус туысқандарына хабарласып, кепілге алғандар 100 мың доллар төлем талап етіп отырғандарын жеткізген. Содан бері ұрланғандардан хабар-ошар жоқ екен.
Канадада жергілікті үндістер Онтарио провинциясындағы теміржолды жауып тастаған. Бұл желі провинцияны ел астанасы Оттавамен және басқа да ірі қалалармен жалғастырады. Наразылық акциясы 10 сағатқа созылған. Кейін пойыздар қозғалысы қайта жалғасқан. Теміржол жабық кезде билік басындағылар қосымша автобус маршруттарын ашқан. Ал наразылық білдірушілер биліктен үндіс әйелдерін өлтіру ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуді талап еткен. Канадада 34 млн. халық тұрса, оның 732 мыңы үндістер болып табылады.
Жапонияның атақты «Тойота» компаниясы АҚШ тарапының талап етуімен 1,2 млрд. доллар айып төлейтін болды. Бұған Америкаға сатылған автокөліктердің басқару жүйесіндегі ақау себеп екен. Көптеген шағымдарға қарамастан, компания осы күнге дейін көліктерде ақау жоқ деп жалтарып келсе керек. Бірақ ақырында компания көліктердегі ақауды мойындауға мәжбүр болып, айып төлеуге келіскен және бұл «Тойотаның» рекордты айыбы болып табылады.
Грекия әскери-теңіз күштері жақында үш Туре 214 сүңгуір қайықтарымен толықпақ. Бұл туралы осы елдің қорғаныс министрі Деметриос Аврамопулос жария етті. Аталған сүңгуір қайықтарды Грекия флотының құрамына алу 2015 жылға жоспарланыпты. Корабльдерді Грекия қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша жаңғыртуға 75,5 млн. еуро жұмсалмақ көрінеді.
Ақпарат агенттіктері материалдары негізінде әзірленді.