Заң бұзған полицей қалай жазаланады?
«Ақпараттық кеңістікте қаңтар оқиғасына қатысушыларды ұстау кезінде тәртіп сақшыларының шектен тыс күш қолданғаны туралы жиі айтылып жүр. ІІМ мәліметінше, қаңтар оқиғасына қатысты 2 750 қылмыстық іс қозғалған. Осыған байланысты тұрғындар заңсыз қамауда ұсталғаны, қамаудағыларға қатысты қатыгездік көрсетілгені, тіпті азапталғаны туралы шағымданып жатыр. Тергеуде заңсыз әдістер қолдану, билік пен өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 148 арыз түскен. 105 шағым бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Осыған байланысты ІІМ алдағы уақытта адам құқықтары бұзылуы дерегін қалай жоймақ? Заң бұзған полиция қызметкерлері қалай жазаланады?» деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев депутат Е.Жаңбыршиннің сауалына берген жауабында қаңтардағы оқиғалардың бірінші күнінен бастап Бас прокуратура ұсталған адамдардың конституциялық құқықтарын сақтауға талпынып жатқанын жеткізді. «Тиісті тапсырма жергілікті прокуратураларға берілді. Оның ішінде, ұсталған адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру және түскен арыз-шағымдарды сапалы қарау жұмыстары бар. Алғашқы күндері 96 адам уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Қазіргі таңда ұсталған адамдардың отбасы, жасы, денсаулық жағдайын ескеріп қамаудағы адамдарды басқа шараларға алмастыруды қарастырып жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесінде қазіргі таңда тағы 92 адам тергеу изоляторларынан шығарылады. Ұсталғандарға медициналық көмек көрсетуге қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар жергілікті қалалық, облыстық дәрігерлер де тартылды. Ұсталғандардың құқығын сақтау үшін адам құқығы уәкілдерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бізге тергеу кезіндегі заңсыз тәсілдерге қатысты 250 арыз түсті. Олар бойынша біз 133 қылмыстық іс қозғадық. Бұл істер прокурорлардың қатаң бақылауына алынды. Әр іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалған», деді бас прокурордың орынбасары.
Елге қызмет ету – баршамыздың парызымыз
Айта кетерлігі, жалпы отырыста Ерлан Қошанов депутаттар алдында тұрған бірқатар мәселеге тоқталды. Мәжіліс Төрағасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін қордаланған проблемаларға қатысты ащы сын айта отырып, нақты міндеттер жүктегенін еске салды. «Бұл міндеттің ең бастысы – еліміздің экономикалық әлеуетін қалпына келтіріп, халықтың табысын, әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Президент жұрттың бизнеспен айналысуына тең жағдай жасау, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй, денсаулық мәселелерін шешу, инфляцияны ауыздықтау, қосымша қаражат көздерін қарастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту сияқты басқа да бірқатар басым бағытты атап өтіп, шынайы нәтижеге жетудің жолдарын көрсетті. Сонымен бірге орын алған келеңсіздіктерге де тоқталып, елімізде қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдардың көбейіп бара жатқанын ашық айтты. Және, әсіресе жастар арасында адал еңбек етіп, жетістікке жетуден үміт үзіп, қол қусырып отыратын үрдіс пайда болғанын да қатаң сынға алды. Біз әрқайсымыз осы айтылғандардан тиісті қорытынды шығарып, әрекет етуіміз керек. Өз кезегімізде барлық әлеуметтік-экономикалық тапсырманы тиісті сапалы заңдармен қамтамасыз етуге жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Сонымен бірге енді бір аптадан кейін барлығымыз сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға шығатын боламыз. Сол кезде осы нақты қадамдарды әрбір сайлаушыға, әрбір азаматқа жеткізуге тиіспіз. Өйткені ел игілігіне қызмет ету – баршамыздың ортақ парызымыз», деді Ерлан Қошанов.
Атақ-шен беру тәртібі күшейтіледі
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Аталған құжат жөнінде Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев баяндама жасап, құжаттың ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2011 жылы құқық қорғау қызметі туралы қабылданған арнайы заңда қызметкерлерді әлеуметтік, құқықтық және өзге де қамтамасыз ету мәселелері бір ізге келтіріліп, ортақ стандарттар бекітілген. «Дегенмен әлі де реттеуді қажет ететін мәселелер бар. Атап айтсақ, барлық орган үшін кадрлық процесті, қызметкерлерге қойылатын талаптарды бірдей ету қажет. Соның ішінде қызметкерлерді көтермелеу, жаза қолдану, атақ-шендерді беру, арнайы органдардан ауысу, аттестаттау және жұмысын бағалау мәселелері бар. Осыларды реттеу мақсатында заң жобасы әзірленді. Ондағы бірінші мәселе – қызметке қабылдау тәртібін оңтайландыру. 2019 жылы депутаттардың қолдауымен заңға түзетулер енгізіліп, төменгі лауазымдарға кадрлар даярлаудың жаңа тәртібі енгізілді. Қазір төменгі қызметтерге алу үшін жас мамандар міндетті түрде құқық қорғау академияларын бітіруге тиіс. Ал енді орта және жоғары лауазымдарға келсек, бұл қызметтерге құқық қорғау әрі арнайы органдарда, мемлекеттік және әскери қызметте бұрын болғандар, судьялар қабылдана алады. Олар конкурс арқылы және конкурстан тыс тәртіпте қызметке алынады. Осы мәселе бойынша заң жобасында бірқатар өзгеріс ұсынылған. Конкурс арқылы негізінен басшылық құрамдарға жеткілікті тәжірибесі бар адамдар тағайындалады. Оларды тағылымдамадан өткізудің қажеті аз. Сондықтан заң жобасы конкурс бойынша тағайындалған кандидаттар үшін тағылымдаманы алып тастауды ұсынады. Ал арнайы тексеруден конкурстан соң өтеді. Бұл түзетулер қызметке қабылдау процесін тездетуге, қажет мамандарды жұмысқа алуды жылдамдатуға мүмкіндік береді», деді Ә.Шындалиев.
