22 Наурыз, 2014

Хоккей: «Барыс» екі ойындағы есепті теңестірді

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

0-hokkey-barys-salavat-22-03-14-4

Бүгін, 22 наурыз күні Астанада жергілікті «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасының плей-оффы екінші раундында Уфаның «Салават Юлаев» жасағын қабылдап, 5:2 есебімен ұтып шықты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Матч уфалықтардың шабуылымен басталды. Осы кезде алаң иелері сапынан бір ойыншыдан кейін бір ойыншы алаңнан қуылып жатты. Осындай азшылық тұсында олар өз қақпаларына гол да соқтырып тынды. Мұны 12 минутта Андрей Зубарев жасады. Тағы төрт минуттан кейін меймандар форварды Егор Дубровский екі қорғаушының ортасынан жойқын соққы жасап, астаналықтарды қапыда қалдырды. Алаң иелері бір голдың қарымын кезең бітуге бір минут қалғанда қайтарды. Оны Дастин Бойд пен Брэндон Боченскиден пас алған Кристиан Кудроч салды. Екінші кезеңде Ари-Пекки Селиннің шәкірттері үздіксіз алға ұмтылумен болды. Бұл аралықта олар тағы екі шайба салып, ойында бірінші рет алға шықты – 3:2. Шайбаларды Константин Руденко мен Кэм Баркер түсірді. Біздің жігіттер үшінші кезеңде де осылай жауапсыз екі шайба соқты. Алдымен Боченси мен Бойдтың пасынан Андрей Гаврилин есепті 4:2-ге жеткізді. Ал соңғы нүктені Боченскидің қолдауымен Дастин Бойд қойды. Осылайша екі ойындағы есеп 1:1-ге тұрақтады. Енді үшінші және төртінші ойындар 24 және 25 наурыз күндері Уфада өтеді. Содан соңғы бесінші кездесу Астанада ойналады. Еске сала кетейік, Астанада өткен бірінші ойынның негізгі уақыты 2:2 болып аяқталған еді. Жеңімпаз овер-таймда анықталды. Оны 62-минутта Никита Филатов салып, қонақтарға жеңіс әперді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: «Барыс» хоккей клубының архиві.