Әлем • 12 Ақпан, 2022

Түркі елдерінің Ақсақалдар кеңесі Ердоғанмен кездесті

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркі елдерінің Ақсақалдар кеңесі Ердоғанмен кездесті

Алқалы жиынға Қазақстан тарапынан осы кеңестің мүшесі Икрам Адырбеков қатысты. Түркия Президенті Р.Ердоған Ақсақалдар кеңесінің мүшелерін жылы ықыласпен қарсы алып, кеңестің рөлі мен атқаратын жұмысы туралы пікірімен бөлісті. Түркия Президенті өз сөзінде 2021 жылы қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының саммитінде Ақсақалдар кеңесінің дәрежесін көтеріп, жұмысын жандандыру туралы ортақ шешім қабылданғанын және осы Кеңеске жетекшілік ету сенімді әріптесі, Түркияның бұрынғы премьер-министрі Бинали Йылдырымға тапсырылғанын атап өтті.

Жиында түркі халықтарының ежелден табиғатында бар үлкенді сыйлау, сөзін, ақыл-кеңесін тыңдау дәстүрін, мәдениеті мен құндылықтарын сақтау, дәріптеу, дамыту ортақ парызымыз екені айтылды. Сонымен қатар әлемде барлық бағытта күрделі, шиеленіскен мәселелер көбейгенін алға тартқан Түркия басшысы бұл сын-тегеуріндерді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері бірлесіп шешкені дұрыс деген пікір білдірді. Ол үшін бауырлас елдер арасындағы достықты, ынтымақтастықты арттырып, дамыту керек. Р.Ердоған Түркия ұйымның бүгінгі төрағасы ретінде осы бағытта қарқынды жұмыс атқаратынын айтып, сөзін қорытындылады.

Кездесуде сөз алған Қазақстан өкілі Икрам Адырбеков Түркия Президенті Режеп Ердоғанға қазақстандықтар атынан зор денсаулық тілей отырып, Ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізгеніне алғыс білдірді. Ол сондай-ақ Ыстанбұлда өткен жиынның негізгі қорытындысы жайлы айта келіп, бауырлас Қазақстан мен Түркия елдерінің өзара қарым-қатынасына тоқталды. Қазақстан өкілі екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, пандемия кезінде бәсеңдеп қалған екіжақты қарым-қатынасты барлық бағыт бойынша қайта жандандыруға шақырды.

Режеп Ердоған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәлемі мен арнайы шақыруын жеткізе отырып, биыл көктемде Түркияға ресми сапармен келетініне сенім білдірді.

Ай басында Түркия басшысы Украинаға сапарынан кейін омикрон вирусын жұқтырып, сырқаттанып қалғаны хабарланған-ды. Қазақстан Президенті әріптесінің тезірек сауығып кетуін тілеп хат жолдаған еді, оған Р.Ердоған ризашылығын білдірген.

Еске салсақ, 9 ақпан күні Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 12-ші отырысы өтті. Үш күнге созылған жиында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері бас қосып, кеңестің мақсат-міндеттерін талқылап, келешектегі жұмыс жоспарын айқындаған.