42 900 000 000
Бұл Елбасымыздың тапсырмасы бойынша мұнайшылар қаласы – Жаңаөзеннің қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге 2010-2012 жылдарға бөлінген қаржы көлемі
Үкімет қаулысымен бекітілген Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарының аясында атқарылудағы ауқымды жұмыстармен танысып, өзендіктермен жиі кездесу облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қалыптасқан дағдысы.
Осы жылдың үш айында ғана 1705 адам жұмыспен қамтылыпты. Бұл өткен жылғыдан 2,1 есе көп. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруде банктер мен келісім-шартқа отыру өсе түскен. Қаланы сумен, жылумен, газбен жабдықтауды одан әрі ұлғайта түсудің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Қала жолдарын салу мен күрделі жөндеуге 500 млн.теңге қаралыпты. Кешенді жоспарға сай әлеуметтік сала үшін 12 нысан құрылысы басталмақшы. Сондай-ақ қаланы көріктендіру, көгалдандыруға бөлінген қаржы көлемі де өткен жылғыдан едәуір көбейтіліпті.
Жоламан БОШАЛАҚ,
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы.
139 000 000
Облыс орталығындағы “Автопарк” ЖШС осыншама қаржыға салонына 110 жолаушы ала алатын сыйымдылығы үлкен “ЛИАЗ” маркалы 15 автобус сатып алды.
Олардың әрқайсысы 9,2 миллион теңге тұрады. Бұл автобустар қаланың орталық көшелеріндегі бағыттарға жіберілді. Серіктестік тағы да сыйымдылығы үлкен Қытайда шығарылған 10 автобус әкелмек. Мұндай автобустардың бағыттарға шығарылуы жолаушыларға қолайлы және тасымал қызметінің сапасын арттыратын болады.
Ақтөбе қаласындағы жолаушылар тасымалын атқаратын іргелі кәсіпорын – “Автопарк” ЖШС жыл өткен сайын автобус паркін жаңартуға көңіл бөліп келеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
68 000 000
“Аврора Агро” шаруа қожалығындағы жақсы бастамаға осыншама теңгенің инвестициясы тартылған
Өңір халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету және экологиялық жағынан сапалы өнім өндіру күн тәртібіне өткір қойылып, нәтижесінде жылыжайлар қатары толығуда. Осы орайда Қарасай ауданы, Елтай селолық округіндегі “Аврора Агро” шаруа қожалығы бұдан бірер жыл бұрын 9900 шаршы метр аумақтың бір бөлігіне жоба бойынша 30 жылыжай салып, жұмысын бастаған еді. Биылғы ақпан айының соңында егілген қияр, қызанақ өнімдері маусым айының алғашқы онкүндігінде тұтынушы дастарханына түспек.
Шаруа қожалығы күн жылынған қазіргі кезде артық көшеттерді далаға, жылыжайдың екінші бөлігіне көшіре егіп, олардан өнім алуды қоңыр күзге дейін жалғастыруды көздеп отыр. Шаруашылықтағы қат-қабат әрекеттерді бастау мен дамытуға 68 млн. теңге инвестиция тартылып, қысқа мерзімде аталған бағыттардағы жұмыстардың тиянағы келтіріліпті. Қазір өндірістегі өнім көлемі 127,5 тоннаны құраған. Мұнда 40-қа жуық адам еңбек етіп, экологиялық жағынан таза өнімдерді тұтынушыға ұсыну жалғасуда.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.