Экология • 10 Ақпан, 2022

Елімізде экологиялық құқық бұзушылықтардың айыппұлдары өсуі мүмкін

711 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелеріне қатысты заң жобасы таныстырылды, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде экологиялық құқық бұзушылықтардың айыппұлдары өсуі мүмкін

Аталған Заң жобасы ҚР Президентінің биылғы Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында дайындалған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова Заңды таныстыру барысында қандай айыппұлдардың көлемі ұлғаятынын айтты.

Министрлік заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, елеулі залал көрсеткішін 100-ден 50 АЕК-ке дейін; ірі залалды 1000-нан 500 АЕК-ке дейін төмендетуді ұсынды. Бұл ретте аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады және 2000 АЕК құрайды. 

«Сондай-ақ, 324, 325, 326, 328, 329, 330 және 333-баптардағы «қоршаған ортаға келтірілген залал» ұғымының қылмыстық заңнамада құқықтық анықтамасы болмағандықтан, «залал» деген ұғыммен ауыстырылды. Қоғамдық қауіпті зардаптарды анықтауға қатысты ұғымдар Қылмыстық кодексте «ірі залал және iрi мөлшерде» және «ерекше iрi залал және аса iрi мөлшерде» деп бекітілген (ҚК 3-бабы)», деді вице-министр.

Сондай-ақ, қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында келесі өзгерістер енгізілді:

Ерекше қорғалатын табиғи аумақта аса iрi зиян келтiргенi үшiн жазаның неғұрлым қатаң түрiн көздейтiн 332-бап «Жердi жою» жаңа 3-бөлiммен толықтырылды.

«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі қылмыстық теріс қылық санатынан қылмысқа ауыстырылды, диспозицияда қылмыстық құқық бұзушылық жасау келтірілген зиян мөлшерінің шекті мөлшері төмендетілді, яғни ірі мөлшерден елеулі залалға дейін төмендетіліп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтілді. Осы баптың 2-бөлігінің санкциясы да 3 жылдан 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қатаңдату арқылы өзгертілді. 3-бөлігінде ерекше қорғалатын табиғи аумақта аса ірі залал келтіргені үшін жазаның неғұрлым қатаң түрін қарастыру ұсынылады.

Ағаштарды заңсыз кескен жағдайда кінәлілерге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе аз айыппұлдар тағайындалған. Жасалған әрекет үшін тағайындалған жаза келтірілген зиянға пропорционалды емес болатын. Осыған орай, «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» 340-бапта бұл бұзушылықты теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстыру бөлігінде өзгертулер енгізілді.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимін бұзу» 342-баптың 1-бөлігінде айыппұл 120 АЕК-ден 200 АЕК-ге дейін күшейтілді, қоғамдық жұмыстар  сағаты 120 дан 200 сағатқа дейін көбейді.

Қылмыстық-процестік кодексіне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді:

«Тергеулік» 187-бабына өзгерістер енгізілді, тергеу органдары 334-баптың үшінші бөлігінде көзделген істерді және 342-баптың төртінші бөлігімен көзделген ауыр қылмыстар санатына жататын аса iрi залал келтiру бойынша істерді тергеу органдары қарайды. 

191-бапқа «Анықтау нысанында және хаттамалық нысанда жүргізілетін сотқа дейінгі тергеп-тексеру» өзгерістер енгізілді. 334-баптың бірінші бөлігі ауыр емес қылмыстар санатынан ауырлығы орташа қылмыстарға ауыстырылып, iрi зияннан елеулi залалға, ал екiншi бөлiгiнде аса iрi зияннан iрi зиянға ауыстырылуына байланысты сотқа дейінгі іс-жүргізу тергеу нысанында жүргізілетін болады.

Ірі залал келтіруді көздейтін, 342-бап үшінші бөлікпен толықтырылуына байланысты, бұл бөлік тергеу нысанында қаралады. Қылмыстық құқық бұзушылықтан орташа ауырлықтағы қылмысқа ауысуына байланысты 340-баптың екінші және үшінші бөліктері хаттамалық нысаннан тергеу нысанына ауыстырылды.