Суретшінің зайыбы Гүлжәміш Жоламанова осы картинаны Мұратбектің өзіне ұқсатады. Қылқалам шеберінің өзі де жылқы жылы өмірге келгендіктен бе, табиғаты да соған тартып туыпты. Небәрі отыз үш жас қана өмір сүрген талант иесі бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын айшықтаған сүбелі дүниелер қалдырды.
Жазушы Айгүл Кемелбаеваның қылқалам шеберінің «Құлагер» картинасы жайында жазған көлемді мақаласы бар, сонда қаламгер: «Мұратбектің Құлагері ғажап болғанда ақ түсті. Құлагердің суреттегі көзіне арбалғандай көп қарадым, ол құса-шер, арман, қиялын жылқы жарықтықтың көз жанарына аумай көшірген. Құлагердің көз сипаты ұшып бара жатқан құс бейнелі екен. Жадыма аңыратып қазақтың қос халық әні түссін: «Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай» мен «Ұшады көгала үйрек көлге қарсы, Ұясы жануардың желге қарсы». Жұлдыздай аққан Құлагер. Көз емес, бейне құс қанатындай ағып бара жатқан дәуреннің өзі бар», деп суретшінің бірегей туындысы туралы шынайы толғапты.
Бала күнінен ауылдағы кәріқұлақ қариялардың аңыз-әңгімелерін құлағына құйып өскен суретшінің шығармашылығында тарихи тақырыптар ерекше орын алады. Әсіресе автор «Сырым батыр», «Рух шақыру», «Еділ-Жайық», «Күлтегін мен Білге туралы жыр», «Сарын», «Қазанат», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі», «Керей-Жәнібек», «Жаман ырым немесе қағанаттың құлауы», «Қызғыш құс», «Жекпе-жек», «Аттиланың елесі» секілді туындыларында ғасырлар қойнауларының қатпарына үңіліп, тарихи бейнелерді бояу тілімен шебер сөйлете білген.
Өнертанушылар Мұратбек Жоламановтың шығармашылығын екі кезеңге бөліп, оларды академиялық және «Жусан иісі» деп қарастырады. «Жусан иісі» атты циклдік жұмыстарын суретші өмірінің соңғы жылдарында салған. Өнер зерттеушілерінің пікірінше, қылқалам шебері туындыларының ішіндегі кәсіби жоғары деңгейде салынған, мықтылары да – осылар деп айтылады. Бұл циклдік жұмысқа 15 картина кіреді.
«Оның суреттерінің көбі − тарихи тақырыпта жазылған көріністер. Ерте жаугершілік замандарда, соғысқа аттанған батырдың анасы шүберекке ораған жусанды бірге беріп жібереді екен. Сол жусан иісінен елін сағынған батыр өз анасын көруге, елін көруге құштар болады. Аңыздар мен тарихи шежірелерде осылай айтылады», дейді зайыбы Гүлжәміш Бәкейқызы.
Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де, өнерде өз ізін қалдырған суретші Батыс Қазақстан облысының Жосалы ауылында дүниеге келген. 1990 жылы О. Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжінің «Кескіндеме» бөлімін, ал 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Өнер академиясында атақты суретші, академик Қ.Телжанов пен профессор М.Қалымовтың шеберханасында оқыған. Одан кейін оқу үздігі ретінде осы жоғары оқу орнында ұстаздық қызметке қалдырылады. Осы жылдар аралығында ол көптеген республикалық және халықаралық көрмеге қатысып, шеберлігі шыңдала түсті. Алғашқы жеке көрмесі 1999 жылы Орал қаласында ұйымдастырылды.
Бұған дейін елордада қылқалам шеберінің көрмесі екі-үш мәрте ұйымдастырылды, сондай бір көрмесінде ұстазы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сембіғали Смағұлов Мұратбектің қысқа, бірақ өте жарық ғұмыры шығармашылық ізденістер мен бастамаларға толы болғандығын айтқаны бар.
«Ол өзін түрлі жанрларда байқап көрді. Оны Жәнібек пен Керей хандар, Махамбет, Сырым батырлар секілді ұлы тарихи тұлғалар қызықтыратын. Шығармашылық самғауының ерте үзілгені өкінішті, алайда Мұратбек артына мол шығармашылық мұра қалдырды. Оның өмірі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін өз Отанына қалтқысыз қызмет етудің жарқын мысалы болары сөзсіз», деді ол.
Бүгінде Мұратбек Жоламановтың бейнелеу өнеріміздің қазынасын байытқан тамаша туындылары елімізде ғана емес, Түркия, Польша, Ұлыбритания, Корея секілді мемлекеттердің жеке қорларында сақтаулы тұр. Жерлестері де тұғырлы талант иесін ұмытпай, үнемі еске алып отырады. Қылқалам шеберінің туған жері Жосалы ауылына суретшінің мүсіні орнатылып, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылған.