Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ең әуелі А.Байтұрсынұлының әдістемеге қатысты басты тұжырымдарына назар аударайық:
- Сауаттау әдісін алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы болуға тиіс деп айтуға болмайды. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі, екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды.
- Шапшаң жаза білгенде, шапшаң оқи білгенде сауаты ашылды, сауатты адам болды дейміз. Сауаттау әдісідегеніміз соны білдіруге жұмсалатын түрлі әдістердің шумағы болады.
- Жазу үшін әріп алмай, таңба алған жұрттың бірі, мәселен, қытай. «Ауыз» бен «ит» таңбасы қатар тұрса «үреді» деген сөз болады. Мұғалім бұл жазумен сауаттағанда дыбыспен де, әріппен де жұмысы жоқ. Жазу үшін әріп алғанымен, ол әріптері тіліндегі дыбыстарына сәйкес келмейтін ағылшын, американ сияқты жұрттар. Бұлардың сөздерінің жазылуы мен айтылуы айырылып, алыс кеткендігі сонша «ит» деп жазып, «шошқа» деп оқиды. Сондықтан олардың жазу жүйесі әріпті болғанымен, мағынасы таңба жүйелі жазуға жақын. Ал тілінің жазылуы мен айтылуы бөлектенген жұрттың мысалы – орыс халқы. Мұндай жазуы бар жұрттың кей сөздерін дыбыстарына қарай жазуға болады, кей сөздерін тек жатталған түрінде ғана жазуға болады. Сондықтан бұлардың бәрі сөзді таңбаша жазып отырған соң немесе таңбаша жазуға жақын түрде жазып отырған соң таңбаша үйрету әдісін қолданып отыр. Тұтас сөз әдісі деген сол таңбаша үйрету әдісі болады. Тұтас сөз әдісінне мақсатпен қолданып отырғандарына назар салмай, тек басқалар қолданып жатқанда бізге де қолдану керек деушілер бар.
- Жалқылау әдіс жалпылау әдіске қарсы жөніндегі әдіс. Жалпылаудың асылы ұсақтан ірілету болса, жалқылаудың асылы іріден ұсақтату.
- Жалқылау әдістің жалпылау әдістен артықшылығын қуаттайтын пікір ХVІІІ ғасырдың аяғында Францияда пайда болды. Оқу үйреткенде сөзді әріптен, буыннан бастамай, сөздің тұтас тұрған тұлғасынан бастап үйрету керек дейді. Негізгі кемшілігі сөзді жаттату, не үшін «ат» деп сызған нәрсе «ат» болып оқылуға тиістігі балаларға түсініксіз. Оқыған сөздерін балалар неге солай оқылатынын білместен жаттау.
- Бір жерде жалпылау, бір жерде жалқылау әдісі жүріп, ақырында екеуі жалқылаулы-жалпылау әдісіболып бірігеді. Бұл әдістің өзі қолданысына қарай бірнеше түрге бөлінеді: «Шағын сөзді» түрі – мұның бір артық жері аз сөзді оқи білумен балалар көп сөзді оқып кетуге жарайды. Сондай артықтығы болғандықтан, бұл әдіс мәдениетті жұрттардың бәріне жайылды. «Жазу-оқу» деген түрі – оқуды жазу арқылы үйрету. Бұл әдісті қолданушылар оқу үйретуді оқудан бастау дұрыс емес, жазудан бастау дұрыс дейді. «Жазу-оқу» әдісі шыққаннан кейін оқу мен жазу қатар жүретін болды. «Дыбысты әдіс» түрі – дыбысты әдіспен үйреткендегі істелетін істің негізі бес түрлі (балалармен әңгімелесу; оқу үйретуге даярлайтын жұмыстар; сөзден дыбыстарды айырып шығару; әріптермен таныстыру; берілген әріптерінен сөз құрау, соны оқу).
А.Байтұрсынұлы сол кезеңдегі әлемге тарап жатқан оқыту әдістемелерін осылайша, саралап, талдай отырып, солардың ішінде қайсысы қазақ тілінде сауат ашуға қолайлы екенін анықтады. Өзі шығарған «Әліппені» (Оқу құралы) «Дыбысты әдіспен» оқытуды ұсынып, мұны мұғалімдерге арналған нұсқаулығы – «Баяншыда» мұқият тәптіштеп түсіндірген. Дыбысты әдісті қолдану үшін «Дыбыспен жаттығу» тәсілін ұсынған.
А.Байтұрсынұлы «Дыбысты әдісті» не үшін таңдады? Оның басты себебі, балалар «сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін айыруды білсе, харіфтерін қою қиын болмайды». Ғалым қазіргі айтылып жүрген оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым әрекеттерінің негізі осы «Дыбысты әдіс» арқылы қалануы керектігін сол кезде-ақ саралаған. Мәселен, ұлт ұстазы былай дейді:
Сөз айту – дыбысты ауызбен тізу (айтылым)
Сөз жазу – дыбыстардың белгісін қағаз бетіне тізу (жазылым)
Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп сөз шығара білмейді, себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді (оқылым).
