Аймақтар • 16 Ақпан, 2022

Мегаполисте шешімін күткен мәселе көп

247 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әкімдер халықпен тұрақты кездесулер өткізуге міндетті. Осы шаралар барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылуы шарт. Әкімдердің есеп беру жиындары да өзгерістерді қажет етеді. Халықпен кездесу өткізу жергілікті билікке де, тұрғындарға да тиімді. Жұрт көкейіндегі мәселелер көтеріліп, оның шешімін табуы жеделдетіледі. Осы орайда ай бойы қала аумағындағы төрт ауданға қарасты елді мекендерді аралаған Шымкент қаласының әкіміне тұрғындар көп мәселені жеткізгенін айта кетелік. Әлеуметтік мәселелер қала әкіміне мәлім де болар, дегенмен есіне салып, пікірін есту қарапайым халық үшін маңызды.

Мегаполисте шешімін күткен мәселе көп

Шымкент қаласында шешімін күткен әлеуметтік мәселелер аз емес екен. Мы­са­лы, қаладағы Отырар шағын ау­даны­ның тұрғындарын аяқжол, таза­лық, көпқабатты үйлердің сыртын әрлеу, лифт, жылу жүйесі мәселесі толғандырады. Ал Абай ауданына қарасты Жаңаталап елді мекенінің жаңақұрылыс бөлігіне әлі де сапалы электр жарығы мен табиғи газ келмеген. Сондай-ақ тұрғындар қосымша мектеп салынуын, көпір мен асфальт жол және шағал тас төселуін талап етуде. Бадам өзені бойынан шағал тас ұрлайтындарға да тыйым бол­май тұр. Ауданға қарасты «Тәуелсіздік­­ке – 20 жыл» тұрғын алабына табиғи газ, қо­сымша мектеп, амбулатория, мәде­ниет үйі мен спорт алаңшасы және асфальт жол қажет. Еңбекші ауданы ау­­ма­­ғын­дағы 35 шағын аудан мен тұр­­­­ғын алаптардың халық шоғырлан­ған не­­гіз­гі бөлігі инженерлік жүйелер­мен қам­тылған. 17 мыңға жуық тұрғыны бар 5 тұр­ғын алабындағы халықтың 97,4%-ы ауыз сумен, 95,2%-ы сапалы электр жа­­ры­ғымен және 94,0% табиғи газбен қамтылған екен. Қала орталығынан шалғайда орналасқан Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптары тұрғындары ортақ мәдениет үйін салып беру, кабельді интернет желісін тарту, ағын су мен жайылым жер мәселелерін көтеруде. Жаңа мектептің салынғанын Елтай тұрғын алабының тұрғындары да қалайды. Сондай-ақ тұрғындар әкіммен кездесуде Бадам өзені жағалауларына бетонды дамба қойып, бекіту жұмыстарын жүргізіп, абаттандыруды және Айнатастағы №126 мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусы, акт залы, спортзал, шеберхана қажет екенін жеткізді. Қаратау ауданы Тұран шағын аудан тұрғындары мектепке барар жолдардың жарықтандырылғанын қалайды. Тассай елді мекенінің тұрғын­дары жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу және жастарға спорт кешенін салып беру туралы өтініштерін жеткізді. «Құрсай» шағын ауданында көтерілген мәселелер қатарында жарықтандыру, абаттандыру, әлеуметтік нысандар, жол салу, инженерлік желілер жүргізу, көгал­дандыру және басқа мәселелер бар. Шағын ауданда 1 480 үй (80%) ауыз сумен қамтылған. Қайнарбұлақ тұр­ғын алабының халқын ауыз су, газ, электр жарығы мәселесі толғандырады. Ал Абай ауданына қарасты Ақжар тұр­ғын алабының тұрғындары Шымкент-Ташкент А-2 күре жолының бойында орналасқан қоқыс полигонының мәселесін көтеріп, ондағы жағымсыз иіс пен зиянды түтіннен қауіптенетіндерін айтты. Бұл орайда қала әкімі полигонға түсетін тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі күн сайын 550-600 тонна, жылына 200 мың тонна екенін айтып, қоқыс полигонының жүктемесін азайту мақ­сатында қала аумағынан тағы бір қоқыс полигонын салу мәселесі бойынша инвес­тор қарастырылып жатқанын жеткізді.

