Егер тұтастай адамзат баласының даму мәдениетін алып қарасақ, тап-таза, тек бір халыққа ғана немесе тек бір ұлтқа ғана тән деген мәдениет үлгісін таппайсыз. Өйткені, адам баласының бір-бірімен ұғынысуы үшін тіл пайда болғаннан бері мәдениеттер бірі арқылы бірі байып, өзіндік ділге, өмір сүрген ортаға бейімделіп, сол атыраптағы халықпен бірге дамып отырған. Мәселен, бір өркениеттің идеясы мен онда пайда болған игілікті жаңалық ерте ме, кеш пе, өзгесіне жетіп байып отыруының мысалына кітап басып шығару ісін жатқызуға болады. Кітап шығару VIII ғасырда Қытайда дүниеге келсе, ал кітап басатын қозғалмалы литері бар машина осы елде ХІ ғасырда пайда болған, ал олардың Еуропаға жетуіне бақандай үш ғасыр уақыт кеткен. Қытайда ІІ ғасырда қағаз жасау қолға алынса, оны Қытайдан әлемге алып таратқан жапон жұртына қағаз араға бес ғасыр салып барып жеткен.
Түрі мен түсін, тілі мен ділін түрлі еткенімен, түбірі бір Адам баласы ұзын-сонар тарих көшінде толқын-толқын талай тарихи үдерісті басынан кешірген. Ықылым замандардан бері ол үдерістердің жылдамдығы да адам дамуына тәуелді болып келді. Осы бір-біріне деген тәуелділіктің арқасында таразы басы тең түсіп жүрген мәдениеттер дамуы соңғы жүзжылдықта өзгеше кейіпке енді. Адам айтса нанғысыз жылдамдықпен өрістей түскен өркениеттер арасындағы араласу мейлінше қоюланып, енді табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан әлемде «өркениеттер қақтығысы» деген жаңа терминнің пайда болуына алып келді.
Алғаш рет осы терминді қолданған Сэмюэл Хантингтон «қырғи-қабақ соғыстан» кейінгі әлемде мәдениеттің өзін бір жағынан біріктіруші, бір жағынан айырмашылықтар арқылы бөлінуге итермелейтін күш деп, идеология арқылы бөлінген бір халық ортақ мәдениеттері арқылы күндердің күнінде бірігеді, я болмаса бірігуге ұмтылады (бұл жерде ол екі Германия мен екі Корея мемлекеттерін мысал етеді), ортақ мәдениеті болмаған, бірақ идеология күшімен біріккен мемлекеттер одағы бәрібір ыдырайды (Кеңестер Одағы), ал рухани және мәдени ортақ құндылықтары, ұқсастықтары бар елдер бір-бірімен саяси, экономикалық одақтарға бірігеді дейді. Сондай-ақ, халықаралық ұйымның өзі, егер араларындағы ұқсастықтары көбірек болса, онда, мәселен, Еуропа Одағы секілді жемісті жұмыс атқарады дей келе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 45 жыл бойына Еуропаны қақ бөлген жүйе жойылғалы екі араны бөлген сызық Шығысқа қарай жылжып, енді ол Батыс христиандарын, православиеліктер мен мұсылмандардан бөліп жатыр деп жазады. Әлемдегі өркениеттерді 7-ге бөліп, Син (Қытай), Жапон, Үнді, Ислам (мұның ішінде бірнеше субөркениет бар, олар – араб, малай, түркі, парсы), Православие, Батыс, Латын Америкасы өркениеттері деп классификациялаған Сэмюэл Хантингтон осылардың арасында философиялық көзқарастары, басты құндылықтары, салт-дәстүрлері мен өмірге деген ұстанымдары мен көзқарастарының бір-бірінен айтарлықтай дәрежеде өзгешеліктері бар екендігін, ал діннің өрістеуінің нәтижесінде олардың арасындағы айырмашылықтар тереңдей түседі деген болжам айтып, өркениеттер арасында болатын қақтығыстардың ықтималдығын жақындата түседі.
Енді бір ойшыл Фетхуллах Гюлен өркениеттер арасындағы үнқатысудың маңызына жете мән береді. Ол мұсылмандар мен христиан әлемінің 14 ғасырға жуық бір-бірімен қайшыласып келгенін, Батыстың исламның өздеріне баса-көктеп кіргенін ұмытпағанын, ал осы екі дүниенің бір-біріне қарама-қарсы тұруының ешкімге жақсылық әкелмейтінін, қайта екеуінің де бір-біріне құрметпен қарауының тек өздеріне ғана емес, әлемге пайдалы болатынын алға тартады.
Әрине, тарихи тұрғыдан, мәдени даму жолынан, ділі мен дүнияуи, өмірлік көзқарастар мен философиялық ұғымдық жағынан өркениеттер арасында айырма бар екені анық. Бірақ Жер шарының жаһандық өлшеммен алғанда жәй ғана бір тозаң екенін ойлағанда, жоғарыдағы түрлі әлемнің адамзат баласы деген ортақ бір атауға сыйып кететіні де рас. Мейлі өркениеттер саны 7-8, тіпті, 9 болсын (ол жайында түрлі пікір білдірушілер бар), дегенмен де, ақпараттар ағыны жаһандық жылдамдықпен алмасып, технологиялар экспансиясы билік құрған заманда өркениеттер арасындағы байланыстар қаласақ та, қалмасақ та жүре бермек және ол өз дегеніне бағындырмай қоймақ емес. Мәселе, соған дайын болуда. Өркениеттер үнқатысуының нәтижелі болуы сол үдерісте әр ұлт пен этностың өз келбетін, бейнесін сақтап, әлемдік өркениетті байыта түсуінде. Әрине, әр ұлттың өз бет-бейнесін сақтауында тілдің атқарар рөлі ұшан-теңіз. Оны ештеңемен салыстыруға да келмейді.
Жаратушының қалауымен біздің еліміз сан өркениеттің тоғысқан тұсында, Батыстың да, Шығыстың да, ислам өркениетінің де бір-бірімен түйісетін жерінде орналасыпты. Содан да болар, қазақ даласында алғаш қолға үйретілген жылқының, атқа жеңіл отыруға мүмкіндік беретін үзеңгінің, арба дөңгелегінің ойлап табылуы қай өркениетке де тез жетіп, олардың қай-қайсының да дамуына өлшеусіз үлесін қосты. Түркі тілінің ықпалы өзге өркениеттерге қалай әсерін тигізсе, олардың ата тілді түрлендіруге өз әсерінің болғаны анық.
Біздің пайымдауымызша, өркениеттер қақтығысы деген терминнің тууына, әрине, белгілі бір дәрежеде негіз бар деп есептегенмен, дәл біздің халқымыздың тарихи танымы мен өмірге көзқарастары, маңайындағылардың өзгешелігіне құрметпен қарауын ықылымнан қанына сіңіріп өсіруі қақтығыстан гөрі, өркениеттер арасындағы қарым-қатынастардың үнқатысу арқылы берекелі тірлікке бастайтынын аңғартады. Алысқа бармай-ақ, мысалды қазіргі заманғы жаңа тарихымыздан да алуға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада өтіп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері соның айғағы.
***
Мультимәдениет идеясы – Еуропа туындысы. Канада мен АҚШ-та мультимәдениет өзінің жемісті жолын жалғастыруда деп келген, кәрі құрлықта да осы идея құнарлы топыраққа түсіп, бітік өнім береді деген Батыс қазір одан айнып қалғандай. Еуропаның ірі қалаларына жұмыс іздеп, жайлы орын таппақ ниеттегі шетелдіктердің шоғырланып бір жерге орналасуы олар үшін алыста жатқан тарихи отанмен байланыстай көрінді. Себебі, сол ортада ол өзінің туған тілінде сөйлеуіне, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап қалуына мүмкіндік бар еді. Тіпті, Еуропаның ішінде тұрып-ақ қаланың өзге аудандарымен араласпай-ақ тіршілік етуге, сол жерде түрлі қызметтер атқаруға болатындай жағдай туды. Батыс мұндай қалыпты мультимәдениет деп, яғни өзгешелікті ортада өз бейнесін сақтап қалуға қолайлы жағдай туғыздық деп оны артықшылыққа балады. Оларға арнайы әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп, оқу оқуда, жұмысқа тұру мен еңбек нарығын реттеуде тиісті заңнамалар қабылданып, азаматтықты қабылдауда, жаңа ортаға бейімделуде көмек көрсетілді. Мультимәдениетті қоғам осылайша еңбек мигранттарына Еуропа есігін айқара ашты.
