Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»
Қажетті мәлімет тапшы
Мұның себебі де түсінікті, неге десеңіз адамзат көміртектен біртіндеп бас тартып, экологиялық тұрғыда таза энергия тасығыштарына басымдық беріп келеді. Бұл ретте литийдің орны бөлек. Уақыт өткен сайын әлем бойынша электромобильдердің паркі көбейіп жатыр. Ал осы көлік түрінің басты қуат көзі – литий-ионды аккумулятор саналады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, былтыр электромобильдердің әлемдік сатылымы 80%-ға өсті. Toyota және Volkswagen секілді автомобиль нарығының алпауыттары бұл бағытқа 170 млрд доллар инвестиция жұмсайтындарын мәлімдеді. Алайда оң серпінге қарамастан 2021 жылы электромобильдерге әлемдік автомобиль сатылымының 7,2%-ға ғана тиесілі. Демек электрлі көліктердің дәуірін әлі ұзақ жол күтіп тұр.
Енді сол көлікке қажетті энергия шикізатын игерудің мәселесін бағамдасақ. Ашық дереккөздерге сәйкес, литийдің минералды қорлары Чили, Боливия, АҚШ, Аргентина, Конго, Қытай, Бразилия, Сербия, Аустралия және Ауғанстанда бар екені мәлім. Осы пайдалы қазбаның картасын Қазақстанның да толықтыруға мүмкіндігі бар. Алайда бұл үшін сапалы геологиялық барлау жұмыстары қажет-ақ.
Отандық геологиялық компаниялардың ақпараты бойынша, елімізде литийдің (Li) минералдануы жөніндегі мәліметтер көбінесе кейбір элементтердікі секілді геологиялық жұмыстардың есептік құжаттарында тапшы және іс жүзінде ақпараттық сипатта ғана қамтылған.
Әдетте, литийдің қайнар көзінің анықталуы кен орындарының негізгі түрлеріне немесе белгілі бір пайдалы қазбаларға ілеспе элемент ретінде қатар жүреді. Кейбір аудандарда литийдің тек минералдануға байланысты нүктелері белгіленгендіктен оның көлемі, ресурстары және қорлары туралы айту ерте әрі қисынсыз дейді геологтар. Тіпті мұндай ақпаратты іс жүзінде табудың өзі мұң. Мұндай мәліметке тек іздестіру және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы ғана қанығуға болады. Осы жұмыстарды перспективалы алаңдар мен объектілерде іске асырған маңызды.
Негізгі кен қоры таусылды
Әлемде литийдің кенденуімен байланысты өнеркәсіптік ауқымдағы орындарды анықтауда гранитті пегматиттердің орны бөлек. Еліміздегі литийдің (Li) кенденуі Шығыс Қазақстандағы кен орындарының пегматиттерінен белгілі. Оның қатарында Белогорск, Бакен, Жоғарғы Баймырза, Юбилейный, Тарғын және Ахмет (Ахметкино) кен орны бар. Сондай-ақ литийдің минералдануы альбититті (талшықты кристалды түйіршікті тау жынысы) кен орындарында, атап айтқанда Жоғарғы Еспе, Қарасу және Азутау кен айналымында, Көккөл кварцты-талшықты кен орнында белгіленсе керек.
Жоғарғы Баймырза, Бакен, Юбилейный, Белогорск кен орындары ондаған жыл бойы игеріліп келгендіктен қазір олардың негізгі қорлары таусылып бітті. Ресми ақпарат бойынша, қазір терең горизонттар мен қапталдарда орналасқан негізгі кен құраушы қорлардан элементтердің бір бөлігін игеру тиімсіз саналады.
Бұл сирек металдың минералдануы еліміздің басқа да өңірлерінде анықталып жатыр. Айталық, Ақтөбе облысы Жоғарғы Ырғыз кен орнында, Қостанай облысындағы Смирнов және Дрожжилов кен орындарында, сондай-ақ Қарағанды облысындағы Жанет кен орнында пегматиттерден литий табылған. Сонымен қоса Алматы облысының Қарағайлыақтас кен орнында да литийдің ілеспе элемент ретінде кенденуі байқалды. Жамбыл облысының Майкөл кварцты-талшықты кен орнында литийдің көзі анықталды.
Геологтар айтқандай, Қазақстанда литийдің кенді орындарының анықталуы дәстүрлі гранитті аумақтарда іздестіру және геологиялық барлау жұмыстары тиімді жүргізілгенде ғана табысты жүзеге асады. Республика аумағында литий-фторлы және мусковит-альбитті граниттердің, сол секілді Көкшетау өңірінде амазонит-альбитті сығылмалардың және Қостанай мен Ақтөбе өңірлерінде литийдің кенденуімен байланысты кен орындарының болуы геологиялық барлау жұмыстарын орындаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр.
Мұнай-газды игеруден жалықпаймыз
Отандық геология саласындағы негізгі проблемаларға пайдалы қазбалардың толықтырылуының төмен деңгейі, қала құраушы кәсіпорындардағы өндіру көлемінің азаюы және геологиялық барлаудағы инвестициялық тартымдылықтың жоқтығы жатады. Сол себепті мемлекеттік геологиялық зерттеу бағытында жұмысты күшейту қажет.
Бекітілген «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасында геология саласын дамыту бағыты да көзделген. Атап айтқанда, бесжылдық кезеңде геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мемлекеттік бюджеттен 63 млрд теңге қарастырылған.
2025 жылға қарай деректер орталығынан тұратын қор материалдар қоймасы мен екі негізгі керн қоймасын салу жоспарланып отыр. Олар еліміздің батыс және орталық өңірлерінде орналаспақ. 680 мың шаршы шақырымнан астам аумақта жер қойнауына өңірлік геологиялық зерттеу жүргізу көзделуде. Бұл Қазақстан аумағының перспективаларын бағалай отыра геологиялық барлау жұмыстарының кейінгі сатыларын жүргізу мен салаға инвестиция тартып, геологиялық мазмұндағы картаны жасауға мүмкіндік береді.
«Геологиялық барлауда таза алаңда жұмыс істеу үшін бірде-бір инвестор келмейтінін жақсы түсінеміз. Сондықтан геологиялық барлаудың бірінші сатысындағы өңірлік жұмыстар мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуі тиіс.
Биыл «Еуразия» жобасын іске асыру басталғанын атап өткен орынды. Бұл жобаның мақсаты – 18-20 шақырымды алатын үлкен тереңдіктегі перспективалы мұнай-газ объектілерін анықтау және олардың ресурстарын бағалау үшін Каспий маңындағы мұнай-газ шөгінді бассейнінің терең құрылымын зерттеу.
Жұмыс үш кезеңнен тұрады. Осы жылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен заманауи технологияларды пайдалана отыра Каспий ойпатындағы геофизикалық деректерді жинап, талдау арқылы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Екінші және үшінші кезеңді іске асыру жеке инвестициялар есебінен орындалатын болады», деген еді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Бұдан аңғарғанымыздай, Үкімет әлі де көміртекті пайдалы қазбаны игеруді жалғастырмақ ниетте. Қош, сонымен Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы аясында сапалы геологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылғаны есімізде. Бұл тапсырманы Экология министрлігі қарамағындағы, нақты айтқанда «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы» ЖШС мен «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ-ын қосудың нәтижесінде Ұлттық геологиялық қызметті құру арқылы шешуге бекініп отыр.
«Тұтастай алғанда, жаңа қызмет геологиялық мәліметті алу уақытын қысқартып, оның халықаралық стандарттарға сәйкес сақталуын қамтамасыз етеді», деп нақтылады С.Брекешев.
Бұдан бөлек, геологиялық ақпараттың ашық цифрлы базасын құру қолға алыныпты. Министр Қазақстанның минералдық ресурстары ұлттық деректер банкінің ақпараттық жүйесін әзірлеуге кіріскендерін жеткізді. Аталған жүйе электронды базадағы геологиялық ақпараттың ашықтығына жол ашып, инвесторларға бірыңғай терезе қағидасы негізінде қызмет көрсететін болады.
Қазір бірқатар бизнес процес әзірленіп, ақпараттық жүйе 2023 жылдың аралығында өнеркәсіптік ауқымда іске қосылады деп жоспарланған.
Саяси тұрақтылық – өндірісті өркендетудің кепілі
Оңтүстік Американың құрғақ жазықтарында, оның ішінде Анд тауларының аймағында тұзды ағын тоғандарға құйып, булану процесінің нәтижесінде литийге мол шөгінді жер пайда болады. Осыдан 6 жыл бұрын Чили мен Аргентинаға литий-ионды аккумуляторларға қажетті шикізат өндірісінің шамамен 53%-ы тиесілі еді.
Десек те өндіріс технологиясы – кез келген тау-кен жобасының өміршеңдігін айқындайтын жалғыз мәселе емес. Айталық, құбылмалы мемлекеттік саясат ресурс өндіруші компаниялардың бас ауруына айналғалы қашан?! Себебі елдегі саяси тұрақсыздық қолайлы геологиялық ахуал мен өңдеу технологияларының артықшылықтарын әп-сәтте жоққа шығаруы мүмкін. Оның жарқын дәлелі – Ауғанстан мемлекеті. Кейбір бағалауларға сәйкес литийдің әлемдегі ең үлкен қоры дәл осы жерде жатса керек.
Morgan Stanley компаниясының мәліметтеріне жүгінсек, Латын Америкасында литий карбонатын өндіруге арналған шығындар роялтиді есептемегенде метрикалық тоннасы 2-3 мың долларды құрайды. Аустралия мен Қытайда оның құны шамамен тоннасына – 6-12 мың доллар. Бұл Альтипланодағы (Орталық Андтың ішкі үстіртінің батыс төменгі бөлігі және Чили, Боливия, Перу және Аргентинаның шекаралас аумақтары) литий өндірісін әлемнің басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда тиімді етуі керек. Бірақ литийдің ең үлкен кен орындары пайдалы қазбаны игеру ісін ішінара мемлекеттің меншігіне айналдырып, заңдастырған Боливияда болуы мүмкін. Қазір бұл елде аталған сирек элемент іс жүзінде өндірілмейді және оның нақты өлшемдері де жоқ. Мұны маргиналды өндірушілер ұтымды пайдаланып, жаңа өндірісті өздеріне меншіктеп алғаны туралы ақпараттар айтыла бастады. Чилиде литийдің басым бөлігін – Sociedad Quimica y Minera de Chile SA немесе SQM деп аталатын компания өндіреді. Оның ең ірі акционері – экс-диктатор Августо Пиночеттің күйеу баласы саналады. Компания саяси сыбайлас жемқорлыққа байланысты ұзақ мерзімге жалғасқан қылмыстық істерден арыла алмай, солшыл бағыттағы жаңа президент Габриэль Борич литийдің өндірісімен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын құру туралы мәселені күн тәртібіне қойды.
2020 жылы электромобильдер мен жалпы мақсаттағы аккумуляторларға деген сұраныстың ұлғаюына байланысты әлемде литийдің өндірісі 2015 жылмен салыстырғанда екі жарым есеге өсті. Әйтсе де бұл өсімнің жартысы Аустралияның, ал тағы төрттен бірі Қытайдың үлесінде. Аргентина мен Чилиге тек қосымша көлемнің бестен бір бөлігі ғана тиесілі.