Жалпы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тұрғындар көтерген мәселелерге қатыс­ты берген жауаптарына жүгінсек, үшін­ші мегаполистегі 81 елді мекеннің 72-сі сапалы электрмен қамтылған. Электр қуатымен қамту деңгейі – 97 пайыз. Бұл көрсеткішті одан әрі артты­ру мақсатында биыл 12 нысанның құрылысы басталған. Жыл соңына дейін 1 қосалқы станса, 8 елді мекендегі құрылыс жұмыстары аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электр қуатына қосылады. Нәтижесінде, сапалы электрмен қамту деңгейі 97%-дан 99%-ға жетеді. Ал 2023 жылы қала толығымен электр қуатымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бүгінде мегаполистегі 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 3 елді мекен суды кестемен тұтынуда. Былтыр тасымалды су ішетін 7 елді мекеннің мәселесі толығымен шешілді. Биыл 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңында 11 мыңнан астам құрсайлық сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Одан бөлек, биылға Еңбекші ауданындағы жаңа құрылыс аумақтары мен Текесу елді мекенінің ішкі жүйелерін қайта құру жұмыстарын жүргізу қаралған. Нәтижесінде, қаланың ауыз сумен қам­тылу көрсеткіші 98-ден 99 пайызға өседі. Ал Сайрам мен Қайнарбұлақта құрылыс жұмыстары биыл басталып, келер жылы толығымен аяқталады. Осылай­ша, ауыз сумен қамтамасыз етудегі 100 пайыздық көрсеткіш орындалады. Сондай-ақ қалада биыл 223,8 шақырым болатын 291 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 21,2 шақырымы магистралды көше, 202,6 шақырымы ішкі орам көшелер. Жалпы, қалада 2025 жылға дейін ұзындығы 1000 шақырым шамасында болатын жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. Нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесін 79 пайызға жеткізу көзделуде.

Аумағы ұлғайып, тұрғындар саны артқан мегаполисте баспана мәселесі өзекті. Бұл орайда қала әкімі мегаполис­те әлеуметтік несиелік тұрғын үй санын көбейту мақсатында 2026 жылға дейін бюджет есебінен 1 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынатынын айтады. Бүгінде қалада тұрғын үйге сұраныс – 198 623 адамды құрайды. Оның ішінде 150 мың адам әлеуметтік несие алуға өтініш берген «Отбасы банк» салымшылары болса, 48 623-і – әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй алу үшін баспана кезегінде тұрған азаматтар. Осы мәселені шешу мақсатында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып, мемлекеттік бағдарлама бойынша белгіленген бағада үлестіру үшін жоғары сапалы әлеуметтік несиелік тұрғын үйлердің санын көбейту қажет. Алдағы 5 жылда осы санаттағы үйлердің шаршы метрін 1 млн-ға, яғни 38 264 пәтерге жеткізу көзделуде. Биыл мемлекеттік бағдарлама есебінен 173 мың шаршы метрден аса баспана пайдалануға берілмек. Сондай-ақ биыл 1 605 азаматты сатып алу құқығынсыз тұрғын үймен қамту жоспарланған. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 272, жұмыс істейтін жастар – 857. Алғашқы жарнасын өтеу мақсатында жалпы 416 тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтеусіз негізде берілген. Тұрғын үй сертификаттарын беру үшін биыл да жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қарастырылған. Еске салсақ, былтыр барлық қаржы көздерінің есебінен қалада 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде 140 мың шаршы метрі – әлеуметтік үй. Қалада жалпы биыл 1 800 орынға арналған 6 білім беру нысаны пайдалануға берілмек.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне тұру автоматтандырылған, тізімде 48 623 азамат тіркелген. Алдыңғы жылға қарағанда кезекте тұрғандар саны артқан. Оның басым бөлігі «Мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері» және көпбалалы санатындағылар. Аталған азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында биыл «5-20-25» тұрғын үй бағыты бойынша 18 тұрғын үйді және «7-20-25» бағытымен 15 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

 

ШЫМКЕНТ