Мен – 1939 жылы Аягөз ауданының Мыңбұлақ ауылында дүниеге келдім. Семей қаласында мал дәрігері мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірдім. Институтта оқып жүргенде, Семей өлкесінде бірнеше рет ядролық жарылыс жасалғанынан хабардар болдық. Полигон белдеуіндегі тұрғындар жұмбақ жағдайда көз жұмып, түрлі ауру-сырқау, кем туған сәбилер көбейді.
1991 жылы 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл қазақ даласын үлкен апаттан арашалаған тарихи күн еді. 1989 жылы антиядролық қозғалыс басталып, халықаралық сипат алды. Бұл айтулы оқиғаға біз де хал-қадерімізше үлес қостық. Семей өлкесінде полигонды жабу жұмыстары қалай жүргізілгені әлі күнге дейін көз алдымда.
1989 жылы қазан айынан бастап сынақ алаңын тоқтатуға халықты жұмылдыру бағытында жұмыс жүргіздік. Осыған байланысты Семейдегі Абай атындағы кітапханада үлкен жиын өтті. Медицина институтының ғалымдары, сол кездегі «Семей-Невада» қозғалысы Семей бөлімінің төрағасы Марат Оразалин, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Салауат Тапбергенов және тағы басқа көптеген азаматтар атом жарылыстарының адам ағзасына қаншалықты зиян екені жөнінде мәселе көтерді. Дәрігерлер полигонның зардабы туралы ғылыми тұжырымдарын айтты. Сол жылдары Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болатын. Ол да бұл мәселеге үн қосып, Мәскеуге хат жазды. Обкомның идеология қызметкерлеріне тапсырма беріліп, ауылдарға жіберілді. Осылайша, атом сынағын тоқтату орайында ауқымды жұмыс жүргізілді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жарты ғасырға жуық халық басына зобалаң орнатқан Семей полигонындағы жарылыстар тоқтатылғанда, бәріміз бөркімізді аспанға атып, қатты қуандық. Сынақтан сансыраған жұрттың санасына қайтадан сәуле құйылғандай еді.
Полигонның жабылуына ерекше еңбек сіңірген тұлға – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы жыл сайын Семей жұртшылығымен жүздесіп, хал-ахуалымен танысып отырады. Соңғы жылдары Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында Семей шаһары жан-жақты дами бастады. Әсіресе, медициналық кластер жетілдіріліп, қалада түрлі сала бойынша дәрігерлік қызмет көрсететін емдеу мекемелері бой көтеруде. Жуырда қалада үлкен оңалту орталығы салынады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде әлемдік қоғамдастыққа Семейдің аты жете таныс. Өткен жылы қала әкімі Айбек Кәрімов Жапонияның Нагасаки мен Хиросима сияқты атом жарылысынан зардап шеккен қалаларында болып, семейліктердің атынан сөз сөйледі. Сондай-ақ, Түйемойнақ аралында жыл сайын қазан айында полигон құрбандарын еске алуға арналған үлкен іс-шара өткіземіз. Оған бүкіл семейліктермен бірге, шетелдіктердің де келуі дәстүрге айналды.
Әрине, полигонның зардаптарынан толық арылдық деп айта алмаймыз. Десе де, полигон белдеуіндегі халықтың денсаулығы осыдан 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, жақсарып келеді. Бұл – әлемдік ядролық қарусыздану стратегиялық идеясының бастамашысы болып отырған Елбасының ерен еңбегі мен ерлігінің нәтижесі деп білеміз. Келешекте әлемді ядролық сынақтардан құтқару жолындағы Қазақстанның бастамасын жер-жаһан жұрты құрметтеп, кең қолдау білдіретініне сеніміміз кәміл.
Анатолий ВОЛЧЕНКО,
«Семей-Невада» қозғалысының және
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі.
СЕМЕЙ.