Аймақтар • 13 Ақпан, 2022

Интернет алаяқтықты қалай құрықтаймыз?

585 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір интернет арқылы алаяқтық қылмыс жасау өмір шындығына айналды. Бұған ешкім де таңғалмайды. Ең өкініштісі сол, құқық қорғау орындары оларды ұстауға дәрменсіз болып отырғанын мойындау керек. Ілуде бір алаяқтың ғана ұсталғанын естіп жатамыз. Өйткені құқық қорғау орындарында компьютерді жоғары сапада меңгерген мамандар аз. Тиісті мамандар құқық қорғау органдарының мардымсыз еңбекақысына бола полиция қызметіне бармайды. Интернет алаяқтықты банк операциялары арқылы жасайтындардың бұрын банкте жұмыс істегені даусыз, бірақ оларды құқын бұзбай қадағалауға алуға да полиция дәрменсіз.

Интернет алаяқтықты қалай құрықтаймыз?

Құқық қорғау органдарының қолынан  келетіні – осындай қылмыстарды тіркеу және оның жыл сайынғы өсімін болжау. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция қызметінің мәліметіне қарағанда, мұндай қылмыстың биылғы өсуі шамамен 2 есе болғалы отыр. Жалған аккаунттарды, анонимайзер бағдарла­ма­ларды шебер пайдаланатын алаяқтар саны жыл сайын осылай өсуде. Бұл құралдар арқылы алаяқтар өз құрбанының логиндерін, жеке шоттарының парольдерін, банк карталары мен шоттарының деректерін біліп алады.

Облыста былтыр 782 интернет-қылмыс тіркелген, ал 2020 жылы ол 543 болған еді. Өткен қаңтар айында ғана 54 қылмыс тіркелді. Интернет алаяқтың ең көп түрлері: банк қызметкерлері ретінде жалған қоңырау шалу, танымал жарнама сайттарында тауарларға тап­сырыс алу арқылы және ақша қаражат­та­рын жылжытуға жалған уәде беру.

Адамдардың ұялы телефондарына ең көп айтылатын өтірік – банктің қауіпсіздік қызметінен телефон шалған болып, клиент­тің картасында күдікті операциялар болып жатқанын айтып шошыту. «Сіздің картаңызды бұзуға әрекет жасалды» немесе «картаңыздан қаражат алынғалы жатыр» деген сияқты сөздерді өтірік жанашырлықпен жылы сөйлеп айтқанда клиент алаяқтың арбауына қалай түсіп қалғанын өзі де сезбей қалады. Одан әрі «жанашыр» алаяқтар: «сіздің атыңызға несие ресімделгелі жатыр, осының алдын алу үшін тезірек онлайн-несие алыңыз да оны запастағы шотқа аударыңыз» деп ақыл айтады. Осыған сенген кейбір адамдар алаяқтың тапсырмасын мүлтіксіз орындайды. Ал «запастағы шот» ол алаяқтың қақпаны, оған аударылған ақша бірден алаяқтың қалтасына түседі. Былтырғы желтоқсанның аяғында Петропавл қаласында дәл осы жолмен бір адам 2 млн теңгеге «несие ресімдеп», арандап қалды.

Облыстық ПД кри­ми­налдық полиция басқармасының бастығы, под­полковник Марат Жұмалиев: «Мұндай жағдайға тап болсаңыз, сөйлесуді дереу тоқ­та­тып, өз банкіңіздің жедел желісіне қоңырау шалып, осы жағдай туралы айтуыңыз керек. Банк қызметкері клиенттерге ешқашан қоңырау шалмайтынын және құпия деректерге қызығушылық танытпайтынын естен шығармаңыз», дейді. Сонымен қатар подполковник алаяқтардың банктік терминдерді шебер қолданатынын және оларды айтатын әңгімесіне шебер ұштастыратынын айтады. Бұл да алаяқтардың бұрынғы немесе тіпті қазіргі банк қызметкерлері екенін айдан анық дәлелдейтін фактор.

Кейде мынадай жағдайлар да алаяқтарға «жарқын жол» салып береді. Адамдар банкоматтардан ақша алғанда немесе терминалдардан төлем жасағанда түбіртектер мен чектерін сол жерде қалдырады. Ал ондайларда клиенттің ұялы телефонының нөмірі, ЖСН, соңғы аударым сияқты мәліметтер болады. Осындайларды жинап алған алаяқ клиент­ туралы көп­теген дерекке қарқ болады. Сондықтан та­залық сақтағыңыз келмесе де ақ­шаңыздан айырылып қалмас үшін түбір­тек­ті өзіңіз­бен бірге алып кеткеніңіз абзал.

Біздің бюрократиялық жүйеде клиенттің жеке деректерін кез келген анықтамаға тол­ты­руға жол берілген. Петропавл қаласын­да­ғы бір әйелге емдеу мекемесінен берілген анық­тамада оның ЖСН, паспорт нөмірі, телефон нөмірі сияқты деректері жазылған. Анықтаманы тауып алған алаяқ дереу әлгі әйелге несие ресімдеп, банкке сыртынан қарыздар еткен. Ал алаяқ несиенің қаражатын қақшып кеткен. Бұл қылмыс әйтеуір жедел-іздестіру шаралары барысында кездейсоқ жағдайда ашылған. 34 жастағы қылмыскер өзінің қылмысын мойындаған.

Сондықтан қазіргі уақытта емдеу және басқа да жеке куәлікті талап етіп, оның кө­шір­­месін түсіріп алатын мекемелерге тыйым салу керек сияқты. Керекті деректерді адам өзі де айтып беруіне болады. Интернет алаяқ­тықтың жолын кесудің көп амалының бірі осы.

 Солтүстік Қазақстан облысы