Қазақстан • 09 Ақпан, 2022

«Низамиден Науаиға дейін: дәуірлер сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институты, Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті, Ташкент мемлекеттік Шығыстану университеті, Шығыс Ұлттық музейі бірлесіп «Низамиден Науаиға дейін: дәуірлер сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Низамиден Науаиға дейін: дәуірлер сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

Сонымен қатар, басқосудың ұйымдастырылуына Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі, Өзбекстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі, Гейдар Алиев қорының Ресейдегі өкілдігі қолдау білдірді.

Айта кету керек, онлайн форматта өткен алқалы жиын Низами Гәнжауидің 880 жылдығы мен Әлішер Науаидың 580 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Келелі басқосуға Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдерінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, танымал шығыстанушы ғалымдар мен түркологтар және елшілер мен дипломаттар қатысты.

Жиынды М.В. Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институты Орталық Азия және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі, профессор Жібек Сыздықова жүргізіп отырды.

Тағылымды іс-шараның ашылу салтанатына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институтының директоры Алексей Маслов, Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Полад Булбул Оглы, Өзбекстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ботиржон Асадов, Еуразия халықтары ассамблеясы бас хатшысының бірінші орынбасары – бас хатшылық меңгерушісі, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңестің мүшесі, Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова,  Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің ректоры Гүлчехра Рихсиева қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Өз кезегінде Академия басшысы Д.Қыдырәлі поэзия, әдебиет және ғылым халықтарды жақындастыратынын атап өтті.

«Низами Гәнжауи мен Әлішер Науаидің әлемдік мәдениеттің ұлы мұрасы саналатын жауһар жырлары тек Шығыстың ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес рухани байлығы. Жалпы, XII-XVI ғасырлар Шығыс әдебиетінде Қайта өрлеу дәуірі деп аталады және бұған Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи сынды тұлғалардың сіңірген еңбегі зор», - деді Д. Қыдырәлі.

Сонымен қатар, Академия президенті Низамиден кейін Әлішер Науаи бастаған жүздеген ақын-жазушылар оның шығармашылығынан тамыр тартып, озық идеяларын дамытқандығын атап өтті. Мәселен, қазақ ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Низами мен Науаиды өзінің ұстазы санап, пір тұтқан.

«Шығыс пен Батысқа ортақ Низами мен Науаи шығармаларындағы рухани құндылықтар қазіргі Еуразия кеңістігіндегі ғылыми-гуманитарлық интеграция жағдайында да өзекті», - деді Д. Қыдырәлі.

Сонымен қатар, ол Низами және Науаи сынды ұлы ойшылдардың шығармашылығын зерттеу және насихаттау Академияның басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, ұйымның «Әлішер Науаи» Алтын медалін тағайындағанын мәлімдеді.

Сөзінің соңында Д.Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясының Низами мен Науаи шығармашылығына арналған жұмыстары туралы баяндап, конференцияға қатысушы ғылыми ұйымдармен табысты ынтымақтастығына тілек білдірді.

Жиынның пленарлық отырысында «Рукописи Алишера Навои в собраниях Казани» (Қазан жинақтарындағы Әлішер Науаи қолжазбалары) атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Бұдан кейін Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және т.б. шет елдердің ғалымдары қатысқан жиын төрт тақырып бойынша арнайы секциялық отырыстарға жалғасты. Секциялық отырыста Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Низами Гәнжауи атындағы Әдебиет институтының бас директор Иса Габиббейли,  Шығыс мемлекеттік мұражайы директорының орынбасары Илья Зайцев, А.М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының ғылыми жетекшісі Александр Куделин,  Әлішер Науаи халықаралық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі  Улугбек Сатторов және тағы да басқа белгілі ғалымдар баяндама жасады.

Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы былтыр Әлішер Науаи мен Низами Гәнжауи жылын жариялап, ұлы ақындардың еңбектерін басып шығарып, тұсаукесер рәсімін өткізген болатын.