Аймақтар • 10 Ақпан, 2022

Бағымдағы малдың басы азайды

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

10 млн гектарға жуық жері тусырап, кәдеге аспай, бос жатқан, сулы, нулы өңірде мал басының азаюының себебі не?! Өткен жазда құрғақ­шы­лық болды. Бірақ орман-тоғайы көп біздің өңірде шөп те, егін де орташа дең­гейде шықты. Мал басын өз төлі есебінен көбейтудің орнына кемі­тіп алғанымыз қалай?

Бағымдағы малдың басы азайды

Облыстық ауыр шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өткен жылғы көрсеткішпен салыстыр­ған­да ірі қара 800 басқа, ал жылқы 4 мыңға кеміп кеткен. Осы орайда негізгі себеп мал азығының тап­шы­лы­ғында деген желеу туралы айта кетелік. Қоңыр күзде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірде төрт түлікке қажетті жемшөп қоры жеткілікті деген мәлімет таратқан болатын. Онда мал азығының барлық түрі 100 пайыз жиналды делінген. Оған қоса бұрнағы жылдан қалған жемшөп қоры көңілге демеу еді. Әйтсе де, биыл қыс ортасында мал басы кеміп, әсіресе жылқы күннен-күнге азайып бара жатқанын айтып, дабыл қақпасқа шара жоқ.

– Мал басының азаюы малсақ қауымның қыс қалай болар екен деген қобалжуынан орын алып отыр. Құрғақшылықтан жұт бола ма деп қорыққан халық қолдарындағы малды күзде, күйлі кезінде сата бастады. Аналық мал аман, кемігені – пышақ көтеретін жас түлік. Оның үстіне мал азығы қымбаттап кетті. Мәселен, бұрнағы жылы арпаның бір тоннасы 60 мың теңге болатын болса, биыл 90 мың теңгеге дейін өсті. Сүрлем мен шөптің қоры да осы деңгейде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.

Малдың азаюының бір себебі – мал ауруының жиілеуі. Мәселен, биыл Есіл және Біржан сал аудандарында мал ауруының етек алуы салдарынан тұрғындар бағымдағы түліктерін амалсыз етке тапсырған. Қаншама шығын. Енді оның басын орнына келтіру үшін тағы біраз уақыт қажет болады. Осы орайда бұл тараптағы мәселені айта кеткеніміз орынды.

– Ел ішінде мал ауруының алдын алу өте қиын. Әуелі мал туралы емес, маман туралы айтайықшы. Алатын жалақымыз – небәрі 70 мың теңге. Мұндай еңбекақы үшін жұмыс істеудің өзі ақылға сыймайтын дүние. Ал жұмыс ауқымын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Мәселен, біз облыс орталығына қоса Краснояр, Стационный, Застанционный кент­те­рінің малын қараймыз. Аталған аумақ тұрғындарында 4 мың қара мал, 10 мың қой бағылуда, екі-үш үйір жылқы бар, – дейді Көкшетау қалалық ветеринарлық станса қызметкері Сырымбет Қанафин.

Мал дәрігерінің айтуына қарағанда, наурыз бен маусым, тамыз бен қараша айларында бруцеллез, туберкулез, қа­ра­­сан, құтыру, сап, сақау, тері ауру­ла­рын анықтау үшін малдан қан алып, екпе салады екен. Қашан мал өріс­тен оралғанша сарылып күтпек. Мал иелері ветеринарларға көмек көр­сетуден қашқақтайды. Амал жоқ, асау малмен алысып, бар шаруаны өздері істеуге мәжбүр. Қауіп те аз емес. Таяуда Зеренді ауданының екі мал дәрігері бруцеллез жұқтырып, ауы­рып қалған. Салада салмақты мәселе тұнып тұр. Мал басының кемуінің бір себебі осында жатыр.

Төрт түлікті тегіс өсіру тақырыбын қаузап, Ерейментаудың етегінде қой шаруашылығымен айналысатын қо­жалық басшыларымен тілдестік. Бар­­лығы күні бұрын уәделесіп қой­­ға­нындай, қолбайлау болып отырған дүние – жайылым мен шабын­дық­тың аздығын айтады. Демек, әлеу­меттік әділеттілік орнығу үшін үйдің табалдырығына дейін ретсіз жыр­тыл­ған жерді қайта қарап, ауыл тұр­ғын­дарының мүддесін ескеру ке­рек шығар. Өйткені олар азын-аулақ малының сүмесімен күн көріп отыр ғой. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, өкпе-наздың өрістейтін тұсы да осы.

Жыл сайын миллиардтаған теңге субсидия бөлінеді, бірақ соның қайтарымы бар ма? Мал басы өсудің орнына кеміп бара жатыр емес пе? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осы жылы 22 бағдарламаға 30 млрд теңгеден аса қаражат жос­парлап отыр. Мемлекеттің қолдауы арқылы өңірде қара малдың басын көбейтіп, ет-сүт өндіруді молайтамыз деген үміт мол. Мал басы азаятын болса, ойға алған шаруаның құрғақ қиялға айналатын түрі бар.

 

Ақмола облысы