Қазақстан • 16 Ақпан, 2022

Қаңтар оқиғасы бойынша 2 565 қылмыстық іс тергелуде

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасына қатысы бар 271 адам күзетпен ұсталғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар оқиғасы бойынша 2 565 қылмыстық іс тергелуде

«Ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасын тергеу жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 565 қылмыстық іс бар. 271 адам күзетпен ұсталуда. Ұстау және бұлтартпау шарасын таңдау туралы барлық шешімдер қылмыстық процесс талаптарына сәйкес әрі міндетті түрде прокуратурамен келісу және сот санкциясымен қабылдануда», деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Санжар Әділовтың айтуынша, Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті ұсталған азаматтарға қатысты әрбір өтініш бойынша тексеру жүргізеді.

«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралды. Олар бойынша қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. 18 өтініш бойынша азаматтардан түсініктеме алынып, бейнежазбаларды зерттей отырып, қызметтік тексеру мұқият жүргізілді. Билікті асыра қолдану фактілері расталған жоқ», деп қосты Санжар Әділов.