Ең жоғарғы көрсеткішті сауда-саттық көрсетіп отыр. Бұл қуанарлық жағдай емес. Ел экономикасының тірегі өндіріс болуы тиіс. Қазақстан тауар өндіруші мемлекет болған жағдайда ғана ел еңсесін көтереді. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қолдау.
Кларк-Фишердің экономикадағы үш секторлық теориясына сәйкес мемлекеттің өркендеуі шикізат өндірумен қатар жүруі керек. Бірінші мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, балық және орман шаруашылығы, одан кейін өндіріс, ал үшінші кезекте қызмет көрсету саласы болуы тиіс. Дамушы елдер немесе дәстүрлі өркениеттегі ел (доиндустриалдық қоғам) алдымен бірінші сатыдан өтеді. Онда жұмыс орындарының 70%-ы – шикізат өндіру саласында, 20%-ы – өнеркәсіпте, 10%-ы қызмет көрсету саласында ашылуы қажет. Осы теория бойынша Қазақстан экономикалық өсудің қай сатысында тұрғанын талдап көрейік.
2020 жылдың статистикалық мәліметтеріне сәйкес, елде 9,18 млн жұмыс қолы бар, соның 6,68 млн-ы – жалданбалы жұмыскерлер болса, 2 млн 45 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер. Ал сол жалданбалы жұмыскерлердің 2 млн 895 мыңы өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығында еңбек етеді, 3 млн 792 мыңы – қызмет көрсету саласында. Екеуінің үлесі 44% және 56%, яғни бұл көрсеткіш постиндустриалды мемлекеттерге тән деген сөз. Ойлап қараңызшы, Қазақстан постиндустриалдық мемлекет қатарында ма? Тіпті индустриалды ел болып өз тауарларымызды шығаруға толық қол жеткізе алғанымыз жоқ. Агроөндірістік сала күйреп, бүкілі үй шаруашылығы деңгейіне түсті. Міне, осындай сәйкессіздіктен, яғни ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы өркендемегеннің салдарынан азаматтарымыз сауда-саттық пен қызмет көрсету саласында жүр. Мұндай экономикалық жағдайдың айнасы қоғамда көрініс тауып жатыр, Қазақстанның батыс өңірінде халық көшеге шығып тек жұмыс талап етіп тұр.
Осы мәселені Үкімет ескерсе, бір қадам ілгерілеп, екі қадамға шегінуіне тура келеді. Яғни қызмет көрсетуде шегініс жасап, өндіріс пен өнеркәсіпті дамытуды қолға алуы керек. Ауыл шаруашылығы қожалықтарын ірілендіре отырып, кооперацияны өркендету қажет. Сол сияқты жекешелендірілген өндірістерге мониторинг жасап, мүмкіндігінше шикізат өңдеуден арылып, тауар өндіруді ынталандыру керек. Оның мемлекеттік реттеу механизмдері баршылық.
Ал сауда-саттық саласындағы жағдай қалай? Жабайылық, ақылға қонбайтын үстеме баға қою, қолдан-қолға өтіп жатқан делдалдық, салықтан жалтару, кедендегі келеңсіздік және тағы басқаларды ауыздықтай алмай тұрмыз. Президент Қ.Тоқаевтың «Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 млн адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын», деді. Алматы облысында орын тепкен осы сауда империясында қашан тәртіп орнайды деп халық көптен күткен еді. Енді қала халқы жақсы хабар күтеді. Тұрғындарға керегі – базардың бір қолдан екінші қолға өтуі емес, азық-түліктің арзандауы қызықтырады. Бұл жерде алыпсатарлардың «жеті атасы» жиналғаны жұртқа мәлім және бұзақы топтардың өз заңымен жүріп жатқаны белгілі.
Жалпы, шағын бизнесті тексермеу керек деген қағида кәсіпкерлердің халықты қанауына жол ашып берді. Біз тұратын жерде барлық көкөніс сататын орынды Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген мигранттар жайлап алған. Олардың тауарына баға ешқашан қойылмайды. Ойына келген бағаны айтып отыра береді. Сондықтан Алматының әр ауданының жауапты қызметкерлері «Алтын орда» базарына сырттан келетін көліктерге аудан бойынша орын белгілеп, халыққа тікелей сататындай жағдай ұйымдастыруы қажет. Сонда бұл азық-түлік бағасының түсуіне де ықпал етері анық.
Бұл жердегі басты мәселе – ауыл шаруашылығы тауарларының жеткілікті көлемде өндірілуінде. Нарықты әкімшілік жолмен реттеу мүмкін емес. Оны реттейтін нарықтың өзі, яғни сұраныстан ұсыныс көп болған жағдайда баға өзінен-өзі түседі. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіру субсидияға байланып қалғаны рас. Бұл өндірушіге бюджеттен қайтарымсыз қаржы бөлу деген сөз. Тегін ақшаны кім жек көрсін. Президенттің «Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде» деуі бұл жұмысты қатаң бақылауға алу керегін білдіреді. Қазақтың «Ет тәттілігін қойса, мен жеуімді қояр едім» дегендей, тегін берілетін ақша жолында талай сұғанақ қолдар жүретіні хақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жаппай субсидия беруді қысқарту керек. Оның орнына форвардтық келісімдер мен банктер арқылы арзандатылған несие берген дұрыс. Үкіметтің банктердің төмен несиеге байланысты шығындарын жауып отырғаны тиімді, өйткені орта жолдағы ұрылардың жолы кесіледі.
Қысқасы, халық қордаланған проблемалардың тез шешілуін күтеді.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы