Аймақтар • 10 Ақпан, 2022

Қызыл судан қауіп бар

1693 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көктем келісімен қызыл судың қаупі туындап, көңілдің қобал­жуы әдетке айналғалы қашан. Биыл да Көкшетау мен Қорғал­жынның арасындағы кең көсілген даланы қақ жарып өтетін өзендердің тасуы, көлдерге жиналған су арнасынан асуы ықтимал.

Қызыл судан қауіп бар

Мамандардың болжауына қарағанда, 17 аудандағы 13 мыңнан аса халық тұратын 125 елді мекенге қызыл су қауіп төндіріп тұр. Сондай-ақ рес­публикалық және облыстық ма­ңыздағы күре жолдың 74 те­лімінде, жалпы ұзындығы 33,9 шақырымды құрайтын темір жолдың төрт бөлігінде алаң­да­тарлық ахуал қалыптасып отыр. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда, ақпан айын­да қар қалың түсуі әбден мүмкін. Оның үстіне күн күрт жы­лынады деген жорамалдар айтылуда. Облыста жылдың бұл уақытында әдетте 14-16 градус суық болатын болса, айлық көрсеткіш – 1 градус шамасында. Сондай-ақ қыстың соңғы айында 31 мм-ге дейін қар түсуі мүмкін. Міне, осындай жағдайда ерте келетін әрі күн күрт жылынатын көктемгі су тасқынына қапысыз қамдану қажет-ақ.

Жыл сайын тентек мінез танытатын Есіл, Жабай, Қалқұтан өзендеріндегі су мөлшері, өзен табанының тереңдігі қазірден бастап зерттелуде. Осы өзендерді жағалай қонған 53 елді мекенде дайындық жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Таратып айтатын болсақ, Целиноград, Жар­қайың аудандарындағы жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын өзен аңғары тазартылып, ағын су өтетін жерге бөгесін болмауы ескерілуде. Облыс ор­талығын қақ жарып өтетін Қыл­шақты өзенінің 22 шақырым аңғарын тазарту көзделген болса, бұл жұмыс 86 пайызға жүзеге асырылды. Міне, осындай шаруа­лар Атбасар, Аршалы, Бурабай, Астрахан, Есіл аудандарында да жүргізілуде. Әр жыл сайын қызыл судың қаһарынан қаймығатын өңірдің бірі – Сандықтау ауданы.

– Қазіргі күні өзеннің мұзы 80-100 сантиметр көлемінде, кей жерлерде бір метрден асады, – дейді аудан әкімі Ербол Жү­сіпбеков, – дайындық жұ­мыстары үш кезеңде жүзеге асы­рылады. Алғашқы кезеңде ең алдымен елді мекендерге қызыл судың кіріп кетпеуін мұ­қият қадағалайтын боламыз. Әр жыл сайын өзен аңғарынан асып кететін судың қаупі мол. Су ғана емес, еріп үлгермеген мұз да қатер. Елді мекендермен бірге табиғаты көркем ауданның орман алқаптарын да қорғауымыз қажет.

Сандықтау ауданында 10 елді мекенді қызыл судың ба­­сып қалу қаупі бар. Оның ішінде Сандықтау, Балкашино, Петровка, Максимовка, Вла­димировка, Новый городок, Спас­кое ауылдары Жабай көлінің жағасын иектей орналасқан. Ка­менка ауылына Сарқырама өзе­нінің аңғарына сыймаған ағын судың жетіп қалуы ықтимал. Ал Бастрымовка, Новоселовка ауылдары Жыландының жаға­сында. Әр елді мекеннің ірге­сіндегі өзен жағалауларын кө­теріп, топырақтан үйінді жасап, бөгесін ұйымдастыру қолға алынбақ. Ауылдық округ әкім­дерінің берген мәліметтеріне қарағанда, 459 адам тұратын 162 үй қауіпті өңір санатында. Әр ауылдық округте жағдайды кірпік қақпай қадағалайтын жауапты адамдар бекітілген. Аудан әкімдігі қаулының жобасын да дайындаған. Аудандық су тасқынына қарсы жұмыс істейтін штабпен кезек күттірмес мәселелер екшелген ауқымды жоспар түзілген. Аудан әкімдігі облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, Жабай өзенінің бойындағы жалпы көлемі 6 400 шаршы метрді құрайтын жер телімін анықтаған. Бұл жерлер өзеннің басқа қа­бағына қарағанда еңістеу. Лық­сып келген топан судың өтіп кетуі әбден ықтимал. Мамандар жер шолып, өзен қабағын аң­дап, талдау жұмыстарын жүр­гізгеннен кейін ағын судың кеп­теліп тұрып қалмай, лықсып өтіп кетуін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ол үшін 8 100 шар­шы метр көлемдегі мұзды жа­рып, судың іркіліссіз өтуін қам­тамасыз етпек.