Осылайша, жаң заң жобасында конкурстан тыс қабылдауды енді тек орталық орган басшысы ғана жүргізеді. Қабылдау талаптары да күшеймек. Енді қызметке алу үшін 3 жыл еңбек өтілі керек. Ал әскерде қатардағы сарбаз болғандар тек жалпы негізде қабылданады. Күштік органдарға жұмыс істеп жүрген қызметкерлер құқық қорғау саласына ауыса алады. Ендігі жерде арнайы тексеруден, әскери дәрігерлік комиссиядан, полиграфтан, тестіден өту талаптары алынып тасталмақ. «Ведомстволық академияларға танымал ғалымдар мен тәжірибесі мол отставкадағы мамандарды тарту туралы өзгерістер енгізілмек. Қазір академияның оқытушысы атану үшін барлық кандидатқа қойылатын талаптарға сай болуы керек. Мысалы, құқық қорғау органдарына қабылдауға жас жағынан шектеу қойылған. Денсаулыққа қатысты ерекше талаптар бар. Аталған адамдар осы талаптар бойынша сай келмейді. Ал еңбек шартымен алсақ, оларды лайықты жалақымен қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан заң жобасында оларды ешқандай шартсыз қабылдау ұсынылған. Мұндай шешімді тек орталық органның бірінші басшысы қабылдайды. Судья болып немесе құқық қорғау органдарында жұмыс істеп зейнетке шыққан адамдарды оқытушылыққа тарту өте маңызды. Олар ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, қызметкерлерді даярлауға мол үлес қосады деп сенемін. Көтермелеу ретінде мерзімінен бұрын атақ-шендер беру тәртібі күшейтілмек. Қазіргі заң бойынша қызметкерлерге көтермелеу арқылы алты рет атақ-шендер беруге болады. Заң жобасы көтермелеу арқылы атақтарды екі-ақ рет беруді ұсынады», деді Ә.Шындалиев.
Сонымен қатар құжатта қызметкерлерді бағалауға, оларды көтермелеуге, тәртіптік жауапқа тартуға арналған түзетулер ұсынылған. Заңнамалық өзгерістердің бір блогын қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері құрайды. 20 жыл стажы бар немесе 10 жыл стажы және мүгедек баласы бар қызметкерлер үшін мемлекеттік қордан алған үйді ақысыз жекешелендіру көзделген. «Қызметте жүріп ауырып қайтыс болғандар отбасына өтемақы төлеуді ұсынып отырмыз. Қайтыс болған қызметкердің отбасын тұрып жатқан үйінен шығаруға тыйым салатын норма да бар. Ішкі істер органдарында бұрын қызмет еткен бірқатар қызметкердің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығы қалпына келтірілмек. Заң жобасындағы барлық қаражат талап ететін норма бойынша Республикалық бюджет комиссиясы оң қорытынды берді. Әрине, бюджет шығындарын қажет ететін көптеген мәселе бар. Бірақ олар әзірге оң шешімін таппады», деді Бас прокурордың орынбасары.
Отырыста «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалында тергеу изоляторындағы ұрып-соғу мәселесін көтерді. «Бізге қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түсті. Одан басқа әлеуметтік желіде жариялаған жеке телефоныма да күніне ондаған арыз-шағым келіп жатыр. Өсіріп, жеткізіп, енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингтен ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбатуға сөз таппадық. Осы орайда айта кетерлігі, ұсталғандардың кейбіреулері жалпы топтың толқынына ілесіп, заңсыз әрекет жасағанын мойындап та отыр. Бүгінде олардың көпшілігі өздерінің басқа мақсатта пайдаланылғанын түсініп, өкініп жатыр. Ауыр қылмыстар мен кісі өлтірулер басталған кезде, алаңдағы топты тастап қайтып кетпек болғаны, алайда белгісіз біреулер қарумен қорқытып, оларды тәртіпсіздік пен тонауға мәжбүрлеп, көпшілік арасынан шығуға мүмкіндік бермегені жайлы мысалдар да кездеседі», деді Б.Дүйсенбинов.
Депутат осы орайда бейбіт шеруге шыққандар мен содырларды ажыратып, басбұзарлыққа қатысы жоқтарды босатуды сұрады. «Адамдарды өлтіруге және ғимараттарды талқандауға қатысы жоқ ұсталғандар бойынша, қажет болған жағдайда, олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, уақытша ұстау изоляторынан босату керек деп санаймыз. Ұсақ заңбұзушылыққа жол бергендерге қатысты қылмыстық істерді тоқтатып, ата-аналарының жауапкершілігімен үйлеріне жіберілгені жөн. Сондай-ақ тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан, іздеушісі жоқ бірнеше жас бала бар. Олар үшін, жазасын ауырлататын жағдай болмаса, мен, өз атымнан, босатуды талап етемін», деді Б.Дүйсенбинов.
Сондай-ақ бірқатар депутат тиісті органдар басшыларына өз сауалдарын жолдады.