Әлем • 15 Ақпан, 2022

Кәрімова жымқырған қаражат халыққа қайтарылды

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзбекстанның Әділет министрлігі Гүлнәр Кәрімованың Қылмыстық жолмен алынған мүлкін елге қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын және жақын арада Франциядан 10 миллион АҚШ доллары қайтарылғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Кәрімова жымқырған қаражат халыққа қайтарылды

Ведомство 2020 жылдың мамыр айында Өзбекстанға Франциядан 10 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі активтер қайтарылғанын атап өтті.

«2022 жылғы 11 ақпанда Швейцария мен Өзбекстан бірқатар келіссөздер өткізді, оның барысында екі делегация Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа көпжақты сенім қорын құруға келісті. Қор Гүлнәр Кәрімоваға қатысты қылмыстық іс жүргізу шеңберінде түпкілікті тәркіленген активтерді қайтару үшін пайдаланылатын болады», деп түсіндірді Өзбекстан Әділет министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, қор Швейцарияда әлі де жалғасып жатқан қылмыстық іс жүргізу аясында болашақта түпкілікті тәркіленуі мүмкін кез келген қосымша активтерді қалпына келтіру тетігі ретінде қызмет етеді.

Қазіргі уақытта Өзбекстанға шамамен 131 миллион АҚШ доллары қайтарылуға дайын.

«Қорды басқару тетігі Швейцария, Өзбекстан және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдерінен тұратын болады. Осылайша, Швейцария мен Өзбекстан бүкіл реституция процесіне қатысатын болады. Қор Өзбекстанда орнықты даму мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін болады. Ол БҰҰ-ның Өзбекстан үшін орнықты даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік бағдарламасына (UNSDCF) сәйкес жобаларға ресурстар бөлетін болады», деп қосты ведомство.

Барлық жобалар БҰҰ жүйесінің ережелері негізінде Қордың мониторингі мен бағалау жүйесіне сәйкес бақыланатын болады, ал азаматтық қоғам ұйымдары консультациялық рөл атқарады деп жоспарланды.

Қор өз қызметін Швейцария мен Өзбекстан арасындағы реституция туралы заңды түрде міндеттейтін келісімге қол қойылғаннан кейін бастайды.

Сонымен қатар Мәскеу қаласының соты Гүлнәр Кәрімова мен оның сыбайластарына қатысты өзбек соттарының үкімдерін мойындады және қазіргі уақытта Өзбекстанға түскен қаражатты одан әрі қайтару үшін тәркіленген мүлікті сату бойынша Ресей тарапымен жұмысты ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Хабарланғандай, қайтарылған қаражат халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін әлеуметтік салада пайдаланылатын болады.

Гүлнар Кәрімова - Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Кәрімовтың қызы. Ол 2015 жылдың тамызында бопсалау және салық төлеуден жалтарғаны үшін сотталды, ал 2017 жылдың 18 желтоқсанында тағы бір іс аясында оған он жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2020 жылдың 18 наурызында сот жаңа қылмыстық іс аясында оның түрме жазасын 13 жыл төрт айға дейін ұзартты.