Қоғам • 10 Ақпан, 2022

Тәрбиенің төресі – еңбекке баулу

706 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жас толқынның дені адал еңбектен қол үзіп қалғаны белгілі. Ел ішінде жұ­мыс­сыздық көрінісі жиі кездеседі деп байбалам салғанымызбен, тау қопа­рып, тас жаратын қайратты жастардың қарап отырғаны да рас. Де­мек баланы жасынан еңбекке тәрбиелеу өте маңызды. Тәрбие тіні неге сөгілді?

Тәрбиенің төресі – еңбекке баулу

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жолсапарға шыққан сайын серік­тес­тіктер мен шаруа қожалық­та­ры­ның малшы мен сауыншы таба ал­май отырғандығын жиі естиміз. Жалақысын қомақты етіп төлеп, ас-суын беріп, асты-үстіне түссе де, жұ­мыс істейтін адам жоқ. Жақсы ауда­­нындағы «Виктор» шаруа қожа­лы­ғының басшысы Вадим Виттің айтуына қарағанда, сауыншыға 120 мың теңге жалақы төлейді. Түскі асы тегін. Күніне небәрі 4 сағат, таңғы және кешкі сауын уақытында ғана жұмыс істейді. Соның өзіне адам таппай абдырап отыр. Ауылдық жерде 120 мың теңге – тәп-тәуір табыс. Мұндай мы­салдарды көптеп кездестіруге болады. Ерейментау ауданының қой шаруашылығымен айналысатын шар­уа қожалықтары қойшы таба алмай отыр. Жұмысты еңсеріп, беріліп істейтін адам болмағандықтан, ойға алған шаруаның орындалуы қиын. Кейбір шаруа­ қожалықтары қойшыға өз қойыңды біздің малға қосып бақ, жем-шөбі тегін деген ұсыныстарын да айтады. Екі қолға бір күрек таппай, босқа қарап отырған адамдарды ынталандырудың бір тәсілі. Бірақ соның өзінде қызыға қоятын кісі көрінбейді. Облыс орталығындағы «Жақыпов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Сайран Жақыповтың айтуы­на қарағанда, құрылыс саласында жұмыс істейтін адам қасқалдақтың қа­нындай таптырмайды. Тіпті маман емес, қара жұмысқа да қол күші же­тіс­пейді. Айтуына қарағанда, қа­ра­па­йым күзетшінің өзіне 120 мың теңге жалақы тө­лейді екен. Ал тас қа­лау­шы, дә­не­кер­леу­ші тәрізді мамандар айына 300 мың теңгеден жоғары ең­бекақы алады.

– Жаз бойы қалалық жұмыспен қам­ту орталығына бірнеше рет бардым, – дейді Сайран Жақыпов, – жұмыссыз ретінде тіркелген адам болса, маған жіберіңіздер деген өтінішімді айттым. Бірақ ешкім келген жоқ.

Ауыл шаруашылығындағы ең үл­кен мәселе – білікті механизатор­лар­ мен ком­байншылардың жетіспеушілігі. Себебін талдасаңыз, ертеректе табаны тастан таймаған тар­ланбоздай еңсере жұмыс істеген майталман механизаторлар бүгінгі күні зейнет демалысына шығып кетті. Одан ке­йінгі өтпелі кезеңді механизатор ма­ман­ды­ғы қа­дірсіз, керексіз ма­ман­дыққа айналды. Өйткені көк­тем­гі және күзгі дала жұмыстары кезінде ғана еңбек­ақы табуға болатын. Оның өзінде еңбек­ақылары жем-шөппен тө­ленді. Тұ­рақты жұмыс болмаған соң жастар бұл кәсіптерді игергісі кел­мейді.

