Елордалықтар жаңару мен жаңғыру мерекесін Елбасымен бірге атап өтті
Міне, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі де келді. Наурыз – жаңару мен жанданудың символы. Бұл күні адамдар күнделікті қым-қуыт, қарбалас тіршіліктерінен бір сәт бас көтеріп, тағы бір жылды аман-есен еңсергендеріне шүкіршілік айтады, келер күннен жақсылық күтеді. Күллі Шығыс әлемі үшін Жыл басы саналатын Наурыз – шаттықтың, молшылықтың, бірліктің мерекесі. Бұл күн жаныңды жадыратар жылылығымен де көптің көңіліне шуақ сыйлайды. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында осынау ұлық мейрамды мерекелеуге арналған іс-шараларға қатысып, барша қазақстандықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Әз Наурызды халқымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаса, ал көктемді жаңару кезеңіне балаған. Наурыздың алғашқы шуағымен бірге елге құт, береке, ырыс қонады деп сенген. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп ақ батасын берген. Сондықтан да биылғы Наурыз барша жұртқа татулық пен бірлік, ынтымақ пен бақ дарытсын деп ақжарма тілек тілеген қала халқы «Қазақ елі» монументінің алдына көптеп жиналды. Ал ұлық мерекені атап өтуге жиналған қауым алдында сөз алған Мемлекет басшысы Наурыздың халқымыздың бірлігі мен татулығының символы екенін атап өтті. Бұл – халықтың ұлы мерекесі, күн мен түннің теңелуінің белгісі. Көктем бүкіл тіршілік атаулы табиғатпен бірге оянып, жаңаратын кез. Бірлік, бауырластық, толеранттылық және тұрақтылықтың нышанындай бұл мейрам 5 мың жылдан бері атап өтіліп келеді. Осының бәрі – Қазақстан жүріп келе жатқан жол. Бұл идеяны біз тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап жүзеге асырып келеміз. Сол уақыттан бері бұл мереке елдің бірлігіне, татулығына, тұрақтылығына негіз болып келеді. Бірліктің арқасында мемлекет өседі, өркендейді. Бұл – ұлы қазына, біз оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Елімізде 100-ден астам этнос, 40-қа жуық діни конфессия өкілдері татулық пен достықта өмір сүріп келеді. Осының арқасында біз мемлекет құрдық, сүйікті елордамызды тұрғыздық. Қас-қағым сәт сияқты бар болғаны 23 жылдың ішінде Қазақстан бүкіл дүние жүзіне белгілі болды, өскен, өркендеген елдермен терезесі тең болды, әлем сыйлайтын халық болды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз сөзінде Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің нәзік те күрделі екеніне тоқталды. Жыл сайын ғаламшарда 30-ға жуық қарулы қақтығыс орын алып, 100 мыңдаған адам құрбан болуда, 800 миллионға жуық адам аштық азабын тартуда, ал 400 миллион адам ауыз судан зәрулік көруде. Кез келген келеңсіз әрекет бізде бар игілікке зардабын тигізуі мүмкін, деді бұл орайда Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, барша қазақстандықтар үшін ортақ мақсат – республикамыздың 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін атап көрсетті. Біз еңбектің, береке-бірліктің және тұрақтылықтың арқасында дамып келеміз. Бүкіл әлемде жұмыс орындары қысқарып жатқан уақытта индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында біз 60 мың жұмыс орнын аштық, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпке оқытудамыз. Бұған қоса, мен өз Жарлығыммен бюджеттік ұйымдар жұмысшыларының еңбекақысын арттыруды тапсырдым. Менің шешіміме қолдау көрсеткен, сондай-ақ, өз ұжымдарының еңбекақысын арттырған барлық компанияға алғыс айтамын, деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы баршаны мерекемен тағы да құттықтап, тыныштық, келісім, Отанға және өз жақындарына сүйіспеншілік тіледі. Бұдан кейін қала тұрғындары мен қонақтарының назарына «Наурыз-2014» әсерлі шоуы мен Қазақстанның белгілі әртістерінің, шығармашылық ұжымдардың концерті ұсынылды. Театрландырылған