Қоғам • 09 Ақпан, 2022

Суицид сорлатып тұр

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлбетте, өркениетке негізделген қоғамның дамуы «адам өмірі бәрінен қымбат» деген қағидаға сүйенеді. Яғни адамзаттың «өмірді сүю мен қорғау және лайықты өмір сүру» ұстанымына сай алға жылжып келе жатқанына қаншама ғасыр болған. Бірақ тұрғындарының жайлы да алаңсыз тұрмысы мен тіршілігіне көп жұрт қызыға қарайтын дамыған елдердің өзінде суицид тақырыбы өте өзекті.

Суицид сорлатып тұр

Мысалға, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары әлемде безгек немесе сүт безінің қатерлі ісігінен қайтыс болатын адам санымен салыстырғанда өзіне қол жұмсап өмірмен қош айтысатындардың үлесі әлдеқайда көп екенін айтады. Тіпті суицид синдромының зардабын әлемнің соғыс жайлаған нүктелеріндегі адам шығы­ны­мен немесе қасақана кісі қолынан қаза тапқандардың есебімен теңестіруге болады. Әрине, қазіргі пандемия кезеңіндегі жұқ­па­лы індеттен кейін баудай түскен қыршын ғұмыр иелерін бұл тізімге қосуға келмес, дегенмен суицид тақырыбын бәрібір жылы жауып қоюға болмайды.

Бұл мәселеде еліміздің жағдайы тіптен мәз емес. Өткен бірер жылғы деректерді сараптасақ, Қазақстан суицид жасаушылар саны жөнінен әлемдік ондыққа еркін еніп тұрғанын байқауға болады. Өкінішті, бірақ статистика солай дейді. Ең өкініштісі, еліміз былтырғы есеп бойынша өзіне қол жұмсаушылар саны жөнінен Орталық Азия мемлекеттері арасында үшінші орынға көтерілді. Салыстыру үшін соңғы 3-4 жылдың оқиғаларын қарап шығайық: 2017 жылы 3 644 адам өзіне қол салса, 2018 жылы 3 542 оқиға болған екен. Ал 2019 жылы 3 805 адам өзіне қол жұмсаса, 2020 жылы бұл тізімге 3 526 адам еніпті. Былтырғы 10 ай аралығында ғана 3 353 адам суицид жасаған. Ең қиыны, суицидке бейім жандардың арасында кәмелетке толмаған балалардың көбейгені болып тұр.

Өкінішке қарай, мұндай қайғылы оқиғалар Жетісу жерінде де жиіледі. Былтыр 6 айда облыста 11 адам өзіне қол жұмсап, о дүниелік болды. Бұл қара тізімде бірнеше мектеп оқушысы бар. Суицидке бейім жандардың үлесі негізінен Кербұлақ пен Іле аудандарында анықталды. Кербұлақта 4 оқиға болса, Іледе 3 адам өзіне қол салған. Өкініштісі, осы Кербұлақ ауданындағы Қоянкөз ауылында екі бірдей мектеп оқушысы суицид жасаған болатын.

– Алматы облысының жастары арасында суицид синдромының көбейгені жанды ауыртады. Өңір мұндай тәуекел бойынша республиканың алдына шығып кетті. Мысалы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жүргізген зерттеу бойынша, бір ғана Іле ауданындағы 10 мың жасөспірімнің 2,26 пайызы өзіне қол салуға бейім жандардың қатарында екені анықталған. Біз мұны маман ретінде байқап, тәуекелдің алдын алуға жұмыс істейміз. Зерттеу бойынша, 30 жасқа толмағандардың арасындағы суицидтің себебі ретінде олардың өзін еңбекке жарамды адам ретінде керексіз сезінуі, яғни қоғамда өз орнын таппауы айтылады. Көптеген жас пен жасөспірімде проблема болса, ол жеке бастан аспай қалып қояды және өзін жалғыз сезінуі байқалады. Осы кезде психологтермен жұмыс істеген дұрыс. Жастар арасында тез ақша тауып, жылдам олжаға кенелу жолдарын қарастырғандар осындай қадамдарға барып жатады, – дейді Талдықорғандағы «Демеу» орталығының маманы, отбасылық психолог Мөлдір Болатқызы.

Жалпы, суицид синдромына шалдық­қан­дар­дың дені жастар болғанымен, кездейсоқ оқиғалар ересектер арасында да ұшырасып отыр. Былтыр Ұйғыр ауданындағы сорақы оқиғаны жұрт әлі естен шығара қойған жоқ. Үлкен Ақсу ауылындағы орта мектептің директоры өзіне қол жұмсап қайтыс болған еді. Марқұмның мұндай әрекетке баруына жұмыс орнындағы әділетсіздік түрткі болыпты. Жазықсыз қудаланған ол өз ісінің ақ екенін сотқа жүгінсе де дәлелдей алмаған. Ақыры, өзіне қол жұмсаған. Сондай-ақ жыл соңында Қаскелең қаласындағы перзентханада жатқан екіқабат әйел де суицид жасамақ болған-ды. Отбасындағы кикілжің мен тұрмыс тауқыметіне шыдамаған 41 жастағы келіншек аурухананың үшінші қабатынан секіргелі жатқанда дәрігерлер байқап қалып, құтқарып алған еді.