Дыбысты білмей, дыбыстың қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу үйрену қиын (тыңдалым).
А.Байтұрсынұлы осылай түсіндіре отырып, «бұл усул сотиенің (жаңаша оқыту тәсілі) ең жақсы жолы» деген қорытынды шығарады және жаңаша оқыту тәсілінің басты қағидасы ретінде айтылым әрекетін бірінші орынға қойған:
- әуелі балаларға әртүрлі дыбыс бар екенін білдіру;
- екінші балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айырту;
- үшінші бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп сөз айтуды білдіру;
- бұларды білмей тұрғанда балаларға харіф көрсету жарамайды («Баяншы»).
Осылай деген ұлт ұстазы «осы күнде оқуы тәртіпті жұрттар балаларға харіф көрсетпей тұрып, әуелі дыбыспен жаттықтыратынын» ескерткен. Ал өтетін әріпті дыбыспен оқыту жолын қазақ мұғалімдеріне былайша түсіндіреді: «Мұғалім созып «А» деп айтады да, балалардан сұрайды не дыбыс естілді? Балалар: «А» деген дыбыс естілді. Мұғалім созып басқа бір дыбыс айтады. Мысалы «З», мұның турасында да не дыбыс естілді деп сұрайды. Осылай бірнеше дыбыстарды айтқаннан кейін балалар дыбыстың әртүрлі болатындығын біледі һәм бір дыбыстан бір дыбысты айырып тануға күші жетеді. Сонан соң сөз ішіндегі дыбыстарды айыруға да шамалары келеді».
А.Байтұрсынұлы сөз ішіндегі дыбыстарды балаларға айырту үшін әуелі бір буынды, сонан соң екі буынды, онан соң үш буынды сөздер алынатынын айтады және екі, үш буынды сөздерді буынға бөлуді үйрету аса маңызды екенін ескерткен: «Бұл арада балаларды сөздің буынымен таныстыру керек. Ол үшін екі буынды, үш буынды сөздерді алып, созып айту керек. Созып айтқанда, сөз буын-буыннан бөлініп естіледі. Мысалы: «аға» дегенді созып айтқанда екіге бөлінеді, «ағалар» деген сөзді созып айтқанда үшке, «ағаларға» деген сөзді созып айтқанда төртке бөлінеді. Осылайша, бірнеше сөзді созып айтып көрсеткеннен кейін балалар да әр сөзді созып айтып, қай сөзде қанша буын бар екенін айыруды біледі. Балалар сөздің буындарын һәм дыбыстарын қосып үйренгеннен кейін, харіфтерді көрсету керек».
Ұлт ұстазы өз «Әліппесін» осы дыбысты әдіспен оқытуды мұғалімдерден талап етті және 1920 жылы шыққан нұсқаулығында («Баяншы») өз тарапынан «Дыбыспен жаттығу» тәсілін ұсына отырып, онымен балаларды қалай оқыту жолдарын жан-жақты үйреткен. 1913 жылы жариялаған «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында да «Дыбыспен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйретудің негізі», деген болатын.
Ал 1926 жылы А.Байтұрсынұлы «Әліб-бій» (Әліппе) атты жаңа құралды жарыққа шығарды. Бұл кітапта ғалым бұған дейінгі «Әліппесі» тек дыбыстық әдіске негізделгенін, кейінгі кезде дыбыс әдісімен қатар сөз негізді тұтас оқу әдісі шыққанын, сондықтан бұл жаңа құралда дыбыс әдісі мен тұтас оқу әдісі қатар берілгенін айта отырып, «Әліппе» мен бұл жаңа құралдың қайсысы үйретуге жеңіл, қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазуды тез үйренеді, осы жағынан тәжірибе түйілсе екен, деп мұғалімдерге өтініш білдіреді.
Бұл жаңа құралда сөйлеу әрекеттерінің жазылым, айтылым, оқылым түрлеріне әртүрлі тапсырмалар берілген, тыңдалым әрекеті «Дыбыстық әдіске» негізделген. «Тұтас сөз әдісін» қолданғанда өтпеген әріптер бойынша мысалдар алынбаған. Бұдан А.Байтұрсынұлының бұл әдісті тек керек жерінде ғана қолданып отырғанын аңғарамыз. Бұл оқулықта балалар қызығатындай суреттер, әртүрлі ойын түріндегі топтық, жұптық тапсырмалар, балалардың логикалық дағдысын жетілдіруге бағытталған сұрақтар берілген. Мәселен:
Жазылым бойынша:
«Шыққанын шырпыдан жасау» (ермек-еңбек). Карта үлестіріледі, сонда жазылған сөзді балалар шырпы арқылы жазып шығады.
