Әлем Қазақстан басшысының қарусыздануға қосқан үлесі туралы
Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы:
– 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жауып және Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы жөнінде шешім қабылдап, сөзсіз көшбасшылық қадам жасады. Бұл қадам ерекше көрегендікті паш еткен, шын мағынасындағы тәуелсіздік Декларациясы болды. Бүгінде бұрынғы полигон қарусыздану символына және болашақтың үмітіне айналды. Нақ осы жерде Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Бүгін біз нақ осы жерде негізі қаланған әлемді ядролық қарудан тазарту және құтқару жөніндегі үмітіміздің нақты іс жүзіне асатынына сеніміміз мол.
Мен Қазақстан көшбасшылығының үлгісін жоғары бағалаймын. Ядролық сынақ алаңын жабу және ядролық қарудан бас тарту арқылы сіздер бүкіл әлемге үлгі болдыңыздар. Болашақта ядролық жарылыс дүмпуі болмайтындығына сенім артамыз.
Марк Перен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
– Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарды және жаһандық қауіпсіздікті күшейту жүйесіне маңызды үлес қосты. Оның дана саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жаңа құрметті мүшесіне айналды. Республиканың бүгінгі табыстары басқалар үшін үлгі.
Джон БАРРОУ, АҚШ конгрессмені:
– Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтудың елеулі факторы болып табылатын ядролық қаруды таратпауға аса зор және баламасыз үлес қосты. Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау бір тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқан кезде халқына берген уәдесінің іс жүзіне асырылу фактісі қазақстандық басшының сөзінде тұратын тұлға екендігіне дәлел болады.
Джордж РАДАНОВИЧ, АҚШ конгрессмені:
– Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігіне және көшбасшылығына шексіз ризалықпен қол соғамын. Бүгін біз Қазақстан лидерінің қуаты жағынан әлемдегі төртінші орынды алатын ажал қаруынан бас тарту жөніндегі шешімінің тек адамзаттың мүддесі үшін ғана қабылданған шешім емес, сонымен бірге, ол бүкіл тарих қозғалысын өзгерткен шешім болғандығын зор сеніммен мәлімдей аламыз. Бүгін біздің елдеріміздің ядролық қаруды таратпау қозғалысындағы жетістіктерін ғана емес, Құрама Штаттар мен Қазақстан арасындағы ірі стратегиялық серіктестік қатынастарын атап көрсетеміз.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау үдерісінің шешуші қатысушысы және жан-жақты мойындалған көшбасшысы, ол өзінің осы қадамы үшін қандай мақтауға да лайық. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бұл елдің алдағы уақытта да өзінің көшбасшылығын нығайта беретіндігіне сенеміз. Қазақстан ядролық қаруды таратпау саласындағы өзінің халықаралық міндеттемелерін бұлжытпай ұстайды және Құрама Штаттармен ынтымақтастық байланысын одан әрі кеңейтуге дайын.
Қазақстанның серпінді дамуының одан әрі жалғасуы – бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өркендеудің кепілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің елін саяси және экономикалық реформалар жасауда талассыз көшбасшылыққа жеткізгені үшін қандай да болмасын құрмет пен марапатқа лайық.
Питер ЭДИГЕР, «Зорлық-зомбылықсыз әлем» қозғалысының үйлестірушісі:
– Қазақстан – бүкіл әлем үшін үлгі бола алатын ел. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі тарихта ешкім бармаған қадам жасады. Ол халқына үлкен қайғы-қасірет әкелген ядролық полигонды жапты. Бұл барлық «Ядролық клуб» мүшелері үшін орасан зор үлгі ғана емес, нағыз ерлікке толы батыл қадам болып табылады. Өз тарапымнан: алғашқылар қатарында болуға қорықпаңыздар, ядролық амбицияларыңыздан бас тартыңыздар дегім келеді. Өйткені, ядролық сынақтардан сол елдің халқы ғана емес, табиғаты да орасан зор зардап шегеді. Адам болып қалудың не екені туралы ойланған жөн.
Эндрю БЕЙКЕР, Раввин, ЕҚЫҰ-ның антисемитизммен күрес жөніндегі өкілі:
– Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан орасан зор үлесі үшін шын жүрегімізден шыққан ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар, Қазақстанның бейбітшілік пен келісімде түрлі ұлттар мен ұлыстардың және діни конфессиялардың өкілдері өмір сүріп жатқан ел екенін атап өтуіміз керек. Қазақстандық модельді бүкіл әлемде пайдалануға болатын үлгі деп есептеймін.
Джек СТРО, Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі:
Қазақстан және Н.Назарбаевтың жеке өз басы бейбітшілікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанның үлгісімен бірнеше мемлекет ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартты. Менің ойымша, бүкіл әлем Қазақстанға «рахмет» айтуға тиіс.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде зор даму белестерінен өтті. Бұл ретте халықтың әл-ауқатының жақсаруы өмір деңгейінің артуы ғана маңызды болып қана қойған жоқ. Сол сияқты экономикалық институттардың дамуы да ерекше маңызға ие болды.
Дипти ЧОУБИ, Карнеги қорының ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша сарапшысы:
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таратпау саласындағы еңбегін жеке-дара атап өтті. Қазақстанның үлгісі бүгінде баршамыз үшін аса маңызды. Қазақстан басшылығының саясаты біздерді шын мәнінде таң қалдырады. Қазақстан – бұл АҚШ-тың таратпау саласындағы сенімді серіктесі.
Энтони ФАЛЕОМАВАЕГА, АҚШ конгресі өкілдер палатасының мүшесі:
– Қазақстанға, батысшыл бағыт ұстаған жас және болашағы үлкен мемлекетке, оның гүлденген және дамыған демократиялық қоғам құру жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсететін уақыт жетті.
Біз үшін әлемде берік те сенімді одақтастар табу өте маңызды.
Қазақстан нақ осындай одақтас болып табылады. Біз Қазақстанның халықаралық мәселедегі жауапкершілігі жоғары қадамдарының тарихы жөнінде кеңінен насихаттауымыз керек. Оның бүгінгі таңдағы ең өткір халықаралық проблемаларды шешу үшін ерекше маңызы бар.
(Конгрессменнің 2003 жылғы 19 маусымда жасаған мәлімдемесінен)
Президент Н.Назарбаевтың, сенаторлар Р.Лугара және С.Нанның тарихи еңбектерін адамзаттың лайықты бағалауының бір көрінісі оларға бейбітшіліктің Нобель сыйлығын беру болып табылар еді. Мен олардың еңбегі үшін берілген осындай бағаның ядролық қауіпті төмендететіндігіне және жаһандық қауіпсіздікті нығайтатындығына сенемін және бұл ұсыныстың жан-жақты қаралатынына үміт артамын.
(Конгрессменнің 2003 жылғы 24 желтоқсанда жасаған мәлімдемесінен).