Экономика • 15 Ақпан, 2022

Сұрағы көп «сұр» майнинг

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Майнинг фермалардың «арқасында» майшаммен қайта қауышуымыз мүмкін. Энергетика саласынан хабары бар көпшілік елімізде жарықтың жиі сөнуінің және энергоблоктардың істен шығуының себебін криптовалютаны өндіретін орталықтармен байланыстырады. Бұл қаншалықты рас? Екібастұз өңіріндегі электр стансаларын жағалаған майнинг фермалар негізгі тұтынушыларды қалыпты жарықпен жарылқаудан айырмай ма?

Сұрағы көп «сұр» майнинг

Қазір криптовалюта майнингі бо­йынша еліміз жаһандық көшбасшылар­дың қатарында. АҚШ-тың үлесі 35,4 пайызды құраса, Қазақстан 18 пайызбен екінші орында. Бірі бұл мақтанатын жағдай емес екенін алға тартса, кейбірі криптовалютаның болашағы зор деп топшылап, одан үрікпеуге кеңес береді. Жасыратыны жоқ, осыдан 3-4 жыл бұрын елімізде криптовалюта, биткойн туралы әңгіме-дүкен құратындар аз еді. Қазір бұған қоғамның, әсіресе жастардың ынтасы ауып, майнингтің майын тамызып айтып беруге әзір.

Цифрлы юаньға толық көшуді мақ­сат еткен Қытай оған бәсеке болуы мүм­кін криптовалюта айналымына және өн­­дірісіне қатаң тыйым салғаны бел­гілі. Салдарынан Қытай елінің майнинг фермалары жаппай Қазақстан мен АҚШ-тың Техас штатына шатыр тігу­ге асықты. Лидерлер тізімінің қа­лып­­­та­суының бірден-бір себебі бәлкім осы шы­­ғар. Шынтуайтында, еліміздегі электр баға­сының арзан болуы жалғыз қытай­лық­тарды ғана емес, бұл іспен айна­лы­­самын деген кез келген кәсіпкерді қы­­зық­­­тырып отыр. Кәсіпкер демекші, заң бо­­йынша тіркеліп, салығын төлеп, ша­руа­­сын дөң­гелетіп отырған майнинг ­ор­­та­­лықтар же­терлік. Десе де, соңғы уақыт­­­та көлең­ке­лі бизнестің тізгінін ұс­тап, жа­­­сы­рын түр­де табыс тауып отыр­ған­­­­дар жайлы ақпарат­тар жиі қылаң беріп жүр.

Бұл мәселеге жуықта өткен Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тоқ­талды.

– Криптовалюта өндірісінің әлеумет­тік-экономикалық әсері аз. Жаппай жұ­мыс орындары құрылмайды, нақты өнім жоқ. Сонымен қатар бұл сала электр энергиясын бірнеше облыс сияқты пайдаланады. Кейбір жосықсыз криптовалюта өндірушілер халыққа берілетін тарифтерден төмен тарифтерді пайдаланады. Импорттық жабдыққа салықтар мен баж салығы төленбейді. Ең бастысы, бұрынғы ресурстарды сарқып, ақша тауып жатыр. Барлық криптовалюта өндірушісін анықтап, салық және кеден мәселелерін тексеріп, техникалық келісімшарттарды, сондай-ақ қызметтің басқа да аспектілерін мұқият зерделеу қажет. 19 наурызға дейін есеп беруді тапсырамын. Бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің тиісті лицензиясы болуы, сәйкес тариф бойынша электр қуатын алуы, кірістерін декларациялауы және салық төлеуі, жасыл энергетика жобаларын іске қосуы керек. Қазіргі мөлшерле­ме – электр қуатының бір киловатына 1 теңге мардымсыз. Үкіметке бұл салықты тез арада еселеп көтеруді пысықтауды тапсырамын. Үкіметке цифрлы майнинг жұмысын реттеу және дамыту бойынша толыққанды шешімдер пакетін әзірлеу керек. Нәтижесін 1 сәуірге дейін күтемін, – деп тапсырды ел Президенті.

Іле-шала Екібастұз өңірінде жаңбыр­дан соң бас көтерген саңырауқұлақтай қаптаған майнинг фермалардың иелеріне хабарластық. Бәрі ақпарат беруден бас тартып, ат-тонын ала қашты. Сол сәтте «Майнинг фермалардың көбі жоғарыда отырған көрінбейтін көкелердікі» деген қаңғыма сөз шындыққа жанасады ма деген ойға қалдық. Әйтеуір араларынан батыл біреу табылды-ау. «Ақ» майнингтің өкілі болғандықтан «жасыратын ештеңе жоқ» деп ағынан жарылды.