Алғанын жазу (ермек-еңбек). Сөз жазылған картаны екі баладан немесе үш баладан алады. Сөздің әріптерін санайды. Әрпі көп шыққан жақ ол сөздерді жазады.
Қисындау (ермек-еңбек). Алты сөзді бөлек-бөлек кесіп, екеу-екеуден қосып сөйлем құрайды, сөйлемдерін жазып отырады.
Ақыл хат жасау. Оқулықта суреттер берілген, сол бойынша оқушылар хат жазады.
Ермек-еңбек. Таблицада тоғыз сөз берілген. Тоғыз сөзден сөйлемдер құрап жазады.
Сын атына зат аты. Берілген сын есімдердің қасына зат есімді сәйкестендіріп жазады.
Топ хабары. Топтық жұмыс. Бір бала жасауыл болып ойынды басқарады. Тоғыз сөз жазылған картаны үлестіреді, соның ішінде не жазылғанын алған бала табуы керек, таппаса сөзді жазады, тапса жазбайды.
Қайсысын қайда қою. Бұл мәтінмен жұмыс істеу тәсіліне арналған тапсырма түрі. Мәселен, бір мәтінді береді, оны балалар оқиды, оқыған соң мұғалім балаларға карта таратады. Әр картада сөйлем жазылады. Сол сөйлемдерді мәтіндегі орнымен дұрыс қою керек. Дұрыс қойса бала жазбайды, дұрыс қоя алмаса төрт сөйлемді жазады. Бұл тапсырма аясында өлең мәтіндері де берілген. Өлең жолдарын ұйқасына қарай қос-қостап қойып, дұрыс құрап шығу керек.
Суретпен жұмыс. Жеке-жеке суреттер беріледі. Мысалы қазы, қасық, тарының суреті беріледі, бала соған қарап сөйлем құрауы керек. Сонымен қатар суреттер мен оның аттары бөлек-бөлек балаларға таратылады, соны сәйкестендірулері керек.
Айтылым бойынша:
Сөйлемдер жасату. Сөздерден ауызша сөйлем құрау.
Сөйлеммен лепес жасату. Берілген сөйлемдерден ауызша мәтін құрау.
Жаңылтпаш жасату. Берілген сөйлемдерді үш қайтара шапшаң-шапшаң айту.
Оқылым бойынша:
Қате оқыған жақ қайта оқиды. Алты сөйлемді мәтін беріледі. Алты баладан топтасып сол мәтіндегі 6 сөйлемді кітаптағы мәтінге қарамай қолдарындағы карта бойынша ретімен оқу керек. Қателессе дұрыс оқығанға дейін оқиды.
Ойнаңдар! Ойлаңдар! Балалардың логикалық ойлау дағдысын жетілдіруге бағытталған тапсырмалар. Мысалы:
Тайға мінген балалар жарысып келеді екен.
Бір бала екі баланың алдында келе жатыр.
Бір бала екі баланың ортасында келе жатыр.
Бір бала екі баланың артында келе жатыр.
Неше бала жарысып келеді екен? Санаңдаршы!
А.Байтұрсынұлының 1912-1925 жылдар аралығында қолданылған «Әліппесі» дыбыстық әдіспен оқытуға негізделсе, 1926 жылы шыққан бұл «Әліппесінде» оқыту әдістерін әртүрлі қызықты тапсырмалар арқылы барынша толықтырды, яғни оқыту тәсілдерін «Әліппенің» ішіндегі тапсырмалар арқылы бірге беру мәселесін 1925 жылдан бастап қолға алды.
«Бастауыш мектептен үйренген білім әрі оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек. Бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негізі болуға жарасын. Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып шығару. Қалай үйреткенде бала көздеген түрдегі адам болып шықпақ? Мәселенің қисыны – осы жерінде», деген А.Байтұрсынұлының барлық әдістемелік ұстанымдары оқушының оқу және функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Тілші ғалым Айнұр Сейтбекова атап көрсеткендей, «Қазір жаңа деп танылған әдістемелердің, бүгінгі жаңашыл деп табылған оқыту технологияларының көпшілігі Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады» («Тіл әлемі» сайты, 2019 жыл, 6-қыркүйек).
Қорыта айтқанда, ұлтымыздың ұлы ұстазы баланың сауатын ашу әдістерін қайткенде жақсартамын, жетілдіремін деп әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін зерттеп, озығын таңдап, мұғалімдердің жаңаны меңгеруіне жол ашты. Қазіргі таңда бастауыш сыныптағы «Әліппе», «Қазақ тілі» пәндерін оқытуда Ахмет Байтұрсынұлының әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылып келеді.
Қаламқас БАЙТЕНОВА,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» Мектепке дейінгі және
бастауыш білім беру
бөлімінің бастығы
Гүлфар МАМЫРБЕК,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері