Пікір • 10 Қаңтар, 2022

Келеңсіз жағдай бәрімізге сын

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы күннің оқиғалары – қарнымыздың ашқандығы мен қадіріміздің қашқандығының көрінісі. Сонымен бірге осы жағдайды пайдаланған тобырдың күш алуы деп баға беремін. Философия ғылымында қоғамның екі түрлі даму бағыты болады делінеді. Біріншісі, функционалды даму бағыты, екіншісі, конфликтологиялық даму жолы.

Келеңсіз жағдай бәрімізге сын

Функционализм – мемлекеттік органдардың бір-бірімен үйлесімді түрде дамуы, қоғам тұрақтылығының сақталуы. Ал конфликтология жолында мемлекеттің дамуы əртүрлі даужанжалдармен байланысты болады. Мемлекетіміз 30 жыл бойы татулық, келісім бағытында дамып келді. Біз, тіпті елімізде осындай дау-дамай болады деп ойламадық. Бірақ философтардың айтуынша, осы мамыражай жағдайда, тыныштықта көзге көрінбейтін кемшіліктер жинала келіп бір сəтте бұрқ ете түседі. Еліміз тыныштықта дамиды деген мемлекеттер мұндай жағдайға əдетте дайын болмайды. Міне, бізден де күтпеген жерден дау шықты. Мұның арғы себебі мемлекетіміздің өз ішінде жатыр. Мəселен, Кеңес өкіметінің тұсында бүкіл пəлені америкалық империализмнен көрдік. Бірақ Кеңес өкіметінің ыдырауына оның ішкі қайшылықтары себеп болды.

Соңғы күннің оқиғаларын сараптай келе байқағаным, еліміздегі осы жанжалдың түпкі себебін сырттан көргісі келетіндер де, иə болмаса, бір топ адамдардан көргісі келетіндер де бар. Рас, бұл факторлар бар. Бірақ бұл негізгі мəселе емес. Елімізде туған жанжалдардың түпкі себебі халықтың тұрмыс-жағдайының төмендеуі мен əлеуметтік саясатты ақсатып алғанымызда.

Соңғы жылдары белгілі бір бағдарламаларға мəн беріп, елімізді жарқын болашақ күтіп тұрғандай халықты сендіріп келдік. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдары жақсы-жаман келер, қарнымызды ашқанымызды ойламайық, ұлтымыздың қадірін асырайық деп біраз шыдадық. 1990 жылдардың аяғында елдің жағдайы қазіргіден де төмен болды. Сонда да халқымыз шыдады, көшеге шықпады, даурықпады. Себебі халықта сенім болды. Рас, Қазақстан халқы тəуелсіздіктің жемісін көрді, жағдайымыз дұрысталды. Дегенмен табиғи байлығы зор елде тұрмысымыз неге төмен болады деген сұрақ көбейді. Ақпараттық заманда қазақстандықтар өздерінің жағдайын басқа елдермен салыстырады. Салыстыра келе неше түрлі пікір туады. Бірте-бірте халықтың ішінде өкпе, билікке деген сын жиналды. Кешегі бұрқ еткен жанжал халықтың сыртқа шыққан өкпе-назы десе болады. Халықты үнемі идеялармен асырай беруге болмайды. Мəселен, озық 50 мемлекеттің қатарына қосыламыз дедік, ал қосылайық. Бірақ баспасөзде алдыңғы елулікке енген мемлекеттер табысқа қандай жолдармен жетті деген мəселе айтылмады. Одан бұрын 30 елдің қатарына қосыламыз деген ұран болды. Сол кезде 30 ел туралы əдебиеттен көп іздедім. Айта кету керек, осы 30 елдің 27-сі – Еуропа, ал 3-еуі – Азия елдері. Соның бірі – Малайзия мемлекеті. Осы Малайзияның қатарына қалай жетеміз деген сұрақ ашық қойылған жоқ. Халыққа ашық əңгіме айтылмады. Ұрандатып жүргенімізде əлеуметтік жағдайымыз біраз əлсіреді.

Кешегі Үкімет жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қордаланған экономикалық-əлеуметтік мəселелер туралы ашып айтты. Мəселе тек газда ғана емес екен, басқа да күрмеуі көп шаруалар жеткілікті. Осы мəселелерді дереу шешу керек.

Əлемдегі аумағы жөнінен тоғызыншы елміз. Ал халқымыздың тұрмыс жағдайы, жолдарымыздың сапасы, мектептердің жағдайы, тіпті балаларымыздың білім деңгейі қандай? Біз осы мəселелерге сыни көзбен қарадық па? Білім саласында жұмыс істеген соң Қазақстандағы білім деңгейін басқа елдермен салыстырып қараймын. Біз қазір əлемде білім саласы бойынша 30 елді былай қойғанда, 50 елдің де қатарында емеспіз, 57-ші орындамыз. Бұл – үлкен мəселе. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыни көзқарастарға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.

