Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Зерттеудің нәтижесі жақсы емес
Сүйегің сырқырап сүйретіліп жеткенде кіріңіз деп кезегін бере қоятын кең жүректілерді кейде шырақ іздеп таппайсың. Басқа амалың болмағасын басқалар сияқты кезекке тұрып, күтуге тура келеді. Бірақ соңғы кезде еліміздегі цифрландыру жұмыстарының нәтижесінде бірқатар мекеме өздерінің қызметтерін анағұрлым жеңілдетіп һәм жеделдетіп атқаратындай күйге жетті. Оның бір ұшы денсаулық сақтау саласындағы қағазбастылықтан арылуға алып келді.
Мемлекеттегі медициналық мекемелерге түрлі қосымша орнатылып, ел игілігіне берілгенде қуанғанымыз белгілі. Соның бірі – Damumed электронды медициналық сервистерінің мобильді қосымшасы. Қосымшаның көмегімен пайдаланушылар қабылдауға жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндігі бар.
Жазылған рецептілер мен зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көруге, ауруханалық парақтарды көшіріп алуға мүмкіндігі бар. «Дабыл түймесі» функциясы 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына, жүкті әйелдерге және диспансерлік бақылаудың жекелеген топтары бойынша пациенттерге шұғыл, бір рет басу арқылы дәрігерді үйге шақыруға болады. Қазіргі уақытта қосымша меншік нысанына қарамастан мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа қызмет көрсететін барлық медициналық ұйымда қолданысқа енгізілген.
Зерттеудің нәтижесі жақсы емес
Damumed Apple және Android операциялық жүйелерін пайдаланушылар үшін қолжетімді. Мобильді қосымшаны енгізу медициналық мекемелердегі кезекті айтарлықтай азайтуға, болашақта түпкілікті жоюға мүмкіндік береді. Қазақстанның цифрландыру бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласы 2018 жылдың басынан бастап қағазсыз медицинаға көшу міндетін алға қойған. Бір сөзбен айтқанда, Damumed – кешенді медициналық ақпараттық жүйенің ресми қосымшасы.
Былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультеті мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ұстаздары Алматы қаласындағы «№3 қалалық емхана МКК» пациенттерінің Damumed медициналық мобильді қосымшасына қанағаттану деңгейін анықтау мәселесі бойынша пікірін зерттеу үшін сауалдама әзірлеп, жүргізген.
«Бұл зерттеуде пациенттердің дәрігерге хабарлама жазу және қосымшада денсаулығына қатысты дәрігер жазбаларын көре алу мүмкіндігі анықталды. Пациенттердің 100 %-ы дәрігерге қосымша арқылы хабарлама жаза алмайтынын көрсеткен. Себебі Damumed мобильді қосымшасында дәрігерге хабарлама жазу қызметі жүзеге асырылмаған. Сонымен қатар 100 % респонденттер дәрігер қабылдауының медициналық жазбасын қосымшада көре алмайды. Яғни бұл функция да Damumed мобильді қосымшасында жүзеге асырылмаған. Демек пациентке медициналық жазба қажет болған жағдайда емханаға қайта жүгіну керек болады. ШЖҚ «№3 қалалық емханаға» келушілердің 30,4%-ы ғана Damumed медициналық мобильді қосымшасын қолданады. Басым бөлігі, яғни қалған 69,6%-ы аталған қосымшаны қолданбайды. Бұл көрсеткіш жоғарыда көрсетілген респонденттердің жас құрамына байланысты болуы мүмкін. Емханада зейнеткерлер жетекші орынды алғандықтан оларға Damumed мобильді қосымшасын қолдану қиынға соғуы ықтимал немесе қосымша керек емес. «№3 қалалық емхана» пациенттерінің Damumed медициналық мобильді қосымшасын қолданудан бас тартуының басты себептері көрсетілген. Жалпы алынған мәліметтер бойынша, пациенттердің 19,6%-ы қосымшаны өзіне қажет емес деп санайды, 31,6%-ы қосымша жайлы білмейді, ал 10%-ы қызметтің сапасына қанағаттанбайды, басым бөлігінде (38,8%-ы) қосымшаны пайдалануға байланысты күрделіліктер туындайды. Деректерді талдай келе, қосымша арқылы медициналық қызмет әрдайым уақтылы жасалмайды деп айтуға болады, яғни 54,4% респондент қосымша арқылы медициналық қызмет әрдайым уақтылы жасалмайды деп көрсеткен. Осылайша, ер адамдардың 24,4%-ы мен әйел адамдардың 30%-ы жауап берді, ал мұнымен ерлердің 14%-ы мен әйелдердің 10,8%-ы келісті. Бұл көрсеткіш Damumed қосымшасында туындайтын кейбір қателіктермен және дәрігерлерде шұғыл басқа жұмыстардың шығып қалуымен байланыстырылды», дейді зерттеу жүргізген мамандар.