Ал еуропалықтар өркениеті, әсіресе, соңғы 50 жыл ішінде бала туу азайған, жастары тұрмыс құруға асықпайтын, тіпті, бір жынысты некені қолдап заң шығарған қоғамға айналды. Шеттен келген мигранттар үшін бала туу, үйлену, отбасын құру олардың діліндегі қандарына сіңген қасиет. Енді екі ортада «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, Еуропа күтпеген проблема бой көрсетті. Ол ассимиляцияға ұшырамай, өздері өмір сүріп жатқан әлеуметтік-мәдени ортаға сіңірілуді қаламайтын әлеуметтік қоғамның пайда болуы еді. Ассимиляция жүзеге аспайтын болғандықтан, енді бір сәт олар «ассимиляциясыз интеграциялану» деген ойды алға сүйреген. Сөйтіп, Еуропада 1980-жылдардың алғашқы жартысында, 90-жылдардың басында «мәдени өзгешелікті құрметтеу», «өз ұлттық келбетіңді сақтау құқы» сынды терминдер алға шықты. Алайда, соңғы жылдары тек саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдар емес, мемлекет басшылары осы идеялардың жүзеге аспағанын мойындап, оны биік мінберлерден жалпы жұртқа жариялай бастады.
1992 жылы Гельмут Шмидт: «Германиядан да, Франциядан да, Ұлыбританиядан да мигранттар қабылдай беретін елдер жасауға болмайды. Біздің қоғам оны көтере алмайды. Олар онда деградацияға ұшырайды. Не нәрсенің де шегі бар. Мультимәдениеттік орта этикалық тұрғыдан дұрыс-ақ көрінер, алайда іс жүзінде, демократиялық қоғамда, әрбір азамат өз дегенімен жүретін қоғамда, оны іске асыруға болмайды», десе, 2010 жылы Ангела Меркель мультимәдениетті қоғам құру идеясының толықтай күйрегенін айта келе, иммигранттардың өздері өмір сүріп жатқан қоғамға интеграциялануы керектігін, Германия мәдениеті мен оның құндылықтарын қабылдауы қажеттігін баса айтты. Осы ойды қолдайтынын 2011 жылы Мюнхенде Дэвид Кэмерон жеткізсе, Николя Саркози де өз әріптестерін толық қолдап: «Иә, мультимәдениет идеясы сәтсіз болып шықты. Біз келген иммигранттардың өз келбетін сақтауына мән беріп, қабылдаушы жұрттың келбетіне нұқсан келуіне мән бермеппіз. Егер сіз Францияға келіп, оның ұлттық қауымдастығының ішіне енуді қолайлы көрмесеңіз, онда сізді мұнда ешкім де керек етпейді. Біз мультимәдениет идеясын қолдағанда барлығымыз бейбіт қатар өмір сүреміз, бір-бірімізге құрметпен қараймыз деген едік. Алайда, бұл мүлдем жүзеге аспады», деп осы мәселеге қатысты ойын сұраған журналистерге жауап берген болатын. Осы тәріздес пікірлерді Нидерланд, Норвегия, Бельгия елдерінің көшбасшылары да жеткізді.
Батыс Еуропа мемлекеттері ішінде мультимәдениеттің жемісті жұмыс істеп жатқан елі – Швейцария. Бірақ ол бірнеше ғасыр бойына бір-бірімен қоян-қолтық араласып жатқан, негізінен еуропалық түрлі мәдениеттер мен өркениет тоқайласқан ортада жүруде. Осы Швейцарияның өзінде исламға келгенде, атап айтқанда, хиджаб киюге рұқсат етілмейтіні жайында заңдар қабылданды.
Қазіргі күні Батыс Еуропа елдерінде «азаматтық интеграция» мәселесі жиі көтерілуде. Бұрынғы мәдени көптектілік турасындағы әңгіме бағыты ысырылып қалды. Дегенмен, оның Ұлттық азшылықтарды қорғау жөніндегі Еуропа конвенциясына қайшы келіп жатқанымен, әзірге ешкімнің ісі де жоқ тәрізді. Кім білген, бір кезде конвенцияны алға тартып, азшылықтардың өз құқықтарын қорғаймыз деп көшеге шығып, оның үлкен қозғалысқа айналып кетуі де әбден мүмкін. Себебі, осы қалыппен жүрсе, Еуропада «тазақандылардан» гөрі, «түрлі-түстілердің» саны жағынан үлкен басымдыққа ие болулары тек уақыттың ғана ісі.
