Тағайындау • 16 Ақпан, 2022

Алматы әкімінің орынбасары тағайындалды

1223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әсем Нүсіпова жаңа лауазымға ие болды. Енді ол Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқаратын болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әкімінің орынбасары тағайындалды

«Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Әсем Бекқызы Нүсіпова тағайындалды», делінген қала әкімдігінің хабарламасында.

Әсем Нүсіпова 1975 жылы 1 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша магистратура мен аспирантураны бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент қызметінен бастады. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы болып тағайындалды, 2002-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығы секторының меңгерушісі қызметін атқарды.

2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кеңесшісі, (қоса атқару бойынша) Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі ЕурАзЭҚ хатшылығы жанындағы ұйымдастыру-сараптама тобының кеңесшісі, сондай-ақ 2005 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, Премьер-Министр кеңесшілері тобының жетекшісі болды.

2006 жылы - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Жиынтық талдау бөлімінің меңгерушісі болған.

2007 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымын атқарып, кейіннен 2016 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болды.

2016-2019 жылдар аралығында Әсем Нүсіпова Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы лауазымында, соңғы атқарған лауазымы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі (2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы ақпанға дейін).