Аймақтар • 15 Ақпан, 2022

Биыл 215 шақырым жол жөнделеді

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Батыс Қазақстан облысында облыстық және аудандық мәртебедегі 215 шақырым жол жөнделмек. Ал Үкіметке ұсынылған өңірді дамытудың кешенді жоспары қабылданса, 2025 жылдың соңына дейін тағы 2 мың шақырымға жуық жол салынады деп күтілуде.

Биыл 215 шақырым жол жөнделеді

Облыс аумағындағы жер­гілікті автожолдар желісінің жал­пы ұзындығы – 5 082,7 км. Кешеге дейін облыстық және аудан­дық маңызы бар осы авто­жолдың 34 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, қалған 3 349,5 шақырым жол қанағаттанарлықсыз күйде болды. Міне, 2021 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жолдар 150-дей шақырымға ұзарып, 1 874,3 километрге жеткен. Ал кейбір елді мекендердің жо­йы­луына байланысты өңір­дегі автожолдардың жалпы ұзын­ды­ғы 320 шақырымға қыс­қа­рыпты.

– Соңғы көрсеткіш бойынша облыстағы жергілікті жол­дардың 39 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деген дәрежеге өтті, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев. – Алайда бұл Қазақстан Республикасы бойынша әлі де ең төменгі көрсеткіш.

Биыл облыстық және аудан­дық маңызы бар автомобиль жолдарында 37 жобаны іске асыру жоспарланған. Мұның 17-сі жаңа жоба болса, 20 жоба 2021 жылы басталған ауыспалы құрылыстар. Осы мақсатқа рес­пуб­ликалық және жергілікті бюд­жеттен 14,6 млрд теңге қа­рас­тырылып отыр. Жыл соңы­на дейін осы қаражатқа 215 ша­қырымнан астам жол жөндеу жоспарланды.

Кестеге қарағанда, биыл об­лыстық мәртебедегі Барбас­тау – Ақжайық – Индер автожолының 43-93 шақырым аралығы, Бөрлі – Ақсай – Жымпиты жолының 68-139 км аралығы, Чапаев – Жаңақала – Сайхын жолының 130-191 шақырымы қайта салынып, Теректі мен Ақсай ара­сындағы автожолдың 28-58 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл үшін республика қа­зынасынан 3 754,019 млн теңге, облыс бюджетінен 509,299 млн теңге қарастырылған. Жобаны Uniserv және «Айдана» компаниялары жүзеге асырмақ.

Қаңтардағы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­­стан­­ның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға ар­налған әлеу­меттік және бизнес бағ­дар­ламасын қайта қа­рауды жүктеген болатын. 25 қаңтарда Батыс Қазақстан об­лысының әкімі Ғали Есқалиев Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша әзірленген өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-эко­номи­ка­лық да­муының ке­шен­ді жос­парын таныстырды. Осы жос­пардың ішінде өңірдің автожолдарын да жөндеу, қайта салу жобалары қарастырылған.

«Біз жергілікті халық тарапынан көптен бері айтылып жүрген ұсыныстарды болашақ жобаға енгіздік. Мысалы, Жаңақала ауданындағы Пятимар (10 км) және Көпжасар (14 км) ауылдарына, Бөкейордасы ауданы Мұратсай (18 км) ауылына кірме жолдарды жөндеу үшін бүгінгі таңда Автомобиль жолдары коми­тетіне бюджеттік өтінім жіберілді. Енді республикалық бюд­жеттік комиссиясы отыры­сында біздің бюджеттік өтінім мақұлданса, тиісті қаражат бө­лінеді. Сондай-ақ еліміздің Жалпыұлттық киелі нысандары қатарына кіретін Дәдем ата – Жұмағазы хазірет кесе­не­сіне апаратын жолды реконструк­циялауға қаражат бөлуге де бюджеттік өтінім жібе­рілді. Жолдың ұзындығы 2,616 км, сомасы 253 383,7 млн теңгені құ­рап отыр», дейді Айдар Менеев.

Айта кетейік, Үкіметке ұсын­­ған Батыс Қазақстан облы­сын кешенді дамыту жоспары бекітілсе, 2025 жылға дейін өңір­дегі жергілікті жолдардың 78 пайызы асфальтталмақ. Бұл облыс ішіндегі көлік қатынасын күрт жақсартып, елдің әл-ауқаты дамуына да зор әсер етері сөзсіз.

 

Батыс Қазақстан облысы