Таным • 09 Ақпан, 2022

Ұятыңды ұмытпа

1173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ойыма бала кездегі бір оқиға түседі. Ауылда Еркін деген жа­қын ағамызбен көрші тұр­дық. Көп сөзі жоқ, кісіге қайы­рымы мол, біртоға адам еді. Ешкім­нің ала жібін аттамай, адал еңбекпен нанын тауып, отбасын асырап жүрген жан. Сол кісі екеуміз бірде әзілдесіп тұрып сөзге келіп қалдық.

Ұятыңды ұмытпа

Әрине, ол менің құрдасым да, жездем де емес. Бірақ өзінің балалармен ойнағанды жақсы көретін қуақы қылығы бар еді. Мен де байқамай әдепсіз сөзді төбеден қойғандай айта салдым. Ол кісі болса сол мезетте сілей­ген қалпы тұрып қалды. Әуелгіде түсінбей қалды-ау деймін, не айтарын білмей кідіріп, біраздан кейін: «Әй, сен не айтып тұрсың?» деп, маған қолындағы ағашын сілтеп жіберді. Зып етіп, қаша жөнелдім. Өзім де не болғанын түсінген жоқпын. Ол кезде мен алтыншы сыныпта оқимын. Дегбірім басып үйге келдім. Содан кейін ше…

Байқамай аузымнан шыққан әдепсіз сөзім үшін қарадай қа­ра терге түсейін. Бетімнің оты шық­ты. Оның бізге жасаған жақ­сы­лығы көп еді. Анам не айтса да орындайды. «Сіз-біз» десіп отырған құдайы көршіміз. Содан ол кісінің  анадайдан қарасы көрі­н­се қашамын. Осылай сабылып үш ай жүрдім. Сөйтіп, бір күні бетпе-бет кездесіп қалдық. Бұл­таратын жер жоқ. Ұялып, әдепсіз қылығым үшін кешірім сұрадым. Үндеген жоқ. Бар болғаны «Ұя­тыңды ұмытпа» деді. Осы оқиға маған өмірлік сабақ болды.

Бала күнімізде үлкендерден «ұят болады» деген сөзді жиі естідік. Ата-анамыз да осы киелі ұғымды бойы­мызға сіңірді. Қаза­қы тәрбиенің негізі ұят пен обал-сауаптан тұрады. Біреуге артық сөз, артық қимыл көрсетіп қой­сақ, ұятымыз үшін жерге кіріп кетуге бармыз.

Бүгінде адами құндылықтар өзгер­ді. Бұрынғыдай әдепсіз қы­лық­тарды тыйып тастайтын үлкен­дер де азайды. Әркім өз біл­ге­німен, өз түсінігімен өмір сүруде. Хакім Абай атамыз отыз алтыншы қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» депті. Бойына ізгілік қонған, ұяты мол адам жамандыққа бармайды. Бұрын ауылда осындай киелі адамдар болды. Олар ұят пен адалдықтың өлшемі еді. Ал қазір ше...?

Еркін ағамның «Ұятыңды ұмытпа» деген сөзі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады.