Үкімет • 17 Ақпан, 2022

Шетел асқан қаражат қалай қайтарылады?

1338 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралды. Құжатты талқылау барысында депуттаттар шетелге заңсыз кеткен капиталды елге қайтару бойынша мәселе көтерген еді.

Шетел асқан қаражат қалай қайтарылады?

Жемқорлық туралы хабарлағандар заңмен қорғалады

«Президент шетелге заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Осы орайда, халқымыз нақты әрі қарқынды нәтиже күтіп отыр. Біріншіден, аталған заңда қандай нақты тетіктер бар? Екіншіден, шетелдегі қандай құзырлы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр? Үшінші және негізгісі, заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі қанша уақытқа созылуға мүмкін? Нақты нәтижелерді қашан көре аламыз?» деп сұрады депутат Ерлан Саиров.

Сауалға жауап берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, бұған дейін қолданыстағы заң бойынша қылмыстық іс қозғалуы керек болатын. «Оған (шетелдік құзырлы органдарға) құқықтық көмек беру үшін тапсырыс жіберуіміз керек. Екі жақпен, яғни тиісті елмен құқықтық келісім болуы қажет. Біз санкциялап, тиісті сұраныс жібереміз. Бұл тұрғыда шетелдегі құқық қорғау органдары заңсыз шығарылған мүлікті зерделейді. Осы орайда біздің сұраныс бойынша санкциялап, шектеу қойылуға тиіс. Бұдан кейін бүкіл дәлелдер берілген кезде, қаржының заңсыз әрі қылмыс жолымен алынғаны нақтылағанда, олар (шетелдіктер) бізге қылмыстық процес­пен толық қайтаруға мүмкіндігі бар», деді агенттік басшысы.

Марат Ахметжановтың сөзіне сенсек, жаңа құжатта негізсіз баю мәселесі енгізілген. Заң жобасы қабылданған соң қаражаттың қайдан келгенін түсін­діре алмаса, мұндай жағдайда құжатқа сіл­теме жасау арқылы актив­терді қайтаруға толық мүмкіндік туады. Сондай-ақ осы бағытта Бас проку­ра­тураның бастамасымен тиісті топтар құрылды. Оның өкілетті органы – Қар­жылық мониторинг агенттігі, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Осы жұмыс аясында заңға сәйкес тәсілдер ескерілген.

Бірінші оқылымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бұдан басқа да бірқатар мәселе ескерілген.

«Біріншісі – заңсыз баюға жауап­тылық қарастыру. Ұсынылып отырған норманы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің негізгі іргетасы деп атауға болады. Өйткені жасыратыны жоқ, жемқорлықтың арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріне мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сон­дық­тан азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет.

Осыған байланысты, қолданыстағы заңманамада көзделген 10 пайыздық жеке табыс салығынан басқа, мемлекеттік қыз­метшілердің жауапкершілігін кү­шей­ту ұсынылды. Атап айтқанда, шенеу­нік­тердің шығыстары мен табыс­тары­ның айырмашылығы 1000 айлық көр­сеткіштен асып түссе фискалдық санкция қаралады. Яғни айырмашы­лық сомасының 90 пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Бірақ әрбір жағдайда шығындардың заңды­лығын түсіндіруге бәріне мүм­кіндік бері­леді. Ал сол айырмашылық жыл­дық табыстан асып жатса және оның қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, ман­саптық жаза қаралады. Яғни мемле­кеттік қызметтен үш жылға теріс се­бептермен босатылады», деді Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Марат Ахметжанов.

Жалпы, негізсіз баю жауапкершілігін қарастыру – декларацияның қисынды жалғасы. Декларация тапсыру мерзімі кезеңдерге бөлінген. Бірінші кезеңде – мемлекеттік қызметшілер. Олар был­тыр кірістерін көрсетті. Енді табыс­тары мен шығыстарын салыстыру баста­лады. Екінші кезеңде, 2023-2024 жыл­дары – мемлекеттік мекемелер мен ква­зисектордың қызметкерлері, үшінші кезеңде, 2024-2025 жылдары – заңды тұлғалардың басшылары мен құрыл­тай­шылары, соңғы кезең 2025-2026 жылдары декларацияны қалған азаматттардың барлығы тапсырады. Содан кейін ғана барша халықтың активтері мен мүлкі туралы белгілі болады. Жауаптылық туралы норма қолданысқа енеді.

«Ұсынылған шара – халықаралық стандарт. БҰҰ Коррупцияға қарсы конвенциясының негізгі талабы. Ол Экономикалық даму ұйымы, ЭЫДҰ, Шығыс Еуропа, тіпті ТМД елдерінде де бар. Қазіргі таңда Қазақстан ГРЕКО ұйымының елуінші мүшесі атанды. Айта кетерлігі, бұл ұйымға бүкіл Еуропа елдері мен АҚШ кіреді. ГРЕКО-ның ұсы­ныстарын орындау жемқорлық үшін қыл­мыстық жауапкершілік туралы Еуропа кеңесінің конвенциясын ратифи­кациялауға жол ашады. Өз кезегінде, бұл Конвенция шетелдегі актив­терді елге қайтаруға ықпал етеді. Жалпы алғанда, бұл шара тек коррупция емес, көлеңкелі бизнес, жеке және басқа да қылмыс арқылы табылған жасырын активтерді анықтауға толық мүмкіндік береді. Ең бастысы, заңсыз қаражатты пайдалану мүмкіндігі болмағаннан кейін лас жолмен ақша табудың мәні қал­майды», деді М.Ахметжанов.

Заң жобасында қамтылған тағы бір мәселе – коррупция фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесін же­тілдіру. Бүгінгі таңда мемлекеттік қор­ғау тетіктері тек қылмыстық процес­ке қатысатын адамдарды ғана қор­ғайды.

«Жемқорлық туралы хабарлайтын адамдар қылмыстық процеспен қам­тылмауы мүмкін. Оған қоса, қорғау шарасы тек зорлық-зомбылық немесе күш қолдану қаупі болған кезде ғана қолданылады. Мысалы, заңнамада мұндай тұлғалардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қамтылмаған. Яғни жұмыс барысында қудалану тәуекелі бар. Осыған байланысты мынандай түзе­тулер ескеріліп отыр. Біріншісі –ха­бар­лаушылардың еңбек қатынастары сала­сындағы құқықтарын қорғау. Олар­ға қатысты тәртіптік шара қолдану мәсе­­лесін алқа отырысымен қарау мүм­кін­­дігін белгілеу. Бұл ретте, мұндай шешім әділ және ашық болу үшін мін­детті түрде отырысқа агенттіктің өкілі ша­қы­рылады. Екіншісі – коррупция тура­лы хабарлаған адам жөніндегі мәлі­­­метті құпия сақтау, ал оны жария еткені үшін қылмыстық жауап­кер­ші­лікті қарастыру. Аталған шаралар әшке­рел­еуші адамның құқықтарын қорғауға кепілдік береді», деп түйіндеді агенттік төрағасы.

Волонтерлерге артықшылық беріледі

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайы­рым­­дылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арнал­ған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Болат Тілепов осы саланы ынталандыруға бағытталған нормаларға тоқталды. «Бірінші, қайырымдылық және волон­терлік ұйымдары мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен пайдалануы үшін оларға сенімгерлік басқаруға беру туралы нормалар енгізілді. Екінші, қайырым­дылық субъектілерін ынталандыру мақ­сатында, оларға құрметті атақтар беру тетігі көзделген. Үшінші, қайырым­дылық саласындағы уәкілетті орган ұғымы енгізіліп отыр. Оның қыз­меті қайырымдылық саласындағы мем­ле­кеттік саясатты іске асыруға, салааралық үйлестіруді қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл­ды жақсартуға бағытталады. Төр­тінші, бизнесті волонтерлік пен қайы­рымдылыққа қатысуға ынталандыру үшін заң жобасына корпоративтік волон­терлік пен корпоративтік қайырым­дылықты регламенттейтін нормалар енгізілді. Сөз жоқ, бұл ірі мекемелердің корпоративтік жауапкершілігін арттыруға өз септігін тигізеді. Бесінші, ерік­тілерге азаматтық қызметке орналасу кезінде артықшылықтар беріледі. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерге, қазыналық кәсіпорындарға жұмысқа орналасу кезінде конкурстық комиссия кандидаттың волонтерлік тәжірибесін ескереді. Бұған ұқсас ынталандыру шаралары қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметке кіру кезінде қарастырылған», деді Б.Тілепов.

