Экономика • 09 Ақпан, 2022

Сәнді көліктің салығы да көп

977 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сән-салтанат салығын енгізу мәселесінің көтерілгеніне он жылдан асты. Сонау 2012 жылдың өзінде мәжілісмендер бұл тақырыпты арагідік көтерген болатын. Әріге бармай-ақ берідегі депутаттардың ұсынысынан бастай берейік. Былтыр жыл соңында Мұрат Бақтиярұлы сән-салтанат салығын енгізейік, көп елде бұл тәжірибе бар деп дәйек келтірген. Оған Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев бас изеп, құптаған.

Сәнді көліктің салығы да көп

«2019 жылы Президент өз Жол­дауында «Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамда мүліктік жіктелу үдерісі сақ­талып отыр. Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек», деген болатын. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеде көптеген елде бар, сән-салтанатқа арнайы салық енгізу өте өзекті мәселе деп есептеймін», деген еді депутат.

Оның айтуынша, салық жылжымайтын мүліктен бастап ұшатын ұшақ, жүзетін кемеге де салынғаны жөн. Ішінде жүйткитін көліктер де бар. Жақында мұны Қаржы министрлігі де растады. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салық Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini және Maserati секілді люкстік марка­лардың қымбат моделдеріне салынады. Нақтылап айтқанда, құнына байланысты олар үшін транспорт салығына арнайы жоғары коэффициенттер енгізілуі мүмкін. Әрине, қымбат салыққа ұрынатын маркалар тізімі мұнымен бітпейді. Бірақ тағы қандай автокөліктердің кіретіні де белгісіз. Белгілісі, тізім сөзсіз толығады.

Сән-салтанат салығы өзге елдерде бар үрдіс. Мәселен, Ресей Феде­ра­циясы 2014 жылдан бері қымбат автокөліктерге салық сала бастады. Қымбат ставкалар құны 3 млн рубльден (17 млн теңге) жоғары тұра­тын барлық автокөлікке салынады.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов біз онсыз да жалпыға бірдей декларациялау бастамасын енгіздік, азаматтардың табысын біліп, барлық мүлік пен кіріске салық саламыз дейді.

«Бұл біреуге сән-салтанат болса, біреуге ақылға қонымды көлем. Оны осыдан кейін түсінетін боламыз. Декларацияда көрсетілмейінше, сәнді тауарлар тізімі жасалған жоқ. Бұл мәселеге мүлік туралы барлық ақпаратты алып, мұқият қарауымыз керек. Жалпыға бірдей декларациялауды 2025 жылға қарай аяқтау жос­парланып отыр. Содан кейін салық базасын талдауға және салық салу тәсіл­деріне кірісеміз», дейді ол.

Ведомство өкілінің сақтана сөй­леуін түсінуге болады. Табысы 100 мың тең­геден әрең асатын, сықыр­ла­ған ескі көлігі бар жанбағар үшін 6-7 млн тең­генің темір тұлпарын мін­ген аза­­мат­тың сән-салтанат салы­ғын тө­леуі өте-мөте заңды. Ал ол пақы­ры­ңыз 6-7 млн теңгенің көлігін несиеге алған болса ше? Онда мынау салы­ғы­ңыз әділетсіз боп шыға келмей ме?! Қыс­­қасы, бұл әлі де жетіл­діре түсуді қа­­жет ететін идея. Бірақ түбегейлі жаны жоқ та емес. Әсілі, қажет заң. Қо­ғам­ды жікке бөлу үшін емес. Бір ғана кри­терий салтанат құрса дейсің: «Та­бы­сыңа қарай тапқаныңмен бөліс» деген ұстаным адал, әділ, лайықты орындалса.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20