Көрсетілген медициналық қызмет түрлеріне сәйкес ерлердің 24%-ы мен әйелдердің 15,2%-ы қанағаттандырылды дегенмен ерлердің 14,8%-ы мен әйелдердің 26,8%-ы қанағаттанбайды деп айтуға болады. 41,6% сауалдамаға қатысушылардың қанағаттанбауының негізгі себептеріне – қызмет түрлерінің аздығы мен басқа да медициналық қызмет түрлері енгізілмегенімен байланыстырды.
Сергелдеңге салатын қосымша
Халықтың уақытын үнемдеп, қолұшын береді деген қосымшаның өткен жылдан бері басынан дау арылмай тұрғанын әлеуметтік желілердегі әртүрлі жазбалардан, тіпті қосымшаны жүктеуге арналған сервистің бетіндегі пікірлерден аңғаруға болады. Кінә кімде, кінәрат неде?
Мәселен, әлеуметтік желіде Дина есімді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қосымшадағы олқылықтардың кесірінен қаншама уақытын жоғалтқанын жазды.
«Тамыз айында короновируспен ауырған баланы медициналық тексеруден өткізу керек болды. Мамандарға жазылу үшін (офтальмолог, неврапотолог, эндокринолог, гинеколог) алдымен учаскелік дәрігерге жазыласың. Тәртібі солай. Емхананың телефоны арқылы жазылу мүмкін болмады, көтермейді. Бір күнім соған кетті. Содан соң Damumed арқылы жазылдым. Тура 8 күннен кейін бос орын бар екен. Жазылдық. Белгіленген уақытқа дәрігердің кабинетіне келдік. Офтальмолог +5 күн, эндокринологке жазылу жабық, енді келесі айға жазылу үшін тағы 20 күннен кейін қайтадан бізге жазылып, содан кейін жолдама аласыз. Невропатолог балалардікі жоқ, офтальмологке келгенде бір хабары болар, балалар гинекологі еңбек демалысына шығып кеткен дейді. Сонша уақыт күткім келмейді деп едім, онда ақылы бөлімге жазылып, солардан ем алыңыз дейді. Ол жақтың ақшасы да аз емес», дейді Д.Тұрарқызы.
Сөзін жалғастырған кейіпкеріміз негізі қосымшаның көмегі көп екенін де жасырмады.
«Учаскелік дәрігерге еш кедергісіз жазыла беретінбіз. Бірақ соңғы кезде учаскені автоматты түрде ауыстырып жібереді де, басқа дәрігерге жазады. Сосын емханада кімге кіреріңді білмей жүресің. Аталған қосымшада бөлек мамандарға жазылу функциясы бар, бірақ оларға тек учаскелік дәрігердің қарауынан кейін жазылуға болады. Әрине, МӘМС талаптары солай шығар. Бірақ дәл қазір бөлек дәрігерлерге жазылу мүмкін болмай тұр. Анализдерді іздеп шаршамайсың, барлығы бір жерде, қажет болса жүктеп аласың. Сосын Damumed жеке компанияның қолында, мемлекеттің қатысы жоқ деген айтылып жүр. Сонда біздің мәліметтеріміз кімнің қолында? Осы мәселе де алаңдатады», дейді ол.
Әйгерім есімді әлеуметтік желі қолданушысы да кейбір келіспеушіліктерін ортаға салды.
«Терапевт, арнаулы маман дегендерге жазылу мәселесі шикі. Көптеген адам дәл кезекке жазылған күні бара алмай қалады. Сөйтіп, келесі кезекке жазылсаң, тағы да 20-25 күн күтесің, дәл сол кезде дәрігерге уақытымен келсең кірдің, келмесең тағы қалдың. Ал ауырып жүрген адамды кезекке жаздырып, апталап күттіретіндері мүлде күлкілі. Сосын уақытында келмей қалған адамдар жазылудың күшін жоймайды. Егер күшін жойып отырса, басқа кезек күтіп отырған адамға жақсы болар еді. Кейде қосымшада мүлде бармаған дәрігерге бардың деп тізімге жазып қоятындары да бар. Қолдау 24/7 қосымшасы арқылы екі рет арыздандым. Бірақ қаншама адам бар, Damumed қосымшасын пайдаланбайтын. Негізі, қосымшаның пайдасы көп, әсіресе осындай алаяқтық жасайтын орталықтарды біліп отырасың», дейді ол.
