Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі белгілі конькиші, Сочи Олимпиадасына қатысушы Роман Кречке берген уәдесін орындап, оған екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.
Мәселе мынада. Осының алдында облыс орталығының спортшы тұратын ауданындағы жер үйлердің бәрі бұзылып, оның орнына жаңа ғимараттар құрылысы жүргізілетін болып шешім қабылданған. Сондықтан Романға баспанасыз қалу қаупі төнген. Оның бұл уайымын естіген бұқаралық ақпарат құралдары сол бойда дабыл қақты. Сөйтсек, бұл жайдан облыс пен қала басшылығы да хабардар болып отыр екен. Олар спортшыны далада қалдырмаудың бар шарасын жасап, оған тез арада жаңа пәтер дайындап беруге қол жеткізді.
Спортшы пәтерге 22 наурыз күні келіп кірді. Шыны керек, Романның өзі дәл мереке күндері осындай қуанышқа кенелем деп ойламапты. «Пәтер маған ұнады. Барлығы да сапалы істелген. Бұл мен үшін үлкен тарту. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай зор көңіл бөлу мені жаңа жеңістерге жігерлендіреді», – деді Роман Креч.
Спортшыны құттықтауға осы үйде тұратын спортшы-достары – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Маргарита Мұқашева, Евгений мен Ирина Эктовтар, спорттық бағдарлау бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аслан Тоқбаев келді.
Айта кетерлігі, соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысының белгілі 6 спортшысына пәтерлер берілді, 42 спортшы өздерінің жетістіктері үшін облыс әкімінің стипендиясын алып отыр.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.