Бұл жолғы жиында Президент жүктелген міндеттердің нақты орындалу уақыты мен мерзімін бекітіп, оны іске асыруда цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді.
«Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия беру, жеңілдетілген баспананы алу тәртібін оңтайландыру мен жер кадастрын реттеуде, сондай-ақ бюджеттің қаржылық жоспарлауын қалыптастыруда цифрландырудың орны бөлек. Неге десеңіз, цифрландыру арқылы уақытты үнемдеуге, сол секілді адам санын азайтуға жол ашылады. Мұның әсіресе мемлекеттік басқару саласында тиімділігі көп. Еліміздегі халықтың саны 20 млн екенін ескерсек, біз мәліметпен жұмыс істеуге көп уақыт пен адами ресурсты оңды-солды шашып, жұмсай алмаймыз. Міне, осы тұста жаңа технологиялар жоғары білікті мамандарымызға уақытты пайдалы мәселелерге арнауға септеседі. Бұған қоса цифрландыру адами ресурсты үнемдеуден бөлек, кез келген мәселенің жылдам шешілуіне ықпал ететінін ұмытпау қажет», деді Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік жөніндегі кәсіпқойлар қауымдастығының басшысы.
Сарапшының айтуынша, бұл бағытта назар аударатын мәселе аз емес. Атап айтқанда, кез келген ақпараттық жүйені әзірлегенде оның қауіпсіздік тұрғысынан да қамтылуын ойластыру керек. Бұл орайда ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде маманданған компаниялар мен ұйымдардың қызметіне жүгіну қажет.
«Ақпараттық қауіпсіздік – қолжетімділік, құпиялылық және тұтастық сынды үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Қандай да цифрлы жүйені жобалаудың алдында осы үш негізгі қағида ескерілуге тиіс. Өйткені стрессті жағдайларда ақпараттық жүйе ашық әрі қолжетімді болуы қажет. Себебі цифрландыру тек мемлекеттік басқарудан ғана тұрмайды. Осы орайда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым да өте маңызды. Мәселен, өндіріс орындары мен қаржы ұйымдарындағы цифрландыру үдерісі жолға дұрыс қойылмаса адам өмірі үшін қауіптілігі жоғары болмақ.
Әлбетте, цифрландыру сөзсіз қажет. Президенттің айтқан сөздері ақылға қонымды. Бұл қадамға қалағанымыздан барып отырғанымыз жоқ. Әлемдік экономикалық процестердің қатысушысы болғандықтан біз осы үрдістен бас тарта алмаймыз. Десе де, цифрландыру барысы басқарылып, қадағаланатын және ақпараттық қауіпсіздік нормалары ескерілуге тиіс. Ал осы қауіпсіздікті жан-жақты қамту үшін бұған отандық компаниялар мен білікті мамандарды жұмылдыру қажет деп есептейміз», деді қоғамдық ұйым өкілі.