Ал Зайра есімді азаматша мүлде бармаған, қаралмаған дәрігерде оның аты-жөні тұрғанын көрген.
«Damumed-те бірнеше рет анализ тапсырыппын, терапевт қабылдапты, бүйрегім ауырыпты, ОРВИ диагнозын да бірнеше рет қойыпты. Ең қызығы, еңбекке жарамсыздық парағын алыппын. Damumed-тен бармаған емхананың жазбаларын бірнеше ай «тамашалап» жүрмін. Барып ұрсысуға жүйкемді тоздырғым келмейді», дейді ол.
Жалған деректі жазған кім?
Қордаланған қоғамдық пікірлерді саралай келе қосымшаны жасаушыларға хабарласып, пікірін білдік.
«Damumed – қазақстандық жеке IT-компания. Бұл мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз өз қаражатына құрылған. Бүгінде Damumed – бұл пациенттің айналасында құрылған және медициналық көмек көрсету процесінің барлық қатысушысына сервистер ұсынатын денсаулық сақтаудағы тұтас экожүйе. Компания өнімдері – медициналық ақпараттық жүйе және пациентке арналған қосымшаны біз өз бетімізше, яғни компания қызметкерлері, отандық IT-мамандар күшімен тек компания қаражаты есебінен әзірледік. Мобильді қосымша 2017 жылы құрылды және пациенттерге, сондай-ақ медициналық ұйымдарға тегін беріледі. Біздің өнімдермен жұмыс істеу кезінде біз, әрине, барлық заманауи трендтерді ескереміз, халықаралық тәжірибені зерттейміз және жобалау мен әзірлеу кезінде барлық ең тиімді және қызықты әдістемелерді қолдануға тырысамыз», дейді компания өкілдері.
Сонымен қатар олар Damumed қосымшасында негізгі аккаунтқа өз туысқандарыңызды – қарт ата-анаңызды және 18 жасқа дейінгі балаларды қосу мүмкіндігі барын, яғни негізгі аккаунт иесінің жеке медициналық деректері және оның балалары мен ата-анасының деректері көрсетілетінін атап өтті.
«Сондықтан бүгінгі таңда Damumed қосымшасының цифрлы медициналық сервистерімен еліміздің 6,4 млн-нан аса азаматы қамтылған – 4 037 448 негізгі аккаунт, 2 045 601 баланың профилі, 359 507 олардың ата-анасының профилі. Damumed медициналық ақпараттық жүйесінде 1 700-ден астам медициналық ұйым жұмыс істейді, бұл – еліміздің барлық өңіріндегі жеке және мемлекеттік клиникалар. Медицина қызметкерлері арасынан 120 мыңнан аса дәрігерлер пайдаланады», деді мекеме мамандары.
Қосымшада адамдар бармаған, қаралмаған дәрігерлердің анализдері жазылған жағдайлар орын алған екен. Бұған не дейсіздер? Бұл кімнің қателігі деген сұрағымыздың да жауабын алдық.
«Damumed платформасы, кез келген сандық құрал ретінде, денсаулық сақтаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған қосымша арқылы пациент дәрігердің қабылдауына жазылуды немесе дәрігерді үйге шақыру, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көру, рецептілерді және тіркелген емхананың медицина қызметкерлері енгізген басқа да ақпаратты көреді. Демек Damumed қосымшасы пациент пен дәрігер арасындағы көпір деуге болады. Егер пациент қате ақпаратты тапса, оның қосымшада кері байланыс жасауға, оның ішінде медициналық көмек көрсету сапасы туралы пікір қалдыруға мүмкіндігі бар. Емхана кері байланыс жасауға тиіс, біздің экожүйе мұндай мүмкіндікті де қамтамасыз етеді. Егер қандай да бір қиындықтар немесе сұрақтар туындаса, әр адам біздің қолдау қызметімізге хабарласа алады, онда арнайы пациенттерге қолдау көрсету қызметін ұйымдастырамыз. Контактілерді компанияның ресми парақшаларында және пациенттің қосымшасында табуға болады», дейді компания өкілдері.