шоу «Қазақ елі» монументі алдындағы бас сахнадан өріліп жатты. Мерекелік іс-шараларды көруге келген халық назарын бірден аударған шоудың негізгі бөлімі ұлттық музыкалық аспаптар оркестрінің Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындауымен басталды. Бұдан кейінгі кезекте жұрт ерекше қойылым – «Қасиетті көктем» әлқиссасын тамашалады. Бұл қойылым арқылы елордалықтар мен қала қонақтары тіршілік атаулының жанданып, Жер-Ананың бусанғанын, көктемнің алғашқы хабаршысындай болған бәйшешек гүлінің бүр жарып, жан дүниенің жаңарғанын тамашалады. Сахнада салтанат құрған шоу жиналғандарға көктемнің шуақты сәттерін сыйлап қана қоймай, Табиғат-ананың ояну құбылысын көз алдымызға әкелді. Алайда, бұл сәтте әсерлі көрініс сап тыйылып, аспанды қара бұлт торлап, төңірек ақ қарға оранды. Артынша, көктем ару өз келбетіне қайта еніп, төңірек қайтадан жадырап сала берді. Әз Наурыз мерекесін тойлауға келген халықты бірден баурап алған бұл күнгі сахналық қойылымның ұйымдастырушысы халыққа өзінің өзгеше бастамаларымен танымал болған «Ел» продюсерлік орталығы, идея авторы орталықтың көркемдік жетекшісі – Ғалым Доскен. Сонымен, ұлттық өнеріміздің өрістеуіне еңбек етіп жүрген «Ел» продюсерлік орталығы ұсынған әсерлі шоу белгілі әншілер мен өнер топтарының концертіне ұласты. Мәселен, жиналған қауымға Тамара Асар, Нұрлан Өнербаев, Димаш Құдайбергенов, Әли Оқапов сынды әншілер мен «МузАРТ», «Қоңыр», «Keshyou», «Жігіттер», «Assyl», «The Jigits» топтары «Наурыз – Астана», «Бегілер-ай», «Алма ағаштар», «Екі алуан, асыл зат», «Туған ел», «Беу, айдай», «Өз елім», «Долана», «Қараторғай», «Ақ ерке», «Наурыз», «Ата жұрт», «Мәті дәурен», «Секіртпе», «Көкшолақ», «Қалқа бала», «Көз салма», «Алға», «Шай ішіп кетсең қайтеді», «Сайра бұлбұл» секілді туындыларды орындап берді. Яғни, бұл күні әншілердің ән қоржыны тек заманауи туындылармен ғана емес, ұлттық музыка өнерінің жауһарлары саналатын жыр-термелермен, халық әндерімен байи түсті. Әр әнге кіріспе ретінде шуақты көктем мезгілін жырлаған лирикалық өлеңдерден үзінділер оқылып, концерттің шырайын кіргізді. Жұртшылық алдында «Сазген» фольклорлық ансамблі, «Шаттық», «Салтанат», «Wake-up», «Шолпан», «Саво», «Шашу» би ұжымдары, «Арлан», «Жастар», «ArtEast» театрлары, «Елігай» хоры сынды шығармашылық ұжымдар мен Астанадан, Алматыдан, Қарағандыдан келген өнер ұжымдары, сондай-ақ, елорда мектептерінің оқушылары да өнер көрсетті. Жалпы алғанда, Наурыз мерекесіне арналған концерт би ұжымдарының ерекше өнерімен әсерлі болып қана қоймай, отандық музыка өнері мен әлемге танымал классик композиторлардың музыкалық шығармаларының сүйемелденуімен де халықтың көңілінен шықты. Жалпы алғанда, елорда төріндегі мерекелік концерттің өтуіне атсалысқан өнерпаздардың саны шамамен 600-ге жуықтауының өзі – халықтың Наурызды мерекелеуге деген ынта-ықыласының айғағы болса керек. Бір атап өтерлігі, сахнадағы әр қойылым мен нөмірді ұйымдастырушылар үлкен LED дисплейде 3D анимацияны қолдану арқылы үйлестіріліп отырды. Сондай-ақ, сахна кеңістігіне қосымша ауқым беріліп қана қоймай, арагідік бұл жердегі барлық көрініс экрандарға шығарылып, мерекелік көңіл күйге өзгеше әсер үстегендей әсерде қалдырды. Ал мерекелік қойылым соңында көшпенді философиясында үлкен мәнге ие мифологиялық бейне – пырақтың көрінуі жылқының қазақтың егізі екенін тағы бір дәлелдегендей болды. Бұл халқымыздың қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күтетін қасиетін де айғақтай түседі. Сондай-ақ, бұл күні сахнадағы сән-салтанат келушілерді баурап жатқан кезде, «Қазақ елі» монументі алаңы да түрлі мерекелік шаралардың ошағына айналып үлгерді. Мәселен, солардың бірегейлері ретінде түркі халықтарының ұлттық тағамдар фестивалі мен «Әлемдік көркемсурет және көктем жайлы пленэрлық музыка» инсталляциясын, спорттық сайыстар, «Күрес», «Асық ату» ойындары, «Шүлен тарту» дәстүрін атап өтуге болады. «Қазақ елі» монументі маңында орналасқан шағын алаңқайларда сахналанған қазақ халқының түрлі салт-дәстүрлері, көшпелі цирктің, қуыршақ театрының және аниматорлардың көріністері де халқымызды бір сәт ұлттық өнерімізбен сусындатқандай болды. Бұл жерлерде еліміздің қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен суретшілердің қолынан шыққан картиналар да жұртшылық назарына ұсынылып, келген қонақтарға ыңғайлы болу үшін арнайы сауда алаңдары ұйымдастырылды. Ал ақшаңқан киіз үйлердің қаз-қатар тігілуі, мейрамға келгендерге бауырсақ пен Наурыз көженің таратылуы – халыққа өзгеше мерекелік көңіл күй сыйлады. Біз бұл күнгі мерекелік шараны тамашалауға келген бірқатар азаматтармен пікірлесуге, тілектерін естуге мүмкіндік алдық. Мәселен, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Наурыз – жаңару мейрамы болып есептелгендіктен, елді бірлікке, татулыққа шақыратын, халықтың ырыс-берекесін молайтатын мейрамды халық жыл өткен сайын жақсы дайындықпен қарсы алатынына ризашылығын білдірді. Астана қаласы әкімі ұйымдастырған мереке жылдан-жылға көріктеніп, сұлуланып келе жатыр. Себебі, біз жыл сайын жаңалыққа куә болып отырамыз. Наурыз – діни мейрам емес, рухани мейрам. Бұл мейрамды кезінде әртүрлі жансақ көзқараспен дұрыс түсінбегендіктен, бәлкім, бір жағынан, адамдардың бір-біріне деген жақындығын, бауырмалдығын, бірлігін онша бағалай алмағаннан болар, Кеңес Одағы кезінде бұл мейрам біраз қысаңдық көрді. Ал бірақ, адамдардың санасында, ұлттың санасында бұл мерекенің құндылығы сақталып қалды. Біздің бала кезімізде әр үйде наурыз көже әзірлену, наурызға арналып дәм дайындау деген болды. Себебі, ырыс-берекенің белгісі болған бұл күн дәстүрімізде қалған. Ежелден келе жатқан, тамырын ғасырлардан алатын, солай бола тұра бүгінгі күнмен жарасымды үйлесімін тапқан айрықша мейрам. Уақыт жағынан келгенде, күн мен түннің теңелетін кезеңі. Жыл бойы адамдар қарбаласта жүріп, бір-бірімен кездесе алмай, тіпті, бір-бірімен келісе алмай жүрген кезде бір-бірін кешіретін, ізгі тілегін білдіретін мейрам, деді Қ.Сұлтанов. Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Наурыздың – көктемнің жаршысы, бақыттың, жақсылықтың, жаңарудың мерекесі екенін айта келіп, елге татулық, тыныштық, береке-бірлік тіледі. Елордада өткен Наурыз мерекесіне еліміздің өзге өңірлері де өз тарту-таралғыларымен келіпті. Мәселен, бұл күні, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл облыстары өздерінің киіз үйлерін құрып, ал бұл өңірлердің шығармашылық және өнер ұжымдары өз өнерлерін паш етті. Мәселен, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Серік Мұхамбетовпен әңгімелескенде ол бас қала – Астанадағы Наурызды мерекелеуге облыстан 20-ға тарта адам келгенін, делегацияның құрамында мұражай қызметкерлері, Құрманғазы ауданының «Жиделі» халықтық-фольклорлық ансамблінің өкілдері бар екенін жеткізді. Біз Астана халқына өз өнерлерімізді көрсеттік. Сондай-ақ, өзімізбен қолөнер бұйымдарын, мұражайдың жәдігерлерін алып келдік. Яғни, біздің елордадағы Наурыз мейрамының өтуіне өзіміздің аз-кем үлесімізді қостық деп ойлаймыз. Наурыз – жаңалықтың жаршысы. Сол себепті, жаңа жыл елімізге тек жақсылық алып келсін, деп түйіндеді өз сөзін Серік Қалжанұлы. Иә, Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлейтін, ізгі тілектер айтылып, елді жақсылыққа үндейтін мереке. Сондықтан, алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары бұл күні бір-бірімен қуана қауышып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнап жатты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше