Медицина • 15 Ақпан, 2022

Қазақстандық ғалымдар буын ауруларын емдейтін гидрогель ойлап шығарды

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық биотехнология орталығының ғалымы Вячеслав Огай бағаналы жасушаларды қолдану арқылы күрделі сынықтарды қалпына келтірудің бірегей технологиясын жасап шығарды. Ол сынықтар мен зақымдалған тізе буындарын емдеуді жеделдететін гидрогель ойлап тапты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандық ғалымдар буын ауруларын емдейтін гидрогель ойлап шығарды

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлім етті.

Арнайы технологияның арқасында операциядан кейін 3-6 ай ішінде сүйек және шеміршек тіндері қалпына келеді. Клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижелері препараттың тиімділігі жоғары екенін растады.

«Сүйек ақауларын толықтай қалпына келтіру травматология мен ортопедиядағы күрделі және шешілмеген мәселелердің бірі болып қала береді. Емдеу үшін сүйек алмастырғыштарын қолдана отырып, остеопластиканың әртүрлі әдістері жиі қолданылады. Бірақ бұл операцияның нәтижесінде сүйек әрдайым толық қалпына келмейді. Біз сүйек ақауларының толық қалпына келуіне ықпал ететін технологияны жасадық. Бағаналы жасушалар мен табиғи биополимерлер зақымдалған сүйек немесе шеміршек тіндерін қалпына келтіру процесін жеделдетеді», деді әзірлеме авторы, Ұлттық биотехнология орталығының бағаналы жасушалар зертханасының меңгерушісі, профессор Вячеслав Огай.

Ғалымның айтуынша, гидрогельдер сүйек тінін жасауда қаңқа ретінде қолданылады. Құрылымында олар дәнекер тінінің негізіне ұқсас, сондықтан барлық биоматериалдар арасында жасуша трансплантациясы үшін ең қолайлы.

Қазір алғашқы операцияларды бағаналы жасушалар негізінде гидрогель арқылы жүргізу жоспарланып отыр. Күрделі сынықтар мен зақымдалған буындарды қалпына келтірудің бірегей технологиясы травматология мен ортопедияда көрсетілетін медициналық қызметтердің деңгейін айтарлықтай арттырады деп күтілуде. Препарат мамандандырылған ауруханалар мен ғылыми медициналық орталықтарда қолданылады.

Бұл технология қазіргі уақытта Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ҒЗИ базасында клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Ғылыми бағдарламаны ғылымды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады.