26 Наурыз, 2014

Қасіреттен құтқарған қайраткер

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Манатай ТолғанбаевӘлем жұртшылығы кешегі Кеңес Одағы тұсында Семей өңірін, Шыңғыстау жерін ядролық полигон алаңы ретінде ғана білді. Халық 40 жыл бойы мұнда не болып жатқанынан бейхабар еді. Кеңес Одағының басшылығы, әскерилері халықтың мұң-зарын ескермеді. Сондықтан, полигон жөнінде сөз қозғау үшін еріксіз өткен тарихқа үңілеміз. Ұлылар жерінің жарасына, елінің наласына айналған Семей сынақ полигонын құру туралы шешім КСРО Министрлер Кеңесі және Орталық партия комитетінің қаулысымен 1947 жылы қабылданды. Бұл – соғыс атаулыдан, ашаршылықтан кем емес бұрын-соңды болмаған зауал. Осыны аудан халқы бастан кешірді. Қаншама адам радиация салдарынан зардап шекті. Бүгінде менің жасымдағы адамдардан сол кезде сынақты өз көзімен көргендерден ешкім қалған жоқ. Ал полигон зардабынан тірі қалғандар мен олардың ұрпақтары түрлі жүрек-қан тамырлары ауруларымен, қан ауруымен, өз-өзіне қол жұмсау сынды дертке душар болды. Ең көп радиация алғандардың бірі – Саржал, Қайнар ауылдарының тұр­ғындары. Экологиялық апат 15 буынның өміріне зиян келтіретіндігі ғылыми түрде дәлелденді. Осының барлығы сол жылдары елді назаландырды. Адамдардың жүйкесіне жүк, санасына салмақ түсірді. Сондықтан полигонды жабу, жарылысты тоқтату мақсатындағы қозғалысқа бүкіл халық үн қосты. «Невада-Семей» қозғалысы арнайы қоғамдық ұйым ретінде мемле­кеттік тіркеуден өтті. «Жарылыс тоқта­­­тыл­сын!», «Полигон жабылсын!» деген жалынды ұран көтерілді. Әлемді «XXI ғасырды атом қаруынсыз бастайық!» деген үн шарлады. Осылайша «Невада-Семей» қозғалысы халықаралық деңгейге көтерілді. Халықтың нағыз қасіретті басынан кешіріп жатқанын жүрегімен түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен 1991 жылы Семей полигоны жабыл­ды. Бұл Жарлық мемлекетіміздің тәуел­сіздігі мен болашағы жолындағы Елба­сының қайраткерлігі мен батылдығын айқын­дайтын айтулы құжат болды. Өйткені, тарихи Жарлық шыққанда Кеңес Одағы әлі тарамай, Коммунистік партияның Орталық комитетінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған кез болатын. Осы қасіреттен халықты құтқарған Елбасы екендігінде дау жоқ. Полигон жабылғаннан кейін халықтық күрес тоқтаған жоқ. 1992 жылы Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заң қабылданды. Оған сол кездегі Т.Слямбеков, Қ.Есенғарин, М.Қорғанбаев сынды азаматтар зор еңбек сіңірді. Осы заңның қабылдануына біраз да болса атсалысқанымды ойласам, кеудемді қуаныш сезімі билейді. Әрине, бүгінгі күнде полигон зардабын шеккен азаматтарға тегін дәрігерлік көмек жасау, арнайы сауықтыру орталықтарына жіберу, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Себебі, кезінде сынақ алаңында, табиғатпен бірге сынаққа ұшыраған халықтың бойындағы радиация толық тазарған жоқ. Бүгінде біздің еліміз бүкіл әлем бойынша ядролық қаруға қарсы елдердің көшбасшысы ретінде жарқырап көрініп, батыл қадамдарымен көпке үлгі болуда. Елбасымыз әлемді ядролық қарусыз әлемге бастап келе жатқан тұлғаға айналды. Халқының қасіретін жанымен түсінетін, ұлт саулығына айрықша назар аударатын Елбасы Нұрсұлтан Назар­­­­­баев саясатының тереңіне үнемі үңіліп отырсақ, елдігіміз де еселене түседі. Манатай ТОЛҒАНБАЕВ, Абай ауданының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.