Білім • 14 Ақпан, 2022

Балалар білімді болсын десек...

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел болашағы – балалардың білімді болып өсуі ертеңгі күннің берік кепілі. Соңғы уақытта балалардың жан-жақты дамуына жақсы мүмкіндіктер туып отыр. Бұл орайда ел Президентінің маңызды сөзінен кейін соны серпін алған тәрбие ошақтары тәлімді жұмыс істеуде.

Балалар білімді болсын десек...

Ел ертеңін қаузаған бір сөзінде Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев балаларға қатысты ойын былай тү­йін­деген болатын. «Балалар – мем­ле­ке­тіміздің жарқын болашағының ке­пілі. Сондықтан да алдағы жылды «Ба­ла­лар жылы» деп жариялау керек деп есеп­теймін. Әңгіме жалаң ұран мен мере­ке­лік шаралар туралы емес. Бірін­ші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­мет­тік қолдау бағытында нақ­ты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз».

Облыс орталығында 2020 жылдың қараша айында облыстық білім басқар­ма­сы жанындағы Bolashaq Saraiy ашыл­ған болатын. Қосымша білім беру орда­сының қабырғасы қаланып, іші білім шұғыласымен нұрланғалы небәрі бір жылдан астам уақыт өтсе де, тамыры тереңге тартатын тарихтың алғашқы негізі қаланып үлгерді. Бұл орайдағы мақсат белгілі. Ең алдымен саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Сол арқылы еліміздің беделін асқақтататын ұлағатты ұлттың негізін қалыптастыру. Bolashaq Saraiy»-ында мектеп оқушылары мен студенттер спорт, шығармашылық, ІТ, медиа жастар мен жасөспірімдерді үй­лес­ті­ру бағыттары бойынша өз білім­дерін жетілдіруге толық мүмкіндік алып отыр.

Осы білім ордасының мүм­кін­ді­гін айта кетелік. Бір уақытта 1 175 бі­лім алушы өзі қалаған бағыт бойын­ша шұғылдана алады. «А» блогы оқу­шылардың шығармашылықпен, ғы­лым­мен айналысуына арналса, «Б» блогы саламатты өмір салтын ұстанып, спорттың әлденеше түрімен айналысады. Қазіргі таңда аталған білім ордасында 112 үйірме бар. Осы үйірмелерде 3 мыңнан астам оқушы білімін арттырып, спортпен шұғылдануда. Бір айта кетерлігі, әр топтағы балалардың саны шектеулі. Небәрі 15 балаға дейін. Бұл  олардың еркін шұғылдануына мүмкіндік тудырады.

Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Қасым-Жомарат Тоқаев қазіргі уа­қытта техникалық бағыттағы маман­дық­тардың артықшылығына айрықша мән беріп отыр. Өйткені, ел болашағы тікелей осы бағытқа байланысты. Балалардың техникалық білім алуына бар мүмкіндік қарастырылған. Айталық, ІТ бағытында 30 үйірме жұмыс істейді. Талдап айтатын болсақ, инженерлік бағыт бо­йынша «Авиамодельдеу» студиясы, STEAM, Tesla Club, Cybertron роботтехника шеберханасы, радиотехниктер клубы, New Generation энергетиктер клубы, New Generation электроншылар клубы, ақылды заттар әлемі, WeDo Club, Lego Club, Lego Mindstorms, Lego WeDo сияқты 12 үйірме бар. Ал техникалық бағыттағы кішкентайларға арналған алгоритм, үлкендерге арналған алгоритм, Python, JavaScript, IT клуб (веб негіздер), «3D модельдеу» шеберханасы, Компьютерлік дизайн, графикалық дизайн тәрізді 11 үйірме балалардың ора­сан зор қызығушылығын тудыруда. Техникалық шығармашылықтың инновациялық паркінде Wood art ағашпен жұмыс, «Верьф» кеме жасау, «Креатив» ағаш ұстасы, «Креатив» көр­кем ағаш ою, «Бабалар ізімен», Стенд­тік моделдеу бағытындағы үйірме­лер­дің жұмысы үйіріліп тұр.

Мекемеде білім алушылар меке­меі­шілік сайыстар, тренингтер, кино көр­се­ті­лім, шығармашылық кештер, әртүрлі конференциялар мен форумдар және тағы басқа іс-шараға да қатысады. Жаңа білім ордасы ашылғалы оқушылар біршама жетістікке жеткен. Бұл сөзі­міз­ге дәлел ретінде жас талапкерлердің об­лыстық, республикалық, тіпті ха­лық­аралық деңгейдегі сайыстарға қаты­сып, жүлделі орындарға ие болып жүр­ген­дігін айта кетуімізге болады. Шы­ғармашылық бағыттың шыңына шығуға ұмтылғандар Ресей, Беларусь, Латвия, Әзербайжан елдерінде өткен әртүрлі байқаудың бас жүлделерін алып үлгерді.

Спорт бағытының еркін күрес үйір­ме­сінің балуаны Алдияр Балташев Беларусь Республикасында өткен есту қабілеті төмен спортшылар арасында чемпион атанды, жас футболшылар қала және облыс көлемінде аула футболынан топтық 3 орынды жеңіп алса, қазақ күресі үйірмесіне қатысатын бір топ балуан үлкенді-кішілі боз кілемнің үстіндегі белдесулерден олжалы оралып жүр.

Медиа бағытының тәрбиеленушілері де білім ордасында алған білімдерінің негізінде республикалық сайыстарда топ жарды. Ғылыми-интеллектуалды бағыттың оқушысы Тамила Жаббасова қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бойынша Халықаралық ғылыми-экологиялық форумға қатысты.

Мекемеде 114 педагог қызмет етеді. Олардың арасында өз ісінің майталман мамандары – ғалымдар да бар. Бір сөзбен айтқанда, Bolashaq Saraiy бала­лардың болашағына кең жол ашып келе жатқан білім бағына айналып отыр.

 

Көкшетау қаласы