Әдетте кез келген жүзтанысыңмен кездесе қалған сәтте амандық-саулық сұрасып, одан арғы жағында шаруаң болмай, әркім өз жөнімен кетеді емес пе? Бұрын бұл кісімен, яғни өзім сөз еткелі отырған Талғат ағамен де арадағы қарым-қатынасымыз сол шамада болып келсе, Парламенттің аударма редакциясында бірге істеген әріптес ретінде жиі жүздесіп, жақын араласып, пікірлесіп жүретін жағдайға келдік. Содан бергі менің байқағаным – Тәкең кезінде жауапты қызметтер атқарған үлкен лауазым иесі болумен қатар, кісілігі мен адамгершілігі мол көшелі азамат екен. Және бір сүйсінерлігі – көршілес Ресейдің Омбы облысындағы Таврия ауданының қияндағы Қоянбай деген ауылында кіндік қаны тамған ағамыздың шет жақта жүрсе де туған тілін ардақтай білген азаматтығына тәнті боласың.
Ол өте жігерлі жан. Бастамашыл, белсенді әрі көпшіл азамат. Сонау 60-жылдары әскери борышын өтеген жылдары басталған осы қасиет Тәкеңнің өмірлік қағидасына айналған ба дерсің. Кеңес армиясы қатарында жүргенде комсомол жұмысына белсене араласып, шекаралық отряд комсомол комитетінің аудандық комсомол комитеті құқығындағы бірінші хатшысы лауазымын атқарса, кейін бұл тәжірибені партиялық қызметте одан әрі шыңдай түсті.
Әскери борышын өтегеннен кейін Тәкең бала кезден жүрегінің бір түкпірінде жататын Қазақстанға тартып кетті. Бұл ретте бұрын өзі түскен Омбыдағы Ауыл шаруашылығы институтын тастап кетуіне тура келді. Өзінің қашандағыдай алғырлығына сенгені болар. Сезімі алдамапты. Жастайынан қоғамдық жұмыстарда ысылғаны сеп болып, Алматы жоғары партия мектебіне оқуға түсті. Оны үздік бітірген соң, осы қаладағы Калинин аудандық саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, Алматы халық шаруашылығы институтын тәмәмдады.
Уақыт зымырап өте берді. Ресейдің қияндағы Қоянбай ауылынан шыққан бір кездегі қаршадай сарыбала өзінің қарым-қабілетінің, тиянақтылығының, іске деген сергек көзқарасының арқасында ақыры Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылығына дейін көтерілді. Бұл сол кездегі өлшеммен алғанда үлкен де жауапты қызмет еді. Кейін Орал облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Орал қалалық партия комитетінің екінші хатшысы тәрізді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Бұл Қазақстанға қайта құру келіп, демократия лебі есе бастаған кез еді. Соның арқасында бұрынғы қордаланып қалған көп мәселелердің оң шешімін табуға ұмтылыс жасалып жатқан уақыт болатын. Соның ең күрделісі – туған тілдің толғағы еді. Тәкең, Талғат аға міне, сол кездері қазақ тілін насихаттауды қолға алып, бұл бағытта әжептәуір игілікті істер атқарған санаулы азаматтардың бірі. Мысал үшін айтсақ, 1985 жылы Орал облысында бірыңғай саяси күн науқанының таза қазақ тілінде өтуіне бірден-бір мұрындық болған адам осы біздің кейіпкеріміз. Және бір мысал келтірелік. Ол кезде баспасөзге жазылу мәселесінің ойдағыдай өтуіне партия комитеттері жауап беретін. Тәкең Орал облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі ретінде осы істің барысына бас-көз болуға міндетті еді. Соны пайдаланған ол кісі әдетте қазақ басылымдарына жазылуға селқос қарайтын өз саласының қазағы да, қазақтығы да аз қызметкерлерін ана тіліндегі газет-журналдарға жазылуға жұмылдыра білген бірден-бір басшы болды. Сондағы: «Біз қазақ тілін білмейміз. Бос ысыраптың керегі не?» деп сылтау айтатындарға Тәкеңнің қайтаратын уәжі: «Қазақ және орыс тіліндегі газеттерді салыстырып оқу арқылы тілдеріңді ұштайсыңдар. Қазақ тілін үйренудің ең төте жолы осы» деген бұлтартпас жауап айтатын.
