Аймақтар • 14 Ақпан, 2022

Омыртқа

1330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әр өңірде әртүрлі аталға­нымен, түпкі мағынасы бір салт. Біздің жақта сайып келгенде сыйлас ағайынның сақтаулы сыбағасы іспетіндегі осындай бір әдемі дәстүр бар.

Омыртқа

Таяуда көптен көрмеген бауыздау құдаммен жүздесе қалғаным. Аз-кем амандық-саулықтан соң құдам қалжың­ға сүйеп:

– Биыл үйіңнен бір омыртқа мүжімедік қой, – дегені.

Өкпесінің жөні бар, ырыз­дық кемімегенімен, мүм­кін­діктің аз болып тұр­ғаны. Ол жалпақ дүниені жалғыз қа­уызға сыйғызған жаман тұ­маудың жайылып кетуінен. То­пырлатып кісі шақырып, төрге отырғызып күтпек тү­гілі, көшеде жөтелген адам­нан ат-тонымызды ала қашатын болдық.

– Жағдай осылай, өзіңіз де білесің ғой, құда, – деп жақау­қаттық.

– Ойын ғой, бірақ осы дерттің салдарынан ағайын­ның бет-жүзін көрмейтін бол­дық. Жат болып кетпесек жарар еді, – деп қатты айтты құда, жиендердің де бүй­регін жолдаған жоқсың. Ер­тең нағашыларына бүйрегі бұрыл­май тұрса, өзіңнен көр.

Шынында да омыртқа адам­­дарды бір-біріне жақын­дас­тыратын әдемі жоралғы. «Бір күн дәмдес болғанға, қырық күн сәлем бер» дейді халық. Мысалы, жаратылыс иесінің бар мүшесін ұстап тұратын, қозғалысқа келтіретін мүше – омыртқа. Алысты жақын­датып, ағайынды тонның ішкі бауындай бекемдейтін де осы салт. Өңір жасыл аймаққа ауысс­а, өкпе айтқыш ағайынды омырт­қаға шақырып жібер­мекпін.

 

Көкшетау