Ведомство өкілінің айтуынша, заңнаманы жетілдіру аясында гранттық қаржыландыру жүйесін қайта форматтау және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі – стратегиялық әріптестікті енгізу ұсынылады. «Гранттар жүйесінің градацияланған негізде келесі түрлерін енгізу көзделеді: қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді жобалар. Бұл ретте, гранттың түріне қарай қаржыландыру көлемі, мерзімі, ҮЕҰ-ның конкурсқа қатысу шарттары және есеп­тілікке қатысты талаптар айқында­лады. Бұл тәсіл гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетеді. Екінші, өзекті бағыттар бойынша гранттарды жос­парлаудың жаңа форматын енгізу көзделген. Бұл гранттарды халықтың қажеттіліктеріне тікелей бағыттайды. Аталған тетік «төменнен жоғарыға» тәсілі арқылы жүзеге асады. Яғни ҮЕҰ-лар өз жобалары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге шұғыл ден қойып, шешімдерді уақтылы қабылдауына мүмкінідк туады. Үшіншіден, гранттық саясаттың салалық тәсілін кеңейту үшін орталық мемлекеттік органдарға оператор арқылы гранттар ұсынуға құзыреттер беріледі. Төртіншіден, грант­тардың тиімділігін бағалау тетігін енгізу көзделген. Бұл үкіметтік емес ұйым­дардың қызмет сапасын анықтауға, бюджеттік шығындардың тиімді­лігін қадағалауға және гранттардың өміршеңдігін бағалауға мүмкіндік береді», деді Б.Тілепов.

Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау барысында шетелдік тәжірибе, атап айтқанда Ұлыбританияның үкіметтік емес ұйымдарының жұмысы негізге алынған. «Мемлекеттік органдар стратегиялық әріптестер пулын – бейінді және барлық жерде өкі­леттігі бар үкіметтік емес ұйым­дар қатарын қалыптастырады. Бұл қоғаммен байланыстарды жандан­дыруға, сұранысты реттеуге мүмкін­дік береді. «Стратегиялық әріптестіктің бағыттарын мемлекеттік органдар­дың ұсыныстары негізінде Үкімет айқындайды. Оны жүзеге асыру ми­нистрліктер деңгейінде және ұзақ­мерзімді негізде орындалады. Страте­гиялық серіктестерді мемлекеттік органдарда құрылатын арнайы комиссия конкурс арқылы анықтайды. Әр бағыт бойынша бір үкіметтік емес ұйым анықталады», деді Б.Тілепов.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңна­малық актілеріне қорғаныс өнер­кәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жұмысқа алынды.

Жиын соңында бірнеше депутат тиісті мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Арман Қожахметов Жезқазған өңірінің экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға кері әсері салдарынан сол маңдағы өңірді экологиялық дағдарыс жағдайы аймағы деп тану қажет. Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында депутат уәкілетті мемлекеттік органдар аталған проблеманы шешуден бас тартып, өңірдің көпжылдық қордаланған мәселелерге назар аудармайтынына алаңдады.

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында Екатерина Смышляева кейінгі кезде елдегі еңбек ұжымдары арасында митингілер мен ереуілдер саны артқанын атап өтті. «Еңбек қатынастары саласында жұмысшылардың, жұмыс берушілердің және мемлекеттің тиімді өзара іс-қимылын әлеуметтік серіктестік жүйесі қамтамасыз етуге тиіс еді. Бірақ қазіргі түрінде ол нәтиже бермей отыр», деді Е. Смышляева.

Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысына жолдаған сауалында баспана кезегінде тұрғандар саны артқанына тоқталды. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, 2018 жылдан бері кезекте тұрған адамдардың тізімі шамамен 130 мыңға көбейіп, 591 мың тіркелушіні құрап отыр. «Олардың саны Шым­кентте 14 мыңға өсіп, 48 442 адам болса, Алматы облысындағы үй кезегін күту­шілердің саны 17 мыңға өсіп, 59 067-ге жетті. Ал Түркістан облысында кезектегі сан 19 мыңға артты. Бұл цифр­лар тек өсумен, пәтер жалдаған отбасылар көшумен әлек», деді Е.Бейсенбаев.