Талғатбек Махметұлының туған тіліне, туған еліне деген бойында бұрыннан бар жанашырлығы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге байланысты оны халық арасында қызу талқылау барысында да көрініс тапты. Мәселен, Орал қаласындағы ұжымының 80 пайыздан астамы өзге ұлт өкілдерінен тұратын машина жасау зауытында өткен мемлекеттік тілге мәртебе беруге арналған жиналыста Тәкеңе көкейіндегісін халыққа ұғындыру оңайға түскен жоқ. Сынықтан сылтау іздеп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілсе, күніміз не болады дегендей байбаламды көлденең тартқандарға басу айтқанда, дәлелді, көз жеткізе сөйлеу қажет. Тәкең осылай жасады да. Орыс тіліне қазақ тілімен бірдей қолданылатын ресми тіл мәртебесі беріліп отырғанын, тіл бойынша ешкімді кемсітуге жол берілмейтінін, ғасырлар бойы қолданыстан шығып қалған қазақ тіліне түсіністікпен қарау керектігін жеріне жеткізе түсіндіргеннен кейін ғана жұрттың аптығы басылып, дауысқа салған кезде мемлекеттік тілді қолдаушылардың саны басым түсті.
Қандай қоғамда өмір сүрсе де, қандай қызмет атқарса да, сол қоғамда болатын әртүрлі науқандарға бой алдырмай, заман ағымына, қоғам талабына ілесіп, қызметпен ғана шектеліп қалмай, өзіндік табиғи мінезін, адамдық болмыс-бітімін сақтай білетін азаматтар болады өмірде. Тәкең солардың қатарында. Еліміз егемендік алған жылдары төрт-бес жыл Әділет министрлігінде, Президенттің және Министрлер Кабинетінің аппараттарында, Жоғарғы Кеңестің бақылау палатасында және хатшылығында мемлекеттік қызметтерді мінсіз атқарған ағамыз 1996 жылдан бастап, зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Парламент Сенаты аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінде бас консультант болып абыройлы еңбек етті. Бір кезде қазақ тілі үшін қабырғасы қайысып, соны қатарға қосу жолында талай айтыс-тартыстың бел ортасында жүрген адамның соңғы 15 жылда туған тілді дамытуға, оның сөздік қорын байытуға тікелей үлес қосуға мүмкіндіктің жасалуы да Тәкеңе тартқан тағдырдың өзіндік бір сыйындай. Мұнда ағамыз орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне тәржімелеудің хас шебері болып қана қоймай, екі тілде ілеспе аударма жасаудың, санамалайтын болсақ, бүкіл ел бойынша бір қолдың саусағына толмайтын бірегей маманның бірі болып қалыптасты. Астанадағы түрлі мекемелер ілеспе аударма көмегі қажет кезде әлі де Тәкеңе өтініш жасап жатады.
Зейнетке шықты деген аты болмаса, одан бергі кезеңде де Тәкең талай игі істердің басын қайырып тастады. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағына Парламент Сенатының аппаратында еңбек етіп жүргенде ие болған-ды. Оның үстіне сонау партиялық қызметте жүрген уақыттан бері түрлі оқу орындарында саясаттану пәнінен лекция оқуды жалғастыратын. Сол еңбек зая кетпеді. 2008 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Астана медицина университеті» акционерлік қоғамының «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі болып, экономика, тарих, саясаттану пәндері бойынша студенттерге арналған бірнеше оқу құралдарының авторы атанды. Осы орайда біз ағамыздың негізгі жұмысынан бөлек, қоғамдық істерге белсене араласатын қасиетін ерекше атап өтуге тиіспіз. Оның спорттың шахмат, дойбы ойындары түрлерінен университет бойынша алдына жан салмайтын шеберлігі, университетте өткізілетін түрлі спорттық жарыстарға ұжымды бастап барып, жасының келгеніне қарамастан, тың серпін танытып жүретіні жастарға өнеге.
Сөз ретіне қарай Талғатбек Махметұлының бүгінгі «Нұр Отан» партиясы құрылуының басы-қасында болған жанашырлығын біреу білсе, біреу білмес. 1998-1999 жылдары ол кісі Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдаудың Республикалық қоғамдық штабында қызмет етті. Сайлау аяқталғаннан кейін осы штабтың басшылығымен жұмыс істеген қоғамдық күштер «Отан» партиясының құрылуына үлкен үлес қосты. Ал Тәкең болса, болашақ партияның жергілікті жердегі бастауыш ұйымын өз қолымен құрып, құрметті демалысқа кеткенше оны қоғамдық негізде басқарды. Сөз соңында туған елінің игілігі жолындағы мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға бір кісідей атсалысып жүрген Талғатбек Махметұлының ел алдындағы еңбегі ескеріліп, бірнеше мемлекеттік марапат, үкіметтік дәрежедегі құрмет грамоталарымен аталып өткенін айта отырып, өмірге деген құштарлығыңыз азаймасын, аман болыңыз демекпіз.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты.
АСТАНА.