Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жүзеге асырылған жобалардың басым бөлігі тамақ өнеркәсібіне тиесілі – 41 жоба. Құрылыс индустриясында 26 жоба қатарға қосылса, машина жасау саласында 18 жоба жүзеге асырылған. Жобалардың 16-сы металлургияға, 10-ы химия өнеркәсібіне тиесілі. Жеңіл өнеркәсіпте 8 жоба іске қосылса, ағаш өңдеу саласында 3 жоба пайдалануға берілді. Сондай-ақ мұнай өңдеу саласында 3 жоба, фармацевтикада 1 жоба, энергетикада 12 жоба қатарға қосылды. 6 жоба өзге салалардың үлесінде.
Жобалардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан.
Іске қосылған жобалардың ішіндегі ең ірісі – Қарағанды облысындағы «Жәйрем КБК» АҚ байыту фабрикасының құрылысы және жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғырту жобасы. Заманауи полиметалл байыту фабрикасының қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға жуық кенді өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда заманауи технологиялар қолданылады. Бұл дегеніміз – жаңа карьер, цифрландырудың жоғары дәрежесі бар толық автоматтандырылған фабрика және инновациялық жабдықтар. 400-ге жуық қосымша жұмыс орны ашылды. Кен байыту комбинаты Қазақстандағы мырыш және қорғасын концентраттарының ең ірі өндірушісі болады деп күтілуде.
Ірі жобалардың қатарына KAZ Minerals Aktogay ЖШС-нің қолданыстағы сульфидті фабриканы қайталау арқылы Ақтоғай кен байыту комбинатының қайта өңдеу қуатын кеңейту жобасын жатқызуға болады. Бұл жоба 2017 жылы KAZ Minerals компаниялар тобының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында басталды. Комбинаттың екінші кезегін іске қосу кен өңдеуді жылына 25 млн тоннадан 50 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2022 жылдан бастап кен орнында 190 мың тонна мыс, оның ішінде 20 мың тонна катодты мыс өндіріледі деп жоспарлануда. Кәсіпорында алдыңғы қатарлы технологиялар, атап айтсақ, жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар белсенді қолданылады.
Qaz Carbon ЖШС-нің Қарағанды облысында агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауытын салу жобасын да бөле-жара атап өтуге болады. Кәсіпорынның ерекшелігі – мұнда сұранысқа ие өнімді қысқа мерзімде шығаруға бейімделген жабдықтар бар. Автоматтандыру, жаңа технологиялар адам факторын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Барлық пеш өндірісті басқару орталығынан басқарылады, операторлар бейнекамералар арқылы технологиялық процесті бақылайды. Мұнда өнімнің 8 түрі бар. Олар Nippon Steel, Marubeni Corporation, «АрселорМиттал» (Люксембург) сияқты шетелдік алыптардың сұранысына ие. Экспорт географиясы Жапония, Ресей, Еуропа елдері мен ТМД-ны қамтиды.
Қатарға қосылған қуатты жобаның бірі – «Петропавл электр техникалық зауыты» ЖШС-нің трансформаторлар өндірісі. Зауыт 6, 10, 35 кВ кернеу класындағы тарату трансформаторлары мен жоғары вольтты ұяшықтар шығарады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 13 мың бірлік өнімді құрайды. Шығарылатын өнімнің 98 пайыздан астамын ТМД елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Ірі жобаның бірі – QazTehna ЖШС-нің Саран қаласындағы Yutong жолаушылар автобустарын өндіру жобасы. Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты Yutong брендінің 1 200 бірлік жолаушылар автобусы мен электр автобустарын, сондай-ақ карьерлік, құрылыс және жол техникасының 500 бірлігін құрайды. Компания сатып алған барлық жабдықтар стратегиялық серіктес Zhengzhou Yutong Group Co., Ltd. компаниясымен арнайы әзірленген және жинақталған. Қолданылатын жабдық жеткілікті икемділікке ие және QazTehna қызметкерлеріне бір бұйымды дайындаудан екінші бұйымға жылдам қайта баптауға, сондай-ақ тапсырыс берушіге аз мөлшерде қажетті бөлшектердің кең ассортиментін өндіруге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнімнің негізгі тұтынушылары – Қазақстанның көліктік, тау-кен өндіруші және өнеркәсіптік компаниялары. Болашақта таяу шетелдердің нарығына шығу қарастырылуда.
Сондай-ақ Қызылорда облысында Orda Glass ЖШС табақ шыны өндіретін зауыт техникалық тұрғыдан іске қосылды. Қуаты жылына 197 100 тонна табақ шыны өндіру және өңдеуге қауқарлы шыны зауыты Қызылорда қаласының Индустриялық аймағында орналасқан. Шыны күнделікті өмірдің көптеген саласында жоғары сұранысқа ие. Отандық шыны тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысында, машина жасауда, жиһаз және интерьер заттарын өндіруде қызметтер мен тауарлардың өзіндік құнын едәуір төмендетеді.