Қазақстан • 16 Ақпан, 2022

ҮЕҰ арналған гранттық қаржыландыру жүйесі өзгереді

654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау тетіктерінің дамуына түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҮЕҰ арналған гранттық қаржыландыру жүйесі өзгереді

Палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заңнаманы жетілдіру шеңберінде гранттық қаржыландыру жүйесін қайта форматтау және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігін енгізу ұсынылады.

«Гранттық қаржыландыруға келетін болсақ, грант жүйесінің келесі түрлерін енгізу қарастырылған: қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді жобалар. Бұл ретте гранттың түріне байланысты қаржыландыру көлемі, мерзімдері, ҮЕҰ-ның конкурсқа қатысу шарттары және есептілікке қойылатын талаптар айқындалады. Әрине, мұндай тәсіл гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетеді», деді Болат Тілепов.

Екіншіден, атап өтілгендей, өзекті бағыттар бойынша гранттарды жоспарлаудың жаңа форматын енгізу жоспарлануда. Бұл гранттарды халықтың қажеттіліктеріне тікелей бағыттайды. Бұл тетік «төменнен жоғары» тәсілін енгізуге мүмкіндік береді. Яғни, ҮЕҰ өз жобалары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге жедел ден қойып, уақытылы шешім қабылдайтын болады.

«Үшіншіден, гранттық саясатқа салалық тәсілді кеңейту үшін орталық мемлекеттік органдарға оператор арқылы гранттар беруге құзыреттер берілетін болады. Төртіншіден, гранттардың тиімділігін бағалау тетігін енгізу көзделген. Бұл үкіметтік емес ұйымдар қызметінің сапасын анықтауға, бюджет шығыстарының тиімділігін қадағалауға және гранттардың өміршеңдігін бағалауға мүмкіндік береді», деп толықтырды Болат Тілепов.