АҚШ тарапы шабуыл сәрсенбіде басталуы мүмкін екенін ескертті. АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі журналистерге берген сұхбатында бұл үндеу дағдарыстың нашарлауын түбегейлі шешпегенін атап өткен. Шенеунік мемлекеттер басшылары алдағы уақытта тағы да келіссөз жүргізуге уағдаласқанын жеткізген. Әйтсе де, Украинадағы ахуалдың шешіліп кетуі екіталай.
Мәскеуде сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесші Юрий Ушаков президенттердің әңгімесін «іскерлік» деп атап, «президенттер барлық деңгейдегі байланыстарды жалғастыруға келісті» деді. Бірақ ол АҚШ-тың Ресей шабуылдайды деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Ақ үй мәлімдемесіне сүйенсек, Байден Ресей Украинаға басып кірсе, АҚШ пен одақтастары «нақты жауап беріп, Ресейге қарсы күрделі қадамға баратынын» жеткізген. Сондай-ақ АҚШ мәселені дипломатиялық жолмен шешуге дайын екенін, бірақ ахуалдың басқалай өрбуін де естен шығармайтынын атап өткен.
Франция президенті Эммануэль Макрон да Ресей басшысымен жеке сөйлескен. Олардың әңгімесі бір сағат 40 минутқа созылды. Келіссөз кезінде Франция президенті жағдайды шиеленістіріп қойып «шынайы диалог» жүргізілмейтініне екпін берген. Қазіргі таңда Ресей әскерлерін шекараға жақын позицияларға әкеліп жатыр.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен де сенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен сөйлесіп, Ресейдің Украина төңірегінде себепсіз әскери күш әкелуін тоқтату мақсатында дипломатиялық шешім қабылдауға шақырды. «Мен Ресейдің одан әрі агрессиясына табанды, жаппай және біртұтас трансатлантикалық жауап қайтарылатынын қайталадым», деді Блинкен.