Президент • 17 Ақпан, 2022

Президент: Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз

432 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында қаңтар қасіреті кезінде билік неліктен интернетті бұғаттауға мәжбүр болғаны, қазақ журналисткасының бүгінгі деңгейі туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз

«Жалпы қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакуум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық. Бұл – әлемдік практика. Бірақ, басқа да ақпарат құралдарымыз бар ғой. Содырлар кейбір теле-радио арналардың ғимаратын өртеп, қиратты. Одан басқа ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратты. Ешқандай шектеу болған жоқ. 

Ал, баспасөз бостандығына келсек, бізде заң бойынша цензура жоқ. Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын. Осы орайда Н.Некрасовтың: «Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әрқайсымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз.

Қазақтың «Айтылған сөз – атылған оқ» деген даналығы бар. Осы ретте, өкінішке қарай, кейбір журналистер жалған ақпарат таратып, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істейді. Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық «соғыс» бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек», деді Президент мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде шектеулі адамдардың үстемдігі Қазақстанда шынайы бәсеке мен әділеттілікке кедергі келтіріп отырғанын да тіліне тиек етті.

«Олигополия – бұл экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі деген сөз. Бізде осындай үрдіс белең алуда, көпшілік, әсіресе, кәсіпкерлер оны жақсы біледі. Бұл шынайы бәсекеге, жалпы айтсақ, әділеттілікке кедергі болып отыр. Осы мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кетеді. Сондықтан менің басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын монополияны мейлінше жою. Одан біржола құтылған жөн. Бұл, әрине, оңай емес, бірақ міндетті түрде осы жұмысқа кірісуіміз керек. Басқа жол жоқ», деді Президент өз ойын түйіндеп.