Тоқырауды білмес тасқын су елді мекендермен қатар, егін алқаптарына да зардабын ти­гізуі әбден мүмкін. Сондықтан қызыл суды жайып алмай, іле су ағатын жылғалар мен аңғарларға, сай-салаға ауыстыру үшін 20 моторлы насос дайындалған. Бұл жұмысқа «Сандықтау су» мекемесі де мұқият қамданып отыр. Айтпақшы, елді мекен ішіндегі және іргесіндегі ағын су өтетін жылғаларды аршу да маңызды. Ауылдық әкімдіктер қазір су ағатын құбырларды таза­лауға дайын. Сондай-ақ елді мекендердің ішіндегі қар сыртқа тасымалдануда. Бұл жұмысқа жер­гілікті шаруашылықтар да қол ұшын беруде. Биыл 33 280 текше метр қар шығарылды. Жанар-жағар май қоры жасақталды. Же­дел көмек қажет болатын бол­са қол ұшын созатын топ та дайын. Оның құрамында 57 адам бар. Олар 18 арнайы техникамен жабдықталған. Әрбір елді мекенде де осындай құрылымдар ұйымдастырылуда.

Атбасар ауданында да қызыл судың қаупі мол. 2018 жылы ауданның елді мекендері табиғат тақсыретін тартқан болатын. Кейін Атбасар қаласында қызыл судан қиянат көргендерге арналып 11 және 45 пәтерлік үйлер салынды. Су тасқыны зардабының қаншалықты көп екенін аудан тұрғындары жақсы біледі. Биыл 100 пәтерлік үй салуға 4 млрд 28 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Осының барлығы қызыл судың қырсығынан келген шығын. Биыл аудан қауіпті кезеңді шы­ғынсыз өткізуге күн ілгері кі­рісіп кетті. Қазір бұл ауданда да Сан­дықтаудағы сақтық шаралары тақылеттес шаруалар жүзеге асырылуда.

Көктемгі қызыл судың бетін қайтаруға мол қаражаттың қажет екені белгілі. Осы мақсатқа об­лыстық бюджеттен 788,381 млн теңге қарастырылған. Оған қоса төтенше жағдайлар қорында 10 млн теңге бар. Аудан әкімдері тегіс ескертілген. Қазірдің өзінде 167,3 тонна жанар-жағар, 12,5 мың тонна инертті материалдар 58,2 мың құм салынған қаптар да­йындалып үлгерді. Облыс бо­йын­ша елді мекендерден 87,6 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұ­мыс әлі де жалғасын табуда.

Айтып келетін апат кезінде шалт қимыл мен шұғыл әре­кет етудің маңызы өте зор. Сон­дықтан да көктемгі қауіпке күні бұрын дайындалған өңірде 445 адамды құрайтын, 84 арнайы техникамен жабдықталған жедел қимыл отряды құрылған. Олар су айдайтын насос тәрізді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жергілікті атқарушы органдарда 2 153 адам мен 977 ар­найы техника дайындап отыр.

Жыл сайын су қоймаларының кенересі толып қалуы айтар­лықтай қиындық туғызып, қа­уіптің бұлтын қалыңдататыны мәлім. Бүгінге дейін Астана су қоймасының аңғары 75,71, Сілеті су қоймасы 67,17 пайызға толып тұрғаны белгілі болып отыр. Бірақ бұл да қауіптің қаншалықты екенін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Өйткені ауа райын болжайтын мамандардың ақпан айында қар мол түседі деген болжамын жоғарыда айтып өттік.

Қазіргі күні барлық гидро­техникалық құрылғылар қатаң бақылауда. Қауіп-қатері мол өңір­лерге бақылау бекеттері орна­­тылған.

 

Ақмола облысы