Қазақстанда С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кино университетінің күндері басталды
Наурыз мерекесі қарсаңында ғана Алматы ресми түрде Достастық елдерінің 2014 жылғы мәдени астанасы болып жарияланған болатын. Алайда, оңтүстік астана ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбай тұрып-ақ, Қазақстанда аталып өтуге ұйғарылған үлкен оқиға бар еді. Мәселен, білетіндер мен көз көргендер Алматы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Кеңес Одағы мәдени ордасының үлкен бір бөлігі болғанын мойындайды.
1941 жылы «Мосфильм» мен «Ленфильм» Қазақстанға эвакуациямен келген кезде осы көштің ішінде ВГИК-тің оқытушылары мен студенттері де болғаны белгілі. Майданда кескілескен шайқастар болып жатқанда Мәскеудің мықты өнер майталмандары мен кинематографистері Алматыға қоныс теуіп, халыққа рух беретін өнерді жалғастыра берді. Бұл қазақ кино өнерінің дамуына да өлшеусіз үлесін қосты. Қысқасы, мұны тарихының бір бөлігі Алатау етегіндегі қонақжай қалаға тиесілі Бүкілресейлік мемлекеттік кино университеті (ВГИК) де жоққа шығармайды.
Сонымен, кеше кешке Алматыдағы М.ЮЛермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кино университетінің 95 жылдық мерейтойына арналған Қазақстандағы күндері басталды.
Қалай десек те, осынау айтулы шара талайларды толқытқаны, күткізгені анық. Кешегі Кеңес Одағындағы ғана емес, бүкіл ТМД аумағындағы, қала берді әлемдегі ең мықты әрі байырғы кино мектебінен тәлім алған қазақстандықтар аз емес. Тәуелсіздіктен бері де бұл саладағы барыс-келіс үзілген жоқ. Оған қоса Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен атақты ВГИК қазір де студенттер алмасып, өндірістік тәжірибеге барып жатады.
Әйгілі актерлер мен кинематографистердің ұстаханасы болған ВГИК делегациясын Мәдениет пен өнер орындары ассоциациясының президенті, өнертану докторы, Ресей Федерациясының мәдениет қайраткері, С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кино университетінің ректоры Владимир Малышев бастап келіпті. Алматыны өнер мерекесіне айналдырып, барыс-келісті бұрынғыдан да жандандырып, жақындастыруды мұрат тұтқан мәскеулік қонақтар арасында ВГИК-тің ең беделді ұстаздары мен 30 шақты студенті бар.
Өз ұлағаты бар университеттің Қазақстандағы күндерінің ашылуына орай алдымен ВГИК-тің кешегі тарихы мен бүгінгі тынысы туралы фильм көрсетілді. Осыдан кейін ректор Владимир Малышев сөз алып, әдемі қалжыңдарымен, алматылықтарға деген риясыз қошеметімен салтанатты шараның жай-жапсарына тоқталды.
Жуырда ғана ел мәдениетінің тізгінін ұстаған министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ВГИК-тің кезекті мерейтойы Алматыда кездейсоқ болып жатпағандығын айтып, бұл ежелден туыс, ежелден көрші екі елдің үзілмеген сыйластығының жалғасы екендігін нақты мысалдармен дәйектеді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осынау рухани, адамгершіл жобалардың авторлары – екі мемлекеттің Президенттері деді. Бұл достастық пен ықпалдастық өнерде де, өмірде де, қарапайым адамдардың сыйластығында да салтанат құрып отырғанын шынайы шаралар мысалымен айтып өтті.
ВГИК-тің Алматыдағы күндерінің ашылу салтанаты Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясындағы В.Фокиннің шеберлік сыныбында білім алып жатқан студенттердің Михаил Булгаковтың атақты романы бойынша қойған «Шебер мен Маргарита» спектакліне ұласты. Алдағы күндерде осы жоғары оқу орнында ВГИК ұстаздарының шеберлік дәрістері өтіп, қала кинотеатрларында мәскеулік режиссерлар түсірген фильмдер көрсетілетін болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
________________
Суреттерді түсірген
Берсінбек СӘРСЕНОВ.