– Әу баста елімізде жүйелі бақылау болмағандықтан, майнинг орталықтар электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы кәсіпорындардың айма­ғына жағалай жайғасып алды. Артық ақша қалта тесе ме? Кәсіпорын басшылары тиімді ұсыныстарды қабылдаудан бас тартпады. Майнинг фермалардың қай­сысы заңды жұмыс істеп жатқанын анық­тау қиын емес. Бүгінде майнинг қон­дырғыларын елімізге кіргізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің рұқсаты қажет. Кедендік декларациядан да айналып өтпейсіз. Жауапты органдар жос­парлы тексерістер жүргізсе, талай былық­тың беті ашылары сөзсіз. Десе де, елімізде жарықтың жиі сөну себебін майнинг орта­лықтармен байланыстыру қисынға кел­мейді. Онсыз да жыл басынан бері электр энергиясынан қағылдық. Бүгінде қондырғыларымызды жинап, Ресей, Норвегия нарығына аяқ басуды көздеп отырмыз, – дейді «ВТС KZ» ЖШС-нің құрылтайшысы Дінмұхаммед Маткенов.

Өткен жылдың соңында еліміздегі ең ірі электр стансасы – Екібастұз ГРЭС-1 кә­сіпорнында энергоблок апатты түр­­­де тоқтап қалған болатын. Келесі күні №8 блок істен шықты. Әрине, ірі кәсіп­орындағы негізгі қондырғылардың істен шығуы қауіпті. Қос энергоблоктың қуа­ты 500 МВт екенін ескерсек, апатты жағ­дайдың салдары оңай болмасы анық. Апат­тың себебі майнинг орталықтардың жұмысымен байланысты емес пе?

Аталған кәсіпорынның баспасөз ­қыз­­метінің мәліметінше, апаттың себебі гене­рация көлемінің 1000 МВТ-қа төмен­деуінен орын алған. Салдарынан №1 Екібастұз МАЭС-тегі электр энергия­сы­­ның тапшылығы 1 500 МВТ-қа дейін жет­­кен. Мәселені шешу үшін Энергетика ми­нистрлігінің араласуымен кейбір тұты­нушыларға электр энергиясын шектеу туралы шешім қабылданды. Аталған ведомство «Бүгінде энергоблоктардың бар­лы­ғы қалыпты жұмыс істеп тұр. Апаттың ­туындауына майнинг орталықтардың түк қатысы жоқ», деп қысқа қайырды.

Естеріңізге салсақ, былтыр қараша айында Энергетика министрлігі Атом­дық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің қызметкерлері «KEGOC» АҚ-ның «Ақмола ЖЭТ» филиалы арқылы заңсыз әрекет еткен майнинг фермасын анықтаған болатын. Бұл – бір ғана мысал. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін «сұр» майнингтердің сұрқия әрекеттері әшкере болатынын болжай беріңіз. Салықтан жалтармай, «таза» жұмыс істейтіндерге жол ашық.

Елімізде майнинг орталықтардың жұ­­­мысына шектеу қойылған жоқ. Тек талап күшеймек. Соған қарағанда ми­нистр­ліктегілер бұл саладан «бірдеме» шығатынына сенетіндей ме, қалай? Дін­мұхаммед Маткеновтің айтуынша, крип­товалютаның болашағы зор. Өкі­нішке қарай, елімізде әлі күнге дейін бұл салаға сенімсіздік басым.

– Көптеген мемлекеттер криптовалюта арқылы экономиканы жандандыруға болатынын аңғарып, қазірден бастап нақты шараларды қолға алуда. Бұл сала Жапонияда 4 жыл бұрын ресми түрде мойындалған. АҚШ-та да негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Бізде ше? Саланың дамуына қолайлы жағдай жоқ. Әйтпесе, Екібастұз өңірін өндірістік алаңға айналдыруға мүм­кіндік зор. Мемлекет басшысының пікірі орынды. Талап күшейсін. Бірақ майнинг орталықтардың тағдырына түпкілікті балта шабуға болмас, – дейді Д.Маткенов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жасыл энергетика» жайлы тілге тиек етуі тегін емес. Егер оны іске қос­­­паса, Қазақстанның майнинг қарқы­нын бұ­дан әрі көбейтуге еш мүмкіндігі болмай­ды. Яғни майнингке жұмсала­тын электр­энергиясын көмір мен мазуттан емес, күн, жел мен су қуатынан алуға тиіс. Не десек те, Президенттің тапсырмасы­­нан ке­йін бұл салада өзгеріс орын алаты­ны сөзсіз. «Үкімет сәуірде тәуір немесе ауыр шешім шығара ма?» деп алаңдап отыр­ған майнинг орталықтарының иелері кез келген жағдайға дайын болуы керек. Бұл – нарықтың талабы.

Оралхан ҚОЖАНОВ,

журналист