Иә, аталған мекеме мамандары Damumed қосымшасы пациент пен дәрігер арасындағы көпір екенін айтады. Сонда ел шулап жатқан шикіліктер қайдан шықты? Адам бармаған, қаралмаған дәрігеріне барды деп, ем қабылдады деп жалған мәлімет енгізген кімдер? Денсаулық сақтау министрлігінен сұрадық. Damumed қосымшасы арқылы медициналық көмекке қатысты мәліметті бұрмалаған емханалардың қай өңірлерде тіркелгенін де білдік.
«Қосып жазуларды тіркеу медициналық ұйымдардың кесіндісінде өткізіледі. Ең көп тіркелімдер саны Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының және Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында тіркелген», деді аталған ведомство өкілдері. Сонымен қатар олар заң бұзушылыққа жол берген ұйымдарға қандай шара қолданылатынын да жеткізді.
Damumed дертке демеу болса...
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қосылу шартының 20-тармағына сәйкес Тапсырыс беруші бұйрығымен бекітілген «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларына» сәйкес айыппұл санкцияларын қолданады. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-321/2020 және 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-291/2020 бұйрығымен бекітілген «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу қағидаларымен» – медициналық қызметтердің сапасы мен көлемі мониторингінің нәтижелері бойынша қызметтерді сатып алу шартының қолданылу кезеңінде ұсталған айыппұл санкцияларының сомаларын Тапсырыс беруші ағымдағы қаржы жылында қызметтерді медициналық көмек көрсетуге орналастыру үшін пайдалануға тиіс. 2021 жылдың 12 айында медициналық көмек көрсету сапасын мониторингтеу нәтижелері бойынша министрліктің ақпараттық жүйесінде медициналық қызмет көрсетудің 32 445 расталмаған жағдайы анықталып, 228,7 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Бұл ретте анықталған «қосып жазу» жағдайларының 99,8% немесе 32 376 расталмаған жағдайлар 192,7 млн теңге сомасына айыппұл салу Тегін медициналық-санитарлық алғашқы көмек және консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетушілерге тиесілі», деді Денсаулық сақтау министрлігі.
Сондай-ақ алдағы уақытта аталған жағдай қайталанбас үшін министрлік тарапынан қандай бақылау болатынын да сұрадық.
«Қазақстан Республикасының пациенттерін – азаматтарын ақпараттандыру үшін цифрлы технологиялар арқылы мынадай құралдар іске асырылды. Олардың қатарында «Стационарлық науқастардың электронды тіркелімі» ақпараттық жүйесінен стационардан шығару туралы SMS-тарату (медициналық ұйымдардың атаулары мен мекенжайлары, сондай-ақ емделген жағдайдың диагнозы және емдеу нәтижесі), «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесінен жазып берілген рецептінің нөмірі туралы SMS-тарату, «Емдеуге жатқызу бюросы» ақпараттық жүйесінен жоспарлы емдеуге жатқызу күні туралы SMS-хабарлама, сұрақтар туындаған жағдайда пациент Бірыңғай байланыс орталығына 1406 тегін нөмірі бойынша қоңырау шала алады, Қор мен медициналық қызметтерді тұтынушылар арасындағы кері байланыс үшін қор Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын іске асырды, пациенттердің медициналық көмек көрсету сапасы мен қолжетімділігін бағалауға арналған «Даму» ақпараттық технологиялар орталығының Damumed мобильді қосымшасы бар», деді.
«Damumed – қазақстандық жеке IT-компания. Ол жерде қаншама адамдардың жеке мәліметтері сақталған. Азаматтар тарапынан осыған алаңдаушылық білдіріп отырған жандар барын жоғарыда айттық. Осы бойынша да министрлік өкілдерінің пікірін білген едік.
«Деректерді иеленуге қатысты, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің ережелеріне сәйкес, Damumed дербес медициналық деректердің агрегаторы ретінде олардың иелері болып табылмайды. Damumed деректерді жинап өңдейді, сондай-ақ аталған кодекстің талаптарына сәйкес медициналық ұйымдар мен денсаулық сақтау органдарының қызметкерлеріне ұсынады. Damumed МАЖ-сі Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік тексеруден өтті», деді министрлік өкілдері.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ел игілігі үшін жасалған осындай қосымшалар халықтың уақытын үнемдеуге, медициналық мекемелерді қағазбастылықтан арылтуға мүмкіндік тудыратыны анық. Бірақ орын алып жатқан кемшіліктер баянды бағдарламалардың тамырына балта шабумен бірдей екені түсінікті. Қарқынды дамыған Қазақстанды қалыптастыру үшін әр салада олқылықтардың орын алмауына зер салған дұрыс. Көпшілік көкейіндегі ой осы болса керек.