Аймақтар • 14 Ақпан, 2022

Бір жұтым ауа жұпар болса...

955 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі бір жұтым ауасы лас облыстардың қатарында Атырау да бар. Мәселен, Energyprom.kz мониторингтік агенттігінің мәлі­метіне қарағанда, мұнайлы өңір төртінші орында тұр. Бұл өңірде қоршаған ортаға 11,5 млрд теңге инвестиция салынған.

Бір жұтым ауа жұпар болса...

Алайда облыстық экология де­пар­таментінің басшысы Әлібек Бек­мұхаметовтің мәліметінше, ат­мос­­фералық ауаны ластаушылар қа­тарында мұнай өңдеу зауыты мен мұнай өндіруші кәсіпорындар бар. Сондай-ақ «Сасықсай», «Квад­рат» булану алаңдары мен қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы қор­шаған ортаны ластаушылар қата­рына кірген.

– Былтыр жоспардан тыс 52 тексеру жүргізілді. Экология заң­намасының талаптарын бұз­ған 177 дерек анықталды. Қор­шаған ортаға келтірілген залал­дың көлемі 1 млрд 15 млн 750 мың теңгені құрап отыр. Сот ше­шімімен «SAT Trans Service» ЖШС-ның қалдықтарды басқару кешенінің жұмысы тоқтатылды. «Bazis Constructtion» ЖШС-ның суды уақытша деминерализациялау қондырғысын, «KSS» ЖШС-да қондырғыларды пайдалануына тыйым салынды. Сот шешімдері заңды күшіне енді, – деп мәлім етті Әлібек Бекмұхаметов.

Былтыр 23 желтоқсанда за­уыт­­­тың нормативтік-тазартыл­ған сарқынды су арнасына мұ­най қал­дықтары төгілгені анық­тал­ды. Кә­сіп­орынның баспасөз қыз­меті мә­лім еткендей, оқыс оқиға өнеркәсіп­тік ағындарға суды ағызу шығыны­ның ұлғаюынан болған. Осыған бай­ланысты оқиға салдарын жою үшін қажетті техника мен адам ресурсы жұмылды. «Сасықсай» аталып кеткен булану алаңына қал­дықтың төгілуінің алдын алу үшін бөгегіш құрыл­ғы­лар орнатылды. Сөйтіп бөге­гіш құрылғылар арқылы мұнай қалдықтарының булану ала­ңына қарай ағыны тоқтатылды.

Ал жақында қала тұрғында­ры мұнай өңдеу зауытында газ ала­уының жанып тұрғанына алаң­даушылық білдірді. Осыған орай Атырау мұнай өңдеу зауы­тының эко-омбудсмені Салтанат Рахи­мова түсінік берді. Оның айтуын­ша, газ алауының көмегімен мұ­найды өңдеу процесі кезінде бір­ге шығатын ілеспе газ жағы­ла­ды. Газды бақыланатын түр­де жағу кенеттен орын алған қы­сым­ның тұрақсыздануы кезін­де тех­нологиялық жабдықтар мен құбыр­лардың қауіпсізді­гін қамтамасыз етеді. Алау – қа­уіп­сіздік, сондай-ақ зиян­ды зат­тардың атмосфераға тіке­лей шығырылуына жол бермеу құралы. Егер алаудың жа­нуы тоқтаса, ауаға тікелей шыға­ры­латын зиянды газдың құрамы бірнеше есе жоғары болады.

– Биылғы қаңтарда мұнай өң­деу зауыттың төрт техно­логия­лық қондырғысында диагностикалау және тексеру жүргізілді. Сондай-ақ катализаторлар ауыстырылды. Жөндеуден кейін қондырғыларды іске қосу бас­талды. Қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосқан кезде құ­рылғының қысымын түсірмеу үшін артық технологиялық газ факелге жіберіледі. Сондықтан, алау пайда болады. Ағымдағы жөн­деу жұмыстары уақытында аяқ­талды. Барлық қондырғылар бел­гіленген режімде жұмыс істеп тұр. Экологиялық омбудсмен ре­тінде зауыттың технологтеріне «Онда неге алау әлі жанып тұр?» деген сұрақ қойдым. Бас технолог Әділет Шошанбасовтың айтуынша, гидрогенизациялау процесіне арналған құрамында сутегі бар газдың артық мөлшері бар. Бұл уақытша факелге жіберіледі. Құрамында 92 пайыз сутегі бар газдың жану про­цесінде су буы пайда болады. Технологиялық қондырғылар бір­ден бұрынғы жүктемеге ауыса алмайды. Қон­дырғылар бұрын­ғы жүктемеге ауысқаннан кейін құ­рамында сутегі бар газдың ар­тық мөлшері өндірістік мақсат үшін гид­рогнизациялау процесіне жібе­ріледі, – деп пікір білдірді Салтанат Рахимова.

Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының бірінші орын­басары-бас инженер Ра­хым­­жан Жанғабыловтың айтуын­ша, 2003-2018 жылдары үш кезеңдік жаңғырту жобасы жүр­гізілді. Соның нәтижесінде К4, К5 экологиялық стандарттына сәй­кес келетін жанар-жағармай отынын өндіру басталды. Қазір зауыттың мұнай өңдеу қуатын жылына 5,5 млн тоннаға дейін ұл­ғайту, сондай-ақ Қазақстанда қо­сыл­ған құны жоғары мұнай-химия өнімдерінің шикізаты үшін бензол мен параксилол өндірісі жолға қойылды.

– Бензол мен параксилол өнім­дерін шығару отандық мұ­най-химия өнеркәсібін дамы­тып, ұлттық экономиканы әртарап­тандыруға ықпал етеді. Зауытты жаңғырту кезінде орнатылған озық технологиялар экологияға теріс әсерді төмендетуге ба­ғыт­талып отыр. Мәселен, түйір­шіктелген күкірт алу үшін отын газы мен күкіртті сутектен сұйы­тылған көмірсутекті газдың амин абсор­берлері қолданылады. Сұ­йы­­тылған көмірсутекті газды де­мер­­каптанизациялау, бензиннің құ­рамынан бензол бөлініп алынады. Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігінің ұсы­нысымен жүргізілген аудит нәти­желерінде барлық қол­данбалы технологияның «Еуро­палық үз­дік қолжетімді технологиялар нұсқау­лығына» сәйкестігі расталды, – дейді Рахымжан Жанғабылов.

Қазір зауытта TAZALYQ жо­басы іске асырылып жатыр. Кәсіп­орынның құрылысты ұйым­дастыру бөлімі басты­ғы­ның орынбасары Қанат Сағыз­баев­тың мәліметіне қара­ған­да, механикалық тазар­ту құры­лыс­тарын қайта құру­дың бі­рін­ші кезеңі 62%-ға орын­дал­ған. Ал техникалық бас­қарма бас­шысының орынбасары Наиль Хакимовтің айтуынша, 2031 жылға дейін энергия мен ресурстарды үнемдеу және атмос­фералық ауаға шығарын­дыларды азайту жоспарланып отыр. Осы­ған байланысты өңір экологиясын жақсарту үшін 60-қа жуық түрлі жоба мен іс-шара іске асырылады.

Дегенмен, «қара алтынды» өңір тұрғындары бір жұтым ауа­ның жұ­­пар болғанын қалайды. Бірақ қор­шаған орта, терең тыныстар ауа қа­шан жақсарары бел­гісіз.

 

Атырау облысы