– Ондай мәселе бар екендігі рас. Бү­гінгі таңда біз бірқатар жоғары оқу орны, колледжмен ке­лі­сім­шартқа отырып жатырмыз. Ауыл шаруа­шы­лы­ғына қажетті агро­ном, зоотехник, мал дәрігері, меха­ни­­затор сияқты ма­мандықтарға грант­тар бар. Соның өзінде сол ма­­ман­­­дықтарға жастардың көбі бара қой­­­­майды. Бұл орайдағы шаруа­ны дұрыс ұйымдас­ты­рып отырған шаруашылықтар да бар. То­лымды ең­бекақы төлеп, тұрғын үй беріп, ал­ды­на мал салып, жан-жақты қолдау көр­­сетіп, жастарды қызықтырып отыр­­ғандардың ісі өзгелерге үлгі бола­ры анық, – дейді облыстық ауыл шар­уа­шылығы бас­шы­сының міндетін атқа­рушы Еркеш Әленов.

Осы арада қадап айта кететін бір жайт, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында облысқа қанша механизатор, қанша комбайншы қажет екендігі туралы нақты дерек жоқ. Қа­жетті кадрларды жыл сайын даярлап жатқан кәсіптік-техникалық колледж түлектерінің жұмыс­қа орналасу жайы қалай, олар­дың қаншасы өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр? Бұл жағы да қараңғы. Облыстық білім басқармасында да нақты мәлімет жоқ. Сонда мемлекеттің қаншама қаражаты шығындалып, кімді неге оқытып жатырмыз деген сауал туын­дай­ды. Колледж білім алушылары тегін оқып, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Білім алуларына бар жағдай жасалған. Бұл тараптан мемлекетке өкпе жоқ.

– Еңбек тәрбиесін бала жастан бас­та­ғанымыз дұрыс, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Шияп Әлиев, – ертеректе білім ошақтарында бұл мәселеге айрық­ша мән беретін. Жыл бойғы тәрбие жұмысы жаз айларында оқушылардың еңбек және демалыс лагерьлерінде сабақтасатын. Білім ошақтарында еңбек озаттарымен кездесулер ұйым­дас­­тырылатын. Бәлкім осы әдісті қай­тадан қолға алу керек шығар. Қа­зір­гі күні теледидарды қосып қал­саң, әлдебір әнші мен әртістің бай­­лыққа бөккен сән-салтанатын көр­се­тіп жатады. Еңбек адамының емес, блогер­лер­дің бағы жанған заман болды. Шетелдік сериалдарда да осын­дай ер­тегі өмір. Ауыл баласы да осындай тұрмысты аңсайды. Бірақ сол игілікке адал еңбекпен қол жет­­кізу керек екендігі саналарына сі­ңіріліп жатқан жоқ. Менің ойымша, еңбекке тәрбиелеудің кешенді тұжы­рым­да­ма­сын жасап, жүзеге асыру керек. Әйтпесе масылдық пиғыл әбден мең­деп кетті. Заманында көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалып­тасады» дейтін аталы сөзі болушы еді. Тәрбиенің төресі – еңбекке баулу. Сондықтан бұл істі қазірден қолға алмасақ, кеш болады.

Аға буынның бұл орайда айтары көп. Осы тақырыпты қаузап жазу барысында біз Көкшетау қаласында тұ­ра­тын Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадыралинмен жүздестік. Көпті көрген еңбек тарланының көкі­ре­гіндегі ойды дөп басыппыз.

– Кешегі Кеңес заманын қанша күстәналасақ та қарапайым халықты жұмысқа жұмылдыра білді. Әркімнің қоғамға сіңірген еңбегі екшеліп, жария етілетін. Тіпті қарапайым әдістердің өзі еңбекке ынталандырудың тетіктері болды. Мәселен, күзгі егін орағы кезінде комбайншылардың жарысы ұйымдастырылатын. Күн сайын қорытындысы шығарылып, тақтаға ілінеді. Еңбек бәйгесінде маңдайы жарқырап, алда келгеннің мерейі өспек. Жай ғана мақтау-марапаттау емес, сыйақысы да бар. Мұндай жұ­мыс қорытындылары апта сайын шы­ғарылатын. Жыл бойғы жұмысы есепке алынып, озаттардың бейнесі құр­мет тақтасына ілінетін. Осы­ның өзі кәдімгідей адал бәсеке­лестік­ті тудырып, хас жүйрікке қамшы бас­қан­дай әсер етуші еді. Қазір ойлап қарасаң, әншейін ғана дүние екен. Соның өзінде біз қатарымыздан қал­сақ ұят болады деп еңбек етуші едік. Еңбектің қайтарымы да болды. Сол заманда көпшіліктің қолына тие бер­мей­тін зәру заттар еңбек озаттарына берілетін. Бұл да кәдімгідей ын­таланды­ратын.

Еңбек адамын бағалау өте ма­ңызды. Бұл тарапта кемшіліктің бар екен­дігін жасыра алмасақ керек. Қазір әр отбасының табысын еселеп арттыру мәселесі жиі айтылуда. Ол үшін адал еңбекке жалынғаннан басқа амал жоқ.

– Бүгінде орден-медальға ие болып жатқандарды қарасаң, өңкей әкім­діктің адамдары мен шаруашылық басшылары, – дейді еңбек ардагері Болатбек Хамзин, – ал қарапайым адамның еңбегін кім бағалап жатыр?! Осындай әділетсіздік орын алған соң еңбекке деген ынтаның да кемитіндігі белгілі. Кеңес заманында біздің Көк­шетаудан трактор тізгіндеген қос Май­раның даңқы өрлеп тұрды. Бас­пасөз бетінен түспейтін. Одақтық, республикалық съездерге қатысты, делегат болды, депутат болды. Бүгін малшы мен са­уыншыны кім елеп жатыр?!

Ілкі замандағы ілкімді шаруа осылайша өрістеген. Бүгінгінің бейнесі қалай, болашақтың соқпағын қалай түземіз? Қазір жұмыс істеймін деген жастарға жақсы жағдай туғызылып отыр. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы «Бастау Биз­нес» жобасы бойынша кәсіпкерлік не­гіз­де­ріне оқытады. Басты мақсат – бір кәсіпті игеру арқылы эко­но­ми­­­­ка­лық белсенділікті арттыру. «Би­з­­­нес Бастау» жобасына бір­неше са­­­нат бойынша қа­тысуға әбден бола­ды. Айталық, ауылдық жерлерде, қа­ла­ларда, оның ішінде мо­ноқала тұрғындары үшін де мүм­кіндік зор. Елу жастан асқан адамдар да, аз қам­тыл­ған немесе көпбалалы отбасы мүшелері де нәпақа табуға толық мүмкіндік бар. Биыл бұл жоба бо­йынша 1300 адамды оқыту жоспарланып отыр. Биылғы жылдың 1 қаң­тар­ға дейін 1495 қатысушы оқы­ды, олардың 1013-і өз жобаларын жү­зеге асыруда. Бұл мақсатқа 2 млрд тең­геден астам қаражат құйылып, мың­нан ас­там жаңа жұмыс орны ашылды. Өңірде жемісті жұмыс істеп жат­қан бағдарламалардың қатарында «Жас­тар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұ­мыс орны» да бар.

– Биыл «Жастар тәжі­ри­бесі» аясында 532 жас маманды оқы­туды жоспарлап отырмыз, – дейді об­лыс­тық жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламаларды үйлестіру бас­қар­масы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллина, – олар жаңа талапқа сай бұрынғыдай алты ай емес, бір жыл оқиды. Төле­нетін ақша көлемі де өсіп, 30 айлық есептік көрсеткішке жетті. Ең ма­ңыз­ды­сы, оқыған бір жылы еңбек өтілі ретінде есептеліп, еңбек кітапшасына енгізіледі.

Биыл жұмыспен қамтудың жол кар­тасын іске асыру аясында 367 тү­лекке 1,5 млрд теңге қаражат бөлі­ніп отыр. Әзірге бұл мүмкіндікті 100 қаты­су­­шы пайдаланып, 416 млн теңгеге жуық несие алған.

Мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілуде. Тек сол мүмкіндікті пайдалану қажет. Оның үстіне желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты адал еңбекке баулудың әдіс-тәсілдерін же­тіл­діру маңызды. Ендігі арада осы мәселені қолға алсақ, қанеки!

 

Ақмола облысы