***
Ежелден сан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер шиырлаған, ғасырлар көшінде солардың біразымен араласса да өз бітімін бүлдірмей, қазақтық рухын ту еткен, қонақжайлығы мен төзімділігі, көнтерілігі мен абыройын қолдан бермеген намыстылығы қатар жүрген халқымыз ХХІ ғасырға көне түркілік мәдениетті, қазақтың қанын алдына ту көтеріп жеткізген. Тарихи тағдыры көршілерімен тоқайласқан тұстар біздің бітімге де өзгерістер әкелді. Тілдік орта шұбарланып, ана тіліміз қала қазағының емес, дала қазағының ғана тілі болып қалған кездер болды.
Тәуелсіздік келді, ұлттық намыс оянып, ұлттық мерекелермен бірге, ұлттық сана, ұлттық дәстүр өзгеріске ұшыраған күйімен, бүгінгі заманға лайықталған бітімімен өмір сүріп жатыр. Кем-кетігіміз де, жетістігіміз де бар. Ең бастысы, ұлардай шулап, бітпейтін даудың етегінен ұстап, шаужайына жармасып, жағадан алып, көйлек жыртысқан халқымыз жоқ. Қазақстандық қалып, бір-бірінің мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, қолынан келсе бір-біріне көмектесуге әзір халқымыз бар.
Менің телеарнада бірге қызмет атқарған ұлты орыс құрбым бар. Қыз кезінде Алена Шмыглова болатын, қазір Нехорошева. Ол Торғай облысы тарап, өтпелі кезеңнің қиын күндерінде, 1996 жылы Мәскеуге қоныс аударды. Сонда тұрмысқа шықты. Бірақ Аленаның бір бүйрегі туған жеріне, Қазақстанына бұрып тұрады. Жылына әйтеуір бір рет Қазақстанға келіп, аунап-қунап, жылқының етін жеп, қымызын ішіп, ән-күйлерін тыңдап, бір жылға жетерлік қуат алдым деп кері қайтады. Былтырдан бері ол Братиславада тұрып жатыр. Өткенде Польшаға іссапарға барғанымда арнайы іздеп келіп, елдің жаңалығын, көзкөргендерді сұрап, барлығына дұғай-дұғай сәлемімді жеткіз деп қалды. Қалтафонына қоңырау түскенде ойнайтын сазы да қазақ әні. «Мұзарт» орындауындағы Алтынбек Қоразбаевтың Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Сағындым Алматым-ды» әні.
– Мен бұларға қазақша үйретіп жатырмын, мына ән ұнап, менен сұрап өздерінің телефонына жаздырап алған көршілерім де бар, алғашында олардың кейбіреуі қазақтар дегенді естімегендерін айтқан, қазір біліп жатыр. Наурызды қалай қарсы алатынымызды, қыз ұзату, құдалық атқару, тұсау кесу сынды ғұрыптарды айтып беріп едім, қандай мәдениетті халық дейді. Олар біздің етті жеп көрген жоқ қой, Қазақстан туристік бағыттарды ашқанда салт-дәстүрлер мен ғұрыптарды, ән-күйлер мен ұлттық тағамдарды ұмытпасыншы. Сол арқылы еуропалықтар да, басқа жұрт та қазақтың қандай жоғары мәдениеті бар екенін біледі. Анар, сен осыны жазуды ұмытпа, жалпы, еуропалықтар қазақтардан көп нәрсені үйренуі тиіс,–дейді Алена. Мен оған: «Алена, сен де айта жүр, Қазақстанда мультимәдениет деген ұғым жоқ, есесіне Қазақстан халқы Ассамблеясын, оның конституциялық құқығы барлығын, Ассамблеядан Парламентке депутаттар сайланатынын, көршің тек өз ұлтыңнан болсын деген ұғымның Қазақстанда мүлде жоқтығын да айта жүр»,– деп жатырмын.
Сөз жоқ, Қазақстанда туып, мемлекет құраушы ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, сыйласып өмір кешіп жүрген әрбір өзге түсті қазақстандық бойын осындай ілтипатты, ыстық сезімдер билейді. Бір-бірінің мәдениетіне құрметпен қарап, ортақ Отандарының өсіп-өркендеуіне, балаларының бақытты, баянды өмір сүруіне мүдделі. Сол сезіммен мемлекеттік тілді де үйреніп, ұлттық мәдениетке де, салт-дәстүр мен тұрмысына кірігіп кеткен, діліне енген қазақстандық ғұрыппен өмір кешуде. Ассимиляцияланған жоқ, бет-бейнесін сақтап, өз үнімен, бірақ туған жеріне, туған еліне деген жылы сезімімен, махаббатымен тыныстайды. Тек осы қалып ұзағынан сүйіндірсін дейік.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».