Екінші мəселе – еліміздегі демократия, сөз бостандығы, сайлау жөнінде. Өткен жылдың басында партиялық тізім мен Парламент, Мəслихаттар сайлауы өтті. Ал партиялық тізімдегі адамдар, яғни партия мүшелері халқымыздың 10-11 пайызы ғана. Қалған 90 пайызға жуық азаматтарымыз партияда жоқ. Парламентке, Мəслихаттарға депутаттар партиялық тізіммен сайланатын болғандықтан көптеген азамат сайлауға қатыса алмады. Содан іштей өкпе-реніш туындады. Бұл да халықтың намысына тиетін жағдай болды. Біз алдағы уақытта осы мəселелерді орнына қоюға тиіспіз.

Халықтың өкпе-ренішіне келгенде тағы бір мысал айтайын. Жақында халықпен ақылдаспай Атом электр стансасын салатын болдық, оны жариялап та қойдық, Атом стансасы Балқашта салынады дедік. Оны Ресей мамандары салады дегенді естідік. Халық АЭС-ті Ресей салатын болса, онда Ресейге тəуелді боламыз деген қорқынышты ойға тірелді. Тəуелді болатын себебіміз, елімізде АЭСте жұмыс істейтін мамандар жоқ, Ресей мамандары келеді. Бұл – бір. Осыдан келе біз неге жан-жағымызға қарамаймыз деген ой келеді. АЭС салуға бекінген Болгария жеме-жемге келгенде бас тартты, Германия 3 АЭС-тен бас тартып жатыр. Біз АЭС-тан қуатты тегін аламыз деп халыққа айтып жатырмыз ғой, бірақ бұл қалай тегін болады, Франция АЭС-қа субсидия беріп отырмыз деп мəлімдеген жоқ па?! Неге біз осы мəселелерді зерделемейміз? Неге қыруар қаржыны халықтың аузынан жырып жұмсауға əуеспіз? Ел бюджеті Қазақстанның əрбір тұрғынының қаржысынан құралады. Біздің кейбір экономистер АЭС салар болсақ, қанша қарызға бататынымызды есептеп қойған. Меніңше, бұл ақылға сыймайтын нəрсе.

Қараңызшы, 2017 жылы ЭКСПО-ны өткіздік. Оның нəтижесінде біз «жасыл» технологиямен дамитын болдық. Енді келіп, жоқ, «жасыл» технология емес, АЭС саламыз дейміз, бұл жерде қисын қайда?! Халыққа басқаша айттық, енді іс жүзінде тағыда басқаша болып жатыр. ЭКСПО-ны өткізу бізге қанша шығынға шықты, оның да қорытындысын халыққа жариялаған жоқпыз. Алдағы уақытта кез келген мəселеде елдік шаруаны халықпен ақылдасып шешу керек. Ақылдаспағанның кесірінен кешегі жанжалға ұрындық. Өкінішке қарай, адал ниетпен көшеге шыққан, қарны ашып, қадірі қашқан азаматтарымыздың алдын арам ниетті қарақшылар тобыры иеленіп кетті. Сұмдығы сол, елімізде тəртіп орната алмайтындай жағдайға келдік. Əскеріміз де əлсіз екен. Бұл өте ойланатын тұсымыз. Кейде осындай келеңсіз жағдайлар шын жағдайымызды көрсетеді, осал тұстарымызды ашып берді. Елімізде халыққа сөзі өтетін партия жоқ екен. Беделді тұлғаларымыз да көрінбей қалды. Дегенмен біздің қазақ қандай қиындық болсын, барлығына сабырмен, төзіммен қараған халық қой. Мына дүниеде атам заманнан атом заманына дейін мемлекеттің бəрі бай болмаған, дүние алмакезек дегендей кедей бай да болған, бай кедейге айналған. Əділдік болған жерде кедей өз еңбегімен байға айналады, бай кедейге айнала береді. Қоғамның əлеуметтік баспалдағында біреулер көтеріліп, енді біреулері төменге сырғиды. Біз де осы жағдайға бірте-бірте келе жатқан сияқтымыз.

Қазіргі кезде елімізге тыныштық, азаматтарға сабырлық керек деп ойлаймын. Қазақстанның əрбір азаматы еліміздің бүгінгі жағдайын терең зерделеп, ертеңіне сауатты жоспарлар құрғаны жөн. Халқымыздың өмірі еш заманда да оңай болмады. Болмайды да. Сондықтан да дəл осы кезде көшеде жүрген жастарымыздың жүрісіне тыйым салуды ата-аналары, ағалары, жақын туыстары ойластырғаны жөн.

Тағы бір айта кететінім, қазіргі уақытта елімізде ресми дерек бойынша 500 мыңға жуық жұмыссыз бар. Бұл жерде уақытша табысынан айырылғандарды, сырттан келіп жұмыс істеп жатқан мигранттарды қоспай отырмын. Бұл азаматтардың да өкпе-назы көп. Психологиялық тұрғыдан əлеуметтік өш алу сипаты басым деп айтуға болады. Егер де əр азаматтың дені сау, тұрақты табысы болса, баспанасы, көлігі болса, балалары білім алып жатса, онда ол көшеге шықпайды. Бұл анық нəрсе. Сөзімді түйін дей келе, халық тың əлеуметтік мəселелерін шешу ел азаматтарының бірінші кезектегі мəселесіне айналуы қажет деп ойлаймын.

 

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

 

АҚТӨБЕ