Қоғам • 16 Ақпан, 2022

Айқайшылар шын мұқтаждың жолын кеспесін...

530 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маңғыстау мазасызданып тұр. Әртүрлі талап қойған, бейнеүндеу жариялаған, митингілеткен ұжымдар қарасы көп. Тіпті, халықтың өзі қайсысыныкі дұрыс, қайсысыныкі бұрыс екенін бағамдаудан қалғаны белгілі. Ел арасында «митингтің мәнін кетіріп алған жоқпыз ба?», «митингке шығады» дегенге шығатындар көбейіп кеткен сияқты» немесе «бізге тыныштық керек» дегендей күбір-күңкіл сөздер естіледі. Күбір мен күңкіл болатын себебі қаттырақ айтуға алып-ұшып жүрген көпшіліктен қорқады.

Айқайшылар шын мұқтаждың жолын кеспесін...

Жергілікті билік өңірдегі кейбір ұжым­дардың мәселелерін шешу бағ­ы­тында жұмыс жүргізіліп жат­қанын айтады. Мысалы, жала­қы­ны 50-70%-ға көтеруді талап етіп бірнеше күн шерулеткен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-да жалақы 30 %-ға өсіріліп, мәсе­лені шешу үшін мемлекеттік инс­пек­торлармен бірге еңбек арбитражы құрылған. Бүгінде 163 мың тұрғыны бар, 10 мың адам «Өзенмұнайгаз» АҚ-да жұмыс істейтін өзендіктер тағы бір мұнай-газ өндіруші басқарма ашуды талап етуде. «Бұрғылау» ЖШС, «РЦКУ-Актау» ЖШС жұмысшылары, «KMG-Sekurity» мекемелері, өзге де ұжымдар өз талаптарын айтуда.

Әкімдік мәселені шешу, ми­тинг­­ті тарату бағытында жұмыс­тар­ға кірісті. Мәселен, Жаңаөзенде тұрғындарды жұмысқа орналас­тыру мәселесі жөніндегі комиссия жанынан Халықтық бақылау тобы құрылды. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бастаған жұмыс тобы бастамашыл топпен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешудің үш бағыты бойынша жоспар ұсынған болатын.

Екі тарап арасындағы келіссөз­дер нәтижесінде қалалық жұмыс­пен қамту орталығында 5 санат бо­йынша кезекте тұрған 150 азаматты қолданыстағы алгоритм не­гі­зінде жұмысқа қабылдау жос­пар­­ланып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға сервистік қызмет көрсететін мекемелерде жаңадан құрылатын 150 жұмыс орнына халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарды жұмысқа орналас­тыру межеленген. Сондай-ақ Жа­ңа­өзен қаласының жұмыспен қам­ту бөлімінің «Жұмыс істеймін» бағдарламасы аясында биыл нау­рыз айынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері қосымша 50 жұмыс орнын ашады. Екі тарап арасындағы келіссөздер қоры­тын­ды­сы бойынша 350 адам жұмысқа орналастырылады деген болжам бар. Әкімдік жұмысты қайдан, қалай тауып отыр? Егер бұған дейін бар мүмкіндік болса, неге митингке дейін қам жасамаған, ал жоқтан жонып жұмыс орындарын ашқан болса, бұл Жаңаөзен ғана емес, өзге өңірлердегі жұмыссыздардың да митингке шығуына себеп болмай ма? Қазір желілерде «билік Жаңаөзенге бет бұрып кетті, өзге өңірлер өгей ме?» деген рәуіштегі өкпелі үндер айтыла бастады.

Осы жерде назарды көбірек аудартып «әттеген-ай» дегізетін шеру де жоқ емес. Бұл – Маң­ғыс­таудағы көпбалалы және тұр­ғын үйді жекешелендіріп бе­ру­ді талап еткен аналар дауы. Аналар кешқұрым алаңға жиы­лып, түнгі сағат 3-ке дейін ере­уіл­детті, көшелерді жапты. Ерте­сі­не облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жалға берілетін тұрғын үйді же­ке­шелендіруді талап еткен, яғни Ақтаудан жалдамалы тұрғын үй алған Жаңаөзен қаласының бір топ тұрғынымен, сондай-ақ Ақтау қаласының көпбалалы аналарымен кездесті.

Әкімдікке келген әйелдер Жа­ңа­өзен қаласынан Ақтау қала­сы­на қоныстандыру бағдар­ла­ма­сы бойынша 2019-2022 жылдар аралығында жалға берілген пәтерлерін жекешелендіріп беруді талап етті. Сондай-ақ пәтерді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлем ақысын алып тастау туралы талаптарын айтты. Н.Ноғаев қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтынын түсіндірді.

– Ақтау қаласында жалға бер­ген пәтерлердің жалға алу мер­зі­міне шектеу қойылмайды. Егер келісімшартта тіркелген адам қай­тыс болған жағдайда, жалға алу келі­сім­шарты қалған отбасы мү­шелеріне ұзар­ты­лып бе­рі­леді. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша, сіз тұратын пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қоры­нан сатып алу құқығынсыз бері­ле­ді, жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды. Ком­му­налдық қызметтерге қа­тыс­ты, егер сіздің табысыңыз төлемді толық өтеуге мүмкін болмаса, онда «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға сәйкес қажетті құжаттар пакетін жинап, тұрғын үй көмегін ала аласыз, – деді аймақ басшысы.

Тұрғын үйді жалдау ақысы тұрғын үйдің шаршы метріне байланысты 8-ден 12 мың теңгеге дейін өзгереді.

Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары да қатысып, жинал­ған­дарды комиссия жұмысын жал­ғас­тыруға шақырды. Мәслихаттың бірқатар депутаты аналар көтер­ген мәселелерді қарау үшін Парла­мен­тке хат жолдады және кездесу қорытындысы бойынша комиссия жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Аналардың арасында кімдер бар? Бірқатарын жалға беріп, қо­сым­ша табыс тауып жүрген бір­неше үйі бар, астында қымбат көлі­гі бар айқайшы аналарға қарап қапаланасың. Олардың мақсаты – елдің тыныштығын бұзу ма, әлде тойымсыздық па? Жағдайлы ана­лар­дың жалған айқайы көмек­ке шын мұқтаж аналарды тасада қалдырып жүрген жоқ па? Ра­сын­да, митингке шыққан кейбір аналардың жағдайының жақсы екеніне қарап отырып, шын мұқтаж отбасы мен айқайшыларды айыру қиынға түскендей, митингтің де мәні кеткендей...

Маңғыстаудағы «келіндер кө­те­рілісі» көңілге кірбің ұялатып, тұр­ғындар талабындағы көлеңкелі тұстарды көрсеткендей. Шын мұқ­­таж­дық, шешімін таппай ушық­қан мәселе болмаса, улап-шулап кө­шеге шығу сән емес екенін ұғы­­нып, мұндай шерулер елдің ықы­ла­сын емес ызасын тудыратынын ескерейік.

